Шымкентте 2025 жылға дейін Президенттің тапсырмасы бойынша салынып жатқан «Жайлы мектеп" ұлттық жобасы шеңберінде 28 000 орындық 18 жаңа мектеп ашу жоспарлануда.
Жалпы алғанда биыл Шымкент қаласы құрылыс басқармасы тарапынан құны 163,07 млрд. тенгені құрайтын 114 жоба немесе 146 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 111-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалған 35 нысан келесі жылы аяқталады.
Таратып айтар болсақ, мегаполисте 96 көпқабатты тұрғын үйдің 66-сының құрылысы бітеді. Немесе құрылысы жүріп жатқан 5046 пәтердің 2 670-сы пайдалануға беріледі. Келесі жылдың наурызында 180 пәтерлі (14,0 мың шаршы метр) 2 тұрғын үйдің кілттері тапсырылады. Ал, 187,8 мың шаршы метр құрайтын 2376 пәтерлі 30 тұрғын үйдің (Ақжайық ш/а-9 үй, Бозарық ш/а – 5 үй, Тұран 23 орам – 16 үй) құрылысы 2025 жылға өтпелі.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 1900 пәтер сатып алуға бюджеттен 38,6 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде жастарға 900 пәтер, әлеуметтік осал топтарға 1000 пәтер нарықтан сатып алынады. Сонымен қатар, 100 көпқабатты тұрғын үйдің (Бозарық-4, Ақжайық-9, Тұран-87) жоблау-сметалық құжаты әзірленуде.
Шымкентте бұдан басқа да көптеген әлеуметтік нысандардың құрылысы қызу жүруде. Қалалық әкімдіктің таратқан мәліметіне қарағанда, соңғы үш айда Дендросаябақтың аумағында бірнеше көгалдандыру және инфрақұрылымдық жаңартулар жасалды. Ескі күзет бекеттері жаңартылып, олардың орнына төрт заманауи күзет үйі орнатылды. Бос жатқан аймақтар көгалдандырылып, 400 түп қарағай ағашы отырғызылды. Бұл аумақ автоматты суғару жүйесімен жабдықталып, ағаштардың үздіксіз суарылуына жағдай жасалған.
«Жайлы мектептерге» қайта оралсақ. Жоспарға сәйкес, мегаполисте 2023 жылы 12 мектептің құрылысы басталып, қазіргі таңда құрылыс қарқынды түрде жалғасуда. Республика күні қарсаңында екі «Жайлы мектептің» техникалық ашылуы өтті. Екі мектепте шәкірттер екінші тоқсанна бастап білім алуда. Жобаны іске асыруға жауапты «Samruk-Kazyna Construction» АҚ және мердігер мекемелер пайдалануға беру жұмыстарын жүргізуде.
2024 жылдың желтоқсанында Жаңатұрлан, Ұлағат, Тұран (саябақ), Нұршуақ (Достық), Ақжар, 276 орам, Тұран (28 орам), Бозарық және Нұртас аудандарында тағы 9 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, Таскен шағынауданындағы 1500 орындық мектептің ашылуы 2025 жылдың екінші тоқсанына белгіленген.