Басты ұстаным – өмір сүру деңгейін арттыру

Қысқаша

Басты ұстаным – өмір сүру деңгейін арттыру

Халықтың өмір сүру сапасын арттыру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың белгілеп берген тапсырмаларының ең бастысы саналады. Осы бағытта Шымкентте ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. 

image.png

Биылдың жеті айындағы көрсеткіш бойынша Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім бар. Қаланың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 11,6 пайызды құрап, республика бойынша алғашқы 3-орынға көтерілген (2023 жылдың тиісті кезеңінде – 6 орынды құраған). Қаладағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына байланысты, жергілікті бюджеттің түсімдері артқан. Биыл бюджет шығыстарының көлемі 764,0 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 107,0 млрд теңгеге көбейді. Ал, бюджет түсімдерінің көлемі 61 млрд теңгеге ұлғайып, 404 млрд теңгеге жетті. Бүгінгі таңда оның 272 млрд теңгесі түсіп, жоспар 19,8%-ға артығымен орындалды. Бюджет көлемі артуына байланысты халықтың табысын арттыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Биыл жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жалақысы төмен 15 мыңға жуық қызметкерге қосымша 50 мың теңге үстемақы тағайындалып, ең төменгі жалақы 140 мың теңгеге көтерілді. Оған жергілікті бюджеттен 8,1 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар, биылдан бастап кәсіпкерлікті дамытуға, кеңейтуге, қаржы айналымын ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беру мақсатында бөлшек салық мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді.

Айта кетері, Шымкент қалалық  әкімдігі халықпен кері байланыс орнатуда маңызды қадамдар жасауда. Тұрғындардың өз талап-тілектерін әкімдікке еркін жеткізуіне барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Халықтың жазған барлық өтініштерге жауаптар жазылып, оның орындалуы бойынша тиісті органдарға тапсырма беріліп жатыр.

Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, тұрғындар тарапынан көтерілген көптеген өзекті мәселелердің бірі көшелерді жарықтандыру. Әкім Ғабит Сыздықбековтың тапсырмасы бойынша бүгінде 1048 көшені жарықтандыру жұмысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта 823 көшеде жарық шамдары орнатылған. Жыл соңына дейін тағы 300 көше демеушілер есебінен жарықтандырылады. Бұл қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қажет.

Көп күттірмейтін мәселенің бірі – жол сапасы. Қазіргі жолдардың жайы өте өзекті екені жасырын емес. Түйткілді мәселені шешу бағытында Шымкент қаласында 25 шақырымға жуық жаңа жол салып, 345 көшені жөндеу жоспарланып отыр.

«Атқарылып жатқан ауқымды жұмыс өте көп. Қала басшысының негізгі ұстанымы- кез-келген жұмыста сапаға мән беру керектігі. Қазір қаланың дамуына демеушілер үлкен үлес қосып отыр.  Естеріңізге сала кетейік, Ғабит Сыздықбековтің мегаполиске басшы болып келгеніне бір жыл болды.  Әкім өзінің алдында тұрған басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін арттыру деп санайды. Сондықтан тұрғындар үшін жасалып жатқан барлық бастамалар әкімнің жеке бақылауында»,– делінген әкімдіктің таратқан ақпаратында.