Алаяқтар айылын жимай тұр

Қысқаша

Алаяқтар айылын жимай тұр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазда өткен Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде құқық қорғау органдары мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратын құрылым екенін атап өтіп, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыспен күресу аса маңызды міндет екенін жеткізді.

image.png

Бұл ретте ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріліп, полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатқанын да айтып өтті. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жиын барысында қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – алаяқтық әрекеттерге де арнайы тоқталған болатын. «Қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде. Мысалы, жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар. Енді мемлекетіміз, яғни Сыртқы істер министрлігі оларға барынша көмектесуі қажет. Ал, Ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс. Әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешуіміз керек», – деді Президент жиында. 

Аталған өзекті мәселе бойынша құқық қорғау органдары тиісті жұмыстар атқаруда. Дегенмен интернет алаяқтары халықты алдау үшін әртүрлі айла-тәсілдерді кеңінен қолданып жүр. Елімізде жиі кездесіп жатқан алаяқтық әдістерінің қатарында банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде өздерін таныстырып, азаматтардың жеке мәліметтерін иемдену әрекеттері бар. Алаяқтар, мысалы, SIM-карта мерзімін ұзартуды сылтауратып, жеке деректерді алып, сол арқылы бөтен атқа онлайн несие рәсімдейді.

Алаяқтықтың тағы бір түрі – алдын ала төлем жасау арқылы интернет саудасы кезінде жоқ тауарды сатуды көздейтін схемалар. Олардың негізгі нысандары – Kolesa.kz, OLX.kz, Krisha.kz секілді платформалар мен Instagram желісіндегі жалған дүкендер. Алаяқтар азаматтарға тауарлық несиені төмен пайызбен ақшаға айналдыруды ұсыну арқылы да алдайды. Азаматтар өз атына рәсімделген тауарларды алаяқтарға беріп, алаяқтар тауарды сатып пайда көреді де, азаматтар қаржылық шығынға ұшырайды. Сондай-ақ, WhatsApp арқылы сілтемелер тарату тәсілі де кеңінен таралған. Вирустық сілтемелер арқылы алаяқтар қолданушылардың аккаунттарын бұзып, жақындарынан ақша сұрайтын жалған хабарламалар жібереді. Тіпті туыстарыңыздың дауысын өзгертіп, жол апаты немесе құқық қорғау органдарымен байланысты мәселелерге ұшырады деп, мәселені шешу үшін ақша талап ету жағдайлары да кездесуде.

2024 жылдың алғашқы 10 айының қорытындысы бойынша Шымкентте 686 интернет-алаяқтық қылмыс тіркеліп, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 146 іске азайған (2023 ж. – 786). Аяқталған істердің саны 210 болса, мерзімі үзілген істер саны 496-ны құрады (2023 ж. – 565). Қылмыстың ашылу пайызы – 29,7%. Бұл көрсеткіштер интернет-алаяқтық деңгейінің төмендегенін көрсетеді, дегенмен ашылу пайызы өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда айтарлықтай өзгерген жоқ. 2024 жылдың 10 айында интернет-алаяқтық әрекеттер нәтижесінде жалпы 1 миллиард 158 миллион 764 мың 171 теңге көлемінде экономикалық шығын келтірілген, оның ішінде 215 миллион 075 мың 583 теңге мемлекетке қайтарылды. Бұл бағытта қылмыстарды ашу және залалды өтеу мақсатында шаралар жалғасып, күш-жігер қосымша жұмсалуда.

Интернет-алаяқтыққа қарсы күресті жетілдіру және осы бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін өткен жылдың 6 маусымынан бастап «Киберпол» тобы құрылып, оның құрамына 11 тергеуші, 13 жедел уәкіл және 1 криминалист енгізілді. Топ мүшелері арнайы техникалық құралдармен (Айрис, Аргус, Скриптур, Блур, Кросс) қамтамасыз етілген, бұл құралдар қылмысты талдауды жеделдетіп, дәлдікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Цифрлық технологиялардың дамуы қылмыстық әрекеттердің де күрделене түсуіне әсер етіп, интернет алаяқтары азаматтардың қаражаттарын жымқыру үшін жаңа амалдарды қолданып келеді. Қазірдің өзінде алаяқтар қылмыстық жолмен табылған қаражаттарды ел тұрғындарының банктік карталарына аударып, оны банкоматтардан шештіру, кейін электронды ақшаға айналдыру тәсілдерін қолдануда. Ал соңғы уақытта олар қаражатты тікелей халықаралық криптовалюта биржаларына (Binance, Bybit, OKX) аудартып, осы қаражатты шетелдік шоттарға шығарып алуға көшуі жиіледі.

Алаяқтардың әрекетін тоқтату және алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары белсенді жұмыс атқаруда. Мәселен, аудандық құрылымдарға күнделікті алдын алу шараларын жүргізу тапсырылып, олардың нәтижесі қатаң бақылауға алынған. Сонымен қатар, 2024 жылдың 22 қазанынан бастап, «Шымкент реклама» ЖШС-ымен бірлесіп, қаланың барлық LED экрандарында күніне 300 рет «Тоқта, интернет-алаяқтық!» тақырыбында бейнероликтер көрсетілуде.

Әлеуметтік желілерде де ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізілуде: 600-ден астам ескерту суреті, 100-ден астам бейнеролик және 300-ден астам парақша жарияланды. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында 369 мақала жарық көріп, оның 12-сі республикалық басылымдарда жарияланған.