Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясындағы іс-шаралар Шымкент қаласында жалғасуда. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Экологиялық іс-шараларға қаланың шеткі аймақтарындағы елді мекендердің тұрғындары, Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері, аудан ардагерлері, «Жасыл ел» еңбек жасақтары, ерікті жастар қатысты. Іс-шараға қатысушылар Мемлекет басшысының экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі бастамасына жан-жақты қолдау көрсетіп, «Таза көше – Таза аула», «Бұлақ көрсең көзін аш», «Таза жағалау» ұранымен қала тұрғындары мен қонақтарына тазалық мәдениетін қалыптастыруды да насихаттады.
«Тазалық кісінің ішкі мәдениетінің, адамгершілігінің көрінісі деуге болады. Біз өзіміздің, өз үйіміздің ғана емес, тұрып жатқан жеріміздің, қаламыздың, туған жеріміздің таза болуына да баса мән беруге дағдылануымыз керек. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған «Таза Қазақстан» бағдарламасына жастардың белсенді түрде қатысып жатқанын көріп қуанып отырмын», - дейді Шымкент қаласы Тұран ауданындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Сатыбалды.
Жалпы бүгінде Шымкент қаласының тұрғындары «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының оң нәтиже көрсетіп жатқанын, тұрғындар арасында тазалық мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын, бұл бастаманың көпшілік ыстық ықыласпен қабылдап жатырғаны байқауға болады.
Осы орайда «Жасыл ел» штабының Қаратау ауданы бойынша үйлестірушісі Нұрлыислам Қуаныш: «Қоршаған ортаны, табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет. Сондықтан барша қала тұрғындары мен жастарды осы игілікті шараға үлес қосуға шақырамын», – дей келе күнделікті тұрмыстық қалдықтардан шыққан қоқыстардың қаланың экологиясына тигізер залалының орасан екенін атап өтті.
Жалпы қалада өткен тазалық іс-шарасына 23 техника, 1200-ден астам тұрғындар қатысып, 35 шақырымнан астам жол бойында тазалық жұмыстары мен 2 шағын аудандағы көп қабатты тұрғын үй аулалары, 2 гүлзар мен 1 елді мекен аумағы тазаланып, 76 тонна қоқыс шығарылды.
«Таза Қазақстан» аясындағы осындай шара Абай ауданына қарасты Жайлау шағын ауданында да ұйымдастырылды. «Таза көше» деп аталатын іс-шара барысында аудан тұрғындары, белсенді жастар мен «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері шағын аудандағы қараусыз қалған гүлзар мен оған іргелес аумақтарды және көше бойларын ретке келтіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шарада көше бойлары тазаланып, қоқыстар шығарылды, қураған ағаштар кесіліп, қоршаулар мен орындықтар сырланды.
Шымкент қаласы әкімдігінің қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы ұйымдастырған бұл шараның мақсаты – тұрғындарды қоршаған ортаға қатысты өзекті мәселелерді шешуге атсалысуға ынталандыр және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
«Бүгін сүйікті қаламыз Шымкенттің тазалығын сақтауға азғантай да болса үлес қосқанымызға қуаныштымыз. Егер әрбір азамат қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, жауапкершілікті сезіне білсе, Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асып, түпкі мақсатына жететініне сенеміз», - дейді қала тұрғыны, әділ билер кеңесінің төрайымы Орынша Тәжібаева.
Экологиялық іс-шараларға қаланың шеткі аймақтарындағы елді мекендердің тұрғындары, Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері, аудан ардагерлері, «Жасыл ел» еңбек жасақтары, ерікті жастар қатысты.
«Таза аула» шарасы Еңбекші ауданына қарасты «Бадам 1» шағын ауданында да ұйымдастырылды. Іс-шараға ауданның белсенді жастары, ауыл тұрғындары елді мекен аумағын тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстан тазартып, жол жиектеріндегі шөптерді орып, ағаш бұтақтарын тазалады. Аталған іс-шарадан кейін аулалардың өңі өзгеріп, айнала тазарып шыға келді. «Елімізде тыныштық пен тұрақтылық сақталып, халқымыздың әл-ауқаты да жақсарып келеді. Ендігі жерде біздің қоғамның экологиялық мәдениеті де өсуі тиіс. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы, міне, осы мақсатты көздейді. Сол себепті өзіміздің сүйікті қаламызды таза ұстауға атсалысу – әрбіріміздің азаматтық борышы деп білемін», – дейді Еңбекші ауданы, Бадам-1 ауылының төбе биі Тулеев Әмірхан ақсақал.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеріп, жас ұрпақты қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйретуді көздейді.