Халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайын жақсарту – мемлекеттің басты назарында. Әлемдік сарапшылар бақытты ел картинасын жасағанда елдегі халықтың табысын да есепке алатыны анық. Тұрғындардың тұрмысын жақсарту, өзекті мәселелерін шешуде кездесулер мен жеке қабылдаулардың алар орны ерекше.
Бұл бағыттағы шаралар үшінші мегаполисте жиі ұйымдастырылып отырады. Мысалы, жақында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева тұрғындарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдауын өткізген болатын. Басқарма басшысының бұл жолғы жеке қабылдауына алдын ала 10 адам жазылып, аталған кездесуге оның 6-уы қатысқан. Қалған тұрғындарға мамандар хабарласып, мәселесі жөнінде түсіндіру жұмысын жүргізген. Ж.Өтебаеваға ұсынысын жеткізген тұрғынның бірі – Фарида Бакибаева. «Арман әлемі» қауымдастығы атынан келген азаматша ерекше балаларға орталық ашу, арнайы мамандарды даярлау жөнінде жоспарымен бөлісті. Басқарма басшысы ерекше жандарға арналған орталықты іске қосу жөніндегі бекітілген тәртіпті түсіндіріп, алдағы уақытта ұсынысын заң шеңберінде қарастыратынын жеткізді. Қабылдауға қатысқан тұрғындардың басым бөлігі шипажайға жолдама кезегі бойынша шағымын жеткізді. Айта кетейік, қазіргі таңда зейнеткерлердің шипажайда сауықтыру емі үшін жолдама кезегі geo-shym.kz порталы арқылы автоматтандырылған. Кез келген зейнеткер кезек ретін үйден шықпай-ақ, ұялы телефоны арқылы бақылай алады. Бүгінде кезекке 26 мыңнан астам зейнеткер тіркелген. Жыл сайын қала мәслихатының шешімімен 5 мың зейнеткерге тегін жолдама беру қарастырылған. Одан бөлек, «Ізетті Зейнеткер» сауықтыру кешені жылына 2 мың зейнеткерге емдік-сауықтыру қызметін көрсетеді. Жанат Өмірсейітқызы зейнеткерлерге шипажайға жолдама кезегі жөнінде түсіндіріп берді. Мұнан өзге, қабылдауда мүгедектігі бар азаматты тұрақты жұмыспен қамту мәселесі де көтерілді. Бұл жөнінде басқарма басшысы тиісті сала мамандарына тапсырма жүктеді.