Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау үшін бірнеше тиімді тәсіл ұсынған еді. Бұл орайда бірнеше жылдан бері халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін арнайы әлеуметтік топтарға қайтарымсыз гранттар үлестіріліп келеді. Міне, осы Мемлекет басшысы бастамасының аясында, Шымкент қаласында қарқынды жұмыстар атқарылып, жеке кәсіп бастаймын деген жұртқа барлық мүмкіндік жасалып жатыр.
Жуырда Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева 2-лек бойынша қайтарымсыз грант иегерлерімен кездесіп, әңгімелесті. Аталған жиынға қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық басқармасы мен «Атамекен» ҰКП Шымкент қалалық филиалының өкілдері арнайы шақырылған болатын. Жиында ең алдымен басқарма басшысы 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грантты ұтқан иегерлерге өздері қорғаған бизнес-жобаларды жүзеге асыруы және әр тоқсан сайын Еңбек мобильділігіне есеп ұсынуы жайында түсіндіріп өтті. «Қала халқының экономикалық жағдайын жақсартуға, әлеуметтік әлсіз топтардың бизнес-жобаларын жүзеге асыруға, сол арқылы өз-өзін жұмыспен қамтып, жұмыс орындарын құру үшін қайтарымсыз грант жақсы мүмкіндік. Десе де, берілген қаржы мақсатты жұмсалмаса – мемлеткетке қайтарылатынын да ұмытпаған жөн. Енді сіздер әлеуметтік жағынан әлсіз топтар қатарындағы азаматтар емес, шағын кәсіпкерсіздер. Кәсіптеріңізді дөңгелетіп, әр тоқсан сайын Еңбек мобильділігі орталығына есептеріңізді тапсырып, салық төлемдерін төлеп отырсаңыздар бір жылдан кейін мемлекет тарапынан берілетін өзге де игіліктерге қол жеткізе аласыздар. Мәселен, 5 млн теңге көлеміндегі грант, ауыл шаруашылығы бағытын таңдағандарға сол саладағы субсидияны алуға болады. Ол үшін сіздер ұсынған жобаларыңызды мақсат жолында іске асыруларыңыз қажет», – деді Жанат Өмірсейітқызы.
Грант иегерлеріне әр тоқсан сайын есеп ұсынудың жолын Еңбек мобильділігі орталығы директордың орынбасары Бекболат Алиханов көрсетіп берді. Оның айтуынша, азаматтар қайтарымсыз грантқа өтінім берген кезде ұсынған бизнес-жобадағы көрсетілген заттарды ғана сатып алуы тиіс. Грант қаржысына сатып алынған әр зат фискальді түбіртектегі QR коды арқылы тексеріледі. Сонда түбіртектің шынайы немесе жалғандығы бірден анықталады екен.
Биылғы 2-лекте 217 үміткердің жобасына комиссия грант мақұлдаған болатын. Қазір грант иегерлеріне бекітілген төлемдер жүргізілу үстінде. Қайтарымсыз грант кредит төлемдерін төлеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға және акцизделетін өнімдерді өндіруге қаралмаған. Ескерте кететін жайт, әр тоқсан сайын Еңбек мобильділігі орталығындағы мониторинг бөлімінің мамандары қаржының мақсатты жұмсалуын бақылайды. Грант иегері қайтарымсыз қаржыны өзі ұсынған бизнес-жоба бойынша іске асырмаса, мемлекетке қайтарылады.
Еске сала кетейік, қайтарымсыз грант алу мүмкіндігіне еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында қол жетіп отыр. Ол жастарға, көпбалалы аналарға, аз қамтылған, мүгедек бала асырап отырған отбасыларға өздерін тұрақты табыспен қамтамасыз ету үшін көмек ретінде беріледі. Қайтарымсыз грант көлемі – 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 млн 225 мың теңге. Капиталды жаңа бизнесті бастауға немесе бар кәсіпті дамытуға жұмсауға болады. Грант қаражаты несие өтеуге, жер телімін сатып алуға берілмейді.