Жастар – жаңару жолында

Қысқаша

Жастар – жаңару жолында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған келелі мәселелер мен тың бастамалар, берілген тапсырмалар әлі күнге өз маңызын жоя қойған жоқ. 

image.png

Жаңа Қазақстан – бұл тек мемлекеттің жеке-дара дамуы ғана емес, онда өмір сүретін әрбір азаматтың дамуы, қолда бар мүмкіндіктерінің кеңеюі. Ал, бізге күш-қуат беретін, бірлік пен ынтымаққа шақыратын осы ұлы мұраттар – Жаңа Қазақстанның жаңару мен жаңғыру жолындағы басты бағыттары. Жуырда осы бағытты  ұстанған Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Ел – жаңару жолында» тақырыбында маңызды кездесу өткен болатын.  Айта кетейік, кездесуге Оңтүстік өңірінің танымал айтыскер ақындары Біржан Байтуов, Нұрғали Анапия, Қажымұқан Абзалов және жоғары оқу орны мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру орнының студенттері, Ұлттық ұлан 6506 әскери бөлімшесінің сарбаздары қатысты. Жиында отансүйгіштік, ұлттық құндылықтарды нығайту жолындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда жастарды шет қалдырмай, тәрбие ошақтарының барлық деңгейінде басты байлығымыз – егемендігімізді қадірлеу, оны сақтау мен ұлттық бірегейлікті нығайту, еліміздің жаңаруына бағытталған жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын түсіндіру қоғамдық өмірдің барлық саласына қатысты болуы қажеттігі айтылды. Іс-шараның да негізгі мақсаты – жастарды ұлттық құндылықтар мен мәдениетке баулу, олардың патриоттық рухын арттыру, ұлтшылдыққа негіздеу болатын. 

Кездесу барысында ақындар қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, әсіресе айтыс өнерінің жастар арасындағы рөлін кеңінен талқыға салды. Ұлттық рухани жаңғырудың жолдарын айтыс өнері арқылы насихаттап, қатысушылармен ой-пікір алмасты. Осы орайда айтыскер ақын Нұрғали Анапия қазақтың қара домбырасымен көрермен назарына арнауын жолдады. Сондай-ақ, кездесуде өнерлі жастар да бой көрсетті. Жоғарғы оқу орнының студенттері ән шырқаса, Ұлттық ұлан 6506 әскери бөлімінің сарбаздары патриоттық өлеңдерді жатқа оқыды. Ал, жиынға қатысушылар ақындардың өнерін тамашалап, жастарға үлгі болатын өнегелі ойларын тыңдады. Іс-шараның соңында қатысушылар мен айтыскерлер ашық сұхбат құрып, ұлттық өнердің қазіргі қоғамдағы орнын кеңінен талқылады. Аталған кездесу туралы айтыскер ақын Қажымұхан Абзалов өз парақшасында: «Жастармен ойдағы әңгімемізді ортаға салып, ел ісіне бірге араласуға шақырдық», деп жазды.

Айта кетейік, еліміздің мәдениеті мен тарихын жаңғырту мақсатында Шымкент қаласында көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қазақтың ұлы тұлғаларын, әдеби мұрасын, көне өнер түрлерін қайта жаңғырту, халыққа таныту, насихаттау жұмыстарының бәрі – Мемлекет басшысы айтқан жаңару мен жаңғырудың жемістері. Ел Президенті бастаған реформаторлық бағыт халықтың қолдауымен жаңа жетістіктерді бағындырарына сенім мол.