Солтүстікке көшемін дегендерге мемлекеттен берілетін қолдау көп

Қысқаша

Солтүстікке көшемін дегендерге мемлекеттен берілетін қолдау көп

Ел ішіндегі еңбек күшін салыстырмалы түрде теңестіру үшін Оңтүстік халқын Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының жүзеге асып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Осы орайда жуырда Шымкент қаласына Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облысының делегаттары келіп, тұрғындарға ерікті қоныс аударудың тәртібін түсіндірген болатын. 

image.png

Делегаттар Забадам, Қаратөбе және Базарқақпа елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, қоныс аудару жөніндегі өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап берді.  Жұмыс тобының жетекшісі, Павлодар облысы Еңбек мобильдігі орталығының директоры Меруерт Сейітбекқызы мегаполис тұрғындарына ерікті қоныс аударуға берілетін әлеуметтік көмектер мен солтүстіктегі өңірлердің гоеграфиялық орналасуы, әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері туралы баяндап берді. 

Тұрғындарды толғандырған ең көп сұрақтың бірі – баспанамен қамту төңірегінде болды. Делегаттар қоныс аударуға ниеттенген азамттарға мемлекет тарапынан берілетін үйлер, жалдамалы пәтерді субсидиялау және ұтқырлық сертификаты жөнінде түсіндірді. Ал, Еңбек мобильділігі орталығында өткен жиында аймақтың өзіндік ерекшеліктері, географиялық орналасуы, инфрақұрылымы, әлеуметтік қамту, кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсеу, жұмыспен қамту шараларына қатыстыру және мемлекеттен берілетін әлеуметтік төлемдер жайында кеңінен баяндалды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында елдегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Бұл орайда Павлодар облысынан келген делегаттар өңірде мал шаруашылығы жақсы дамығанын атап өтті. Бұл саланы қолға алуды ниеттенген азаматтарға жайылым жер мен асыл тұқымды мал басын көбейтуге жақсы жағдай жасалған. Одан бөлек, Солтүстік Қазақстанның топырағы құнарлы болғандықтан егіншілік, оның ішінде бақша өнімдері мен жылыжай шаруашылығын дамытуға да өте ыңғайлы. Мамандар ерікті түрде қоныс аударушылар мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекті көздеп емес, отансүйгіштік ұғымдарын алға тартса құба-құп екенін айтты. Өйткені жаңадан қоныс аударушылар іскерлік қабілетін іске салса, жаңадан бизнес-жобасын жүзеге асыруға бәсекесіз мүмкіндік бар. 

Солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасына қатысушы отбасылардың әр мүшесіне 70 АЕК-тен (258 440 теңге) бір реттік төлем жасалады. Қоныс аударушылар баспана алғанға дейінгі бір жыл бойы жалдамалы пәтердің құны да мемлекеттен субсидияланбақ. Бұл субсидияның ауылдық жер мен қала жағдайына байланысты қаржы мөлшерінде ерекшелік бар. Мәселен, қалада отбасы мүшелері 2-4 адам болса, 92 300 теңге төленеді. Ал, ауылдық жерлерде дәл осындай отбасыға 66 456 теңге беріледі. Одан бөлек қоныс аударушыларға жұмыспен қамту, қысқа мерзімді кәсіптік оқу және микрокредит беру жобалары қаралған. Бағдарламаға қатысушыларды баспанамен қамтуда «Экономикалық ұтқырлық сертификаты» бар. Яғни, қоныс аударушы жергілікті әкімдік тарапынан берілген баспананы құп көрмеген жағдайда осы сертификатты қолдана алады. Сертификат бағдарлама қатысушысына тұрғын үй құнының 50 пайыз мөлшерінде, бірақ 4 282 720 теңгеден (1160 АЕК) аспайтын мөлшерде беріледі. 

Айта кетейік, ерікті қоныс аударуға ниетті қала тұрғындары өзі тіркелген мекенжай бойынша аудандық мансап орталықтарынан толық мәлімет ала алады.