«Shymkent Hub» – IT саласындағы тың қадам

Қысқаша

«Shymkent Hub» – IT саласындағы тың қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау шеңберінде «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркінің үлгісі бойынша еліміздің барлық өңірлерінде «ІТ Hub» ашу тапсырылған болатын.

image.png

Осыған орай,  Шымкент қаласының аумағында «Shymkent IT Hub» технологиялық паркін ашу жұмыстары жүргізіліп, ғимараты бекітіліп және технопаркке материалды техникалық базаны  жеке инвесторлар есебінен қаржыландырылды. Жуырда технологиялық парктің ашылу салтанаты өтті. Оған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев қатысты. Жаңа орталықтың басты мақсаты - технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, стартап-мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ IT-саласын және цифрлық білім беруді қолдау.

Ашылу барысында IT-стартаптар, IT-компаниялар, робототехника мектептері және Tech Orda бағдарламасына қатысатын жеке IT-мектептер, сондай-ақ Шымкент қаласының инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.

Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, «Shymkent Hub» өз кезегінде «Astana Hub» білім беру және инкубациялық бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған платформа ретінде қызмет атқарады. Бұл орталықта белсенді IT-қоғамдастықтың дамуына ықпал ететін түрлі іс-шаралар өткізіледі.

Стартап-жобаларды әзірлеу кезінде қатысушылар кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, инвестиция тарту, қаржылық есеп жүргізу және басқа да маңызды дағдыларды үйренеді.

Осы жерде айта кетері, Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының мәліметі бойынша бүгінде мегаполис мектептеріндегі интернеттің жылдамдығын 150 мб/сек дейін көтеру бағытында бірқатар жұмыстары атқарылуда. Қазіргі уақытта шаһар  аумағындағы 147 мектептегі интернет жылдамдығы 150 мб/сек көтерілді, оның 100 мб/сек оқу процесіне бағытталса, ал 50 мб/сек бейнебақылау және СОС батырмаларына арналған. 

Қосымша ағымдағы жылы қосымша 5 қоғамдық орындарға 15 wi-fi құрылғыларын орнатып, жалпы саны 70 wi-fi құрылғылары іске қосылды. Сонымен қатар талдау нәтижесі бойынша мобильді байланыс операторларымен бірлесе интернет сапасы төмен 42 нүктеге базалық станция орнату жұмыстары жоспарланып, 30 нүктеде базалық станция қолданысқа енгізілді.