Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы халыққа арнаған Жолдауында: "Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ. 2023 жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі. Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын-ала жасалады", - деп атап өткен болатын.
Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат беретін азаматтардың күн сайынғы «электрондық жаршысы» болып саналады. Нақтырақ айтқанда оны көрсетілетін мемлекеттік қызметтің проактивті форматының жаңа құралы деп атауға да болады. Яғни мемлекет ақпараттық жүйе арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады.
Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте үшінші мегаполисте осы бағытта атқарылған жұмыстардың барысы талқыланды.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдаудағы тапсырмасынан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан арнайы «Отбасының цифрлық картасы» дерекқоры әзірленген. Аталған дерекқорда отбасылардың әлеуметтік жағдайын 5 санатқа бөлген. Атап айтқанда: А санатындағы – әлеуметтік жағдайы жақсы 3,9%; В санатындағы – әлеуметтік жағдайы қанағаттанарлық 39,5%; С санатындағы – әлеуметтік жағдайы төмен 32,3%; Д санатындағы – әлеуметтік жағдайы дағдарыс 20,6%; Е санатындағы – әлеуметтік жағдайы мүшкіл 3,7%.
Министрліктің тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін Д және Е санатындағы азаматтардың үлесін 5% төмендету немесе Шымкент қаласы бойынша 79 850 отбасыға жеткізу жоспарланған. Отбасылық цифрлық картаның мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру.
Жиында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Е.Есқараев атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді және қалаға бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізу туралы баяндады. Қала бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 18,7 пайызға артып, 779,2 млрд теңгені құрады. Бюджеттің 51 пайызынан астамы әлеуметтік салаға бағытталған.
Өңірдегі халықтың табысын арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылданып, республикада алғашқылардың бірі болып 15 мыңға жуық бюджеттік қызметкерлердің жалақыларына қосымша 50 мың теңге үстемеақы тағайындалды.
Мемлекет басшысының бастамасымен «Халық қатысатын бюджет» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Биыл бұл бағытта 228 жобаға 5,8 млрд теңге қаралды. 2024 жылдың 9 айының қорытындысымен қаланың барлық макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамикалық өсім қалыптасты. Атап айтқанда, тұрғын үй алаңы – 38,8, құрылыс жұмыстары – 30,6, көлік қызметі – 26,8, сауда көлемі – 16,9, инвестиция –10,1, өнеркәсіп өнімі 2,0 пайызға артты.
Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында қазақстандықтарды сапалы баспанамен қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын кешенді жаңғырту бойынша бірқатар нақты міндеттер белгілеген болатын. Президент 2029 жылға дейін республика бойынша апатты жағдайдағы 1500 тұрғын үйді бұзып, иелеріне жаңа пәтер беруді тапсырды. Қазіргі уақытта мегаполисте 2 мыңнан астам көп қабатты тұрғын үй бар, оның 70 пайыздан астамының «жасы» 50 жылдан асады. Мегаполисте осындай «қартайған» үйлердің саны 130-дан асады. Оларды жаңарту кезек күттірмейтін міндет. Осыған орай, Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен қаланың тұрғын үйлерін жаңарту бағдарламасы аясында игі істер жүзеге асуда.
Республика күні қарсаңында мегаполистегі Shymkent Cіty шағын ауданында қала әкімі бағдарлама шеңберінде тұрғындарға пәтер кілттерін табыс етті. Шымкент қаласы әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда, айналма өткеліндегі тұрғын үйлердің бірі сүрілуге жататын нысандар тізіміне енгізілген. Бұл ғимарат 60 жылдан астам уақыт бұрын салынған және заманауи қауіпсіздік пен энергия тиімділігін арттыру талаптарына сәйкес келмейді. Мұндай үйлер тұрғындардың өміріне ғана емес, айналадағы инфрақұрылымға да қауіпті саналады. Бағдарлама шарты бойынша апатты үйлердің иелері жаңа ғимараттан көлемі мен бөлмелері бірдей пәтер алады. Тұрғындар есептегіштерге қосымша ақы төлемейді. Тұрғын үй заманауи талапқа сай әрленген.
Бағдарламаны іске асыру азаматтарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етуге, қаланың сәулеттік келбетін жасауға, экологиялық жағдайды жақсартуға, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді.