Қайтарымсыз грант ал да, кәсіп баста

Қысқаша

Қайтарымсыз грант ал да, кәсіп баста

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шаралары артып, мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра беретінін айтқан болатын. Сондықтан елімізде көптеген мүмкіндіктер беріліп, мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа жұмыс орындары ашылуда. «Кәсіп түбі – нәсіп» демекші, қайтарымсыз мемлекеттік гранттың игілігін көптеген адамдар көріп, өз кәсіптерін ашып жатқанын естіп, көріп те жүрміз.

image.png

Мемлекеттік грант – бұл жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бастапқы капитал. Осы жоба бойынша жуырда Шымкент қаласында 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз гранттың екінші лек бойынша комиссия отырысы өз мәресіне жеткен болатын. Әлеуметтік осал топтардың бизнес-жобаларын қолдауға арналған қайтарымсыз қаржы комиссия өкілдері тарапынан жалпы саны 217 адамға мақұлданды. 

Ал жалпы екінші лек бойынша BUSINESS.ENBEK порталына 1294 адамнан өтінім келіп түскен. Өтінім беру үшін ең алдымен азаматтар бекітілген санаттар қатарында болуы тиіс. Олар – аталаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, көпбалалы отбасы (ең үлкен перзент 23 жастан аспаған), асыраушысынан айырылған жөнінде әлеуметтік төлем алушы отыбасылар, қолданыстағы қандастар, қоныс аударушылар (солтүстік өңірлерге) еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар азаматтар және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Комиссия құрамында қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары, қала мәслихатының депутаттары, қоғамдық бірлестік өкілдері, журналистер, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері және кәсіпкерлер болды. 

Комиссия мақұлдаған бизнес-жобалардың 19-ы мал және құс шаруашылығы, 49-ы қызмет көрсету салалары, 22 жоба кондитер және нан өнімдері, 44-і тігін, 16 жоба жартылай фабрикаттар, 5-і жиһаз өндірісі, 27 жоба өндіріс саласы және 35-і қоғамдық тамақтану орындары іске қосу жобасын құрады. Ал, санаттар бойынша атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасы – 5, 130-ы көпбалалы отбасы, 14-і асыраушысынан айырылып, бүгінде әлеуметтік төлем алып отырған отбасы, 31-і еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар азаматтар болса, 37-сі мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Бүгінде грант жеңімпаздары Еңбек мобильділігі орталығымен келісімшарт жасау үстінде. 

Айта кетсек, 400 айлық есептік көрсеткіш 1 476 800 теңгені құрайды. Қайтарымсыз грант қаржысын несиені өтеуге, жылжымайтын мүліктерді сатып алуға және акцизделетін өнімдерді өндіруге қолданылмайды.

Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Президент Жолдауында жастарды жан-жақты қолдау басты бағыттың бірі ретінде айрықша аталды. Мәселен, жастарға жаңа жұмыс орындарын ашудың тетіктерін ойластыру, қоғамдық негізде және жастар тәжірибесі бойынша қабылдаған адамдардың тұрақты жұмыспен орнығуына жағдай жасау қажетті қатаң тапсырылды. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асса, халықтың әлеуетін көтеруге септігін тигізері анық.