Мемлекет басшысы осыдан төрт жыл бұрын 2025 жылға дейін Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтуды тапсырған болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлы былтырғы жолдауында да осы мәселені қадап айтты. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу мақсатында бірқатар нақты шешімдер қабылдап, әрекеттер жасады. Бұл бағыт бойынша бүгінде күрделі мәселелер шешімін тауып келеді.
Бұл мәселені қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те күн тәртібінен түсірмей, Шымкент қаласының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту үшін жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг берген Шымкент қаласындағы 5 ауданның басшылары 2024 жылдың І жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы айтып, әр аудан ауыз сумен, көгілдір отынмен, электр қуатымен, сондай-ақ көшелердің қаншалықты жарықпен қамтылғандарына, инфрақұрылымына және тұрғындар қауіпсіздігіне тоқталып өтті.
Атап айтсақ, Шымкент қаласы әл-Фараби ауданындағы ауыз су мәселесі былтырғы жылы толығымен шешілген болатын. Негізінен әл-Фараби ауданының аумағы 19 880 га жерді құрайды, халық саны жалпы 234 857 адам. Бұл туралы әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тажибаев баяндаған болатын:
«Әл-Фараби ауданы қаламыздың орталық ауданы болғандықтан, инфрақұрылым жүйесіне кіретін ауыз су, табиғи газ және электр жарығымен 100% қамтылған. Аудан аумағында орналасқан 926 көпқабатты тұрғын үйлер 623 аулаға біріктірілген.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындардан түскен ұсыныстар бойынша 2024 жылы 70 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында абаттандыру және балалар ойын және спорт алаңшаларын орнату жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 1 млрд 717 971 510 теңге қаралған.
Аудан тұрғындарының көшелер мен жолдардағы қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы 118 көшені жарықтандыру жоспарланған. Сәйкесінше, биылғы жылдың қорытындысымен жарықтандырылатын көше саны 242-ні құрап, әлеуметтік маңызы бар нысандар толық қамтылады», - деді аудан әкімі М.Тәжібаев.
Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлер аулалары мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейберекет қоқыс тастау мәселесін алдын алу мақсатында цифрландыру басқармасы тарапынан 114 бейнекамера орнату жоспарланғанын айтып өтті. Одан бөлек аудан әкімі аудандағы даңғыл жолдар мен көшелердің жағдайына тоқталып өтті:
«Бүгінде әл-Фараби ауданы бойынша ұзындығы 260 шақырымды құрайтын 390 көше, даңғыл және өткелдер бар. 316 көшеде асфальт болса, 74 көше тас жолмен тұр. Жалпы, 2024 жылдың қорытындысымен 366 көше асфальтталып, жоспар 94 %-ға жетті.
Ауданның жергілікті тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру және сапалы жол салу және аудандық маңызы бар ішкі орамдық көшелерді де қамту мақсатында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 2024 жылы 38 көшеге асфальт жол салу жоспарлануда», - деді М.Абдимажидұлы.
Ал, 21 шағын аудан, нақтырақ айтсақ 220 мыңнан астам тұрғын 95,5 % сапалы ауыз сумен қамтылған. Бұл туралы Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков баяндады.
«Тұран ауданына қарасты елді мекендердің 95,5% сапалы ауыз сумен қамтылған. 2026 жылы 100% сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Ал, 85,7% табиғи газбен қамтылса, 95,2% электр қуатымен қамтылған. 2026 жылы табиғи газбен – 100%, 2025 жылы – 100% сапалы электр қуатымен қамту жоспарланған. Сондай-ақ, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші бүгінде 57,1% құрайды. 2025 жылы бұл көрсеткішті 60,2%-ға жеткізу жоспарға қойылған», - деді аудан әкімі Б.Әшірбеков.
Айта кетейік, 2024 жылы Тұран ауданында 42 көшеге, яғни, 34,8 шақырым жол салу жоспарланған еді. Нәтижесінде бүгінге дейін 16 көшеге асфальт төселген. Аудан әкімінің айтуынша сол көшелерді жарықтандыру шаралары да өз деңгейінде жүріп жатыр. Атап айтсақ, жоспарланған 200 көшеден бүгінде 80 көше жарықтандырылып үлгерген.
«2024 жылға 30 балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда, жұмыс барысында – 9 нысан, аяқталғаны – 2 нысан, 19 нысанға конкурс өткізілуде», - дейді Б.Айдарұлы.
Сондай-ақ 11 шағын ауданы бар Еңбекші ауданының халқы 97% ауыз сумен үлгерген. Одан бөлек, электр жарығымен 99,8%-ға, табиғи газбен 90,7%-ға, кәріз жүйесімен 41%-ға, асфальт жолмен 73,1%-ға қамтылған. Бұл туралы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек өзі баяндады.
«Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйелерін дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасымен бекітіліп, жұмыстар жүргізуде.
Еңбекші ауданының қазіргі таңда ауыз сумен қамту көрсеткіші 97%-ды құрайды. 2024 жылы Жастар көшесі мен «Қазығұрт» станция аумағындағы 102 абонентті және «Оңтүстік-Жаңақұрылыстағы» 989 абонентті сапалы ауыз сумен қамту мақсатында ЖСҚ әзірлеу жоспарланған.
Ал электр жарығы бойынша аудандағы 29 шағынаудан мен тұрғын алаптардың электр жүйесімен қамту көрсеткіші мемлекеттік 98,6%, жекеменшік жүйе 1,2%, ал, қамтылмаған 0,2% (жаңақұрылыс учаскелері) құраған», - деді аудан әкімі Д.Есілбек.
Бұдан бөлек аудан әкімі ауданның көшелері мен аулаларына жайына тоқталды.
«2024 жылы 47 көпқабатты үйдің аулаларын абаттандыру және жеке секторда 18 мекен-жайда кешенді балалар ойын алаңшасын орнату жоспарлануда. Қазіргі таңда 20 нысанда балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Қалған абаттандыруды қажет ететін 36 ауланы абаттандыру 2025 жылға жоспарлануда. Қазіргі таңда аудан аумағында 56 дана ашық спорт алаңшалары орналасқан.
2024 жылы 8 ашық спорт алаңшасын орнату жоспарлануда. 2 нысанда жұмыстар басталды. 6 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу іс-шарасы жүргізілуде. Ал Еңбекші ауданы әкімі аппараты тарапынан 2024 жылы 5 гүлзар салу жоспарлануда. Мердігер мекемелермен келісім шарттар түзіліп, жұмыстар қарқынды жүргізуде», - деді Д.Күздікбайұлы
213 мыңнан астам халқы бар Қаратау ауданының бүгінде ауыз сумен қамту көрсеткіші 98%-ды құрайды. Сайрам, Қызылсу тұрғын алаптары және Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумағы ауыз сумен қамтуды қажет етеді. 2023 жылы Сайрам, Қызылсу және Бозарық елді мекенінің жаңақұрылыс аумағында ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары басталған. Жұмыстар жылдың соңында аяқталады. Бұл жұмыстардың аяқталуына орай, ауыз сумен қамту көрсеткіші 100%-ға жетеді деп жоспарлап отыр. Бұл туралы Қаратау ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Бекназаров баяндады.
«Қазіргі таңда ауданды табиғи газбен қамту көрсеткіші 96% құрайды. Қамтуды қажет ететін елді мекендер: Тассай, Бозарық, Таскен, Қызылсу, Шапырашты, Өтеміс, Достық, Мәртөбе, Мирас елді мекендерінің жаңа құрылыс аумақтары.
Тассай тұрғын алабы, Бозарық саяжайы жаңқұрылыс аумағын табиғи газбен қамту жұмыстары жүруде. Жұмыстарды 2024 жылдың III тоқсанына дейін аяқтау жоспарланған. Аталған жұмыстардың аяқталуына орай, табиғи газбен қамту көрсеткіші 98% болады.
Қалған елді мекендердің жаңақұрылыс аумақтарын табиғи газбен қамту 2025 жылдың жоспарына енгізілген»,- деді Е. Бекназаров.
Одан бөлек аудандағы абаттандыру жұмыстары мен көшелердің жағдайына да тоқталып өтті.
«Аудан аумағында 603 көп қабатты үй 210 аулаға біріктірілген. 210 ауланың 189 ауласы абаттандырылған. 2024 жылы халық қатысатын бюджет жобасы аясында ағымдағы жылы 21 балалар ойын алаңы (көп қабатты үй аумағында 5 аула) мен 9 ашық спорт алаңшасын салу жоспарланған. 2025 жылдың соңына дейін көп қабатты үй аулаларын 100 % абаттандыру жоспарда.
Аудан аумағында жалпы 595 көше бар. Оның 125 көшесі жарықтандырылған. Қамту көрсеткіші 21 %. 2023 жылы аудан аумағындағы маңызға ие 19 көшені жарықтандыру жұмыстары атқарылса, тұрғындар тарапынан 18 көше жарықтандырылған”, - дейді Е.Нұрланұлы.
Сонымен қатар аудан аумағындағы су алу қаупі бар орындар мен ирригациялық арық салу бойынша жұмыстар бойынша аудан аумағында су басу және көлдеу қаупі бар 33 мекенжай анықталып, 2023 жылы 17 орынға ирригациялық арық жүйелерін салу жұмыстары жүргізілген екен. Ал, қалған 9 орынды 2025 жылы атқаруды жоспарлап отыр.
Ал, Абай ауданының тұрғындары ауыз су және электр жарығымен 100% қамтылған екен. Сонымен қатар ауданадағы кәріз жүйелерінің жағдайы туралы Абай ауданы әкімінің орынбасары Асылбекова Гүлнұр Нұрбекқызы баяндады.
«Абай ауданында 27 елді мекеннің бүгінгі таңда 7 елді мекені кәріз жүйесімен қамтылған. 2023 жылы 5 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
2025 жылға 8 нысанға құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Атап айтқанда: Жайлау, Қатын көпір, Тельман, Ақниет, Қызылжар, Жиделі, Батыс, Ынтымақ.
Нәтижесінде 2025 жылы Абай ауданында кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 18 пайыздан 55,5 пайызға дейін өседі», - деді аудан әкімінің орынбасары Г.Асылбкова.
Одан бөлек қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы жарықтандырылған көшелердің үлесін арттыру мақсатында 86 көшеге бюджеттік өтінім беріліп, 500,0 млн. теңге қаралғанын айтты.
«2024 жылы 491,2 млн. теңгеге 22 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 20 балалар алаңшасы және 2 спорт алаңшасы.
Халық қатысатын бюджет жобасы аясында 22 жоба оның ішінде, 20 балалар алаңшасы және 2 спрот алаңшасы салу жоспарланған.
Сонымен қатар, 15 мың шаршы метрге 22 көшеге, 15 шақырым аяқ жол салуға – 200 млн. теңге, бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Аудан аумағына 20 қоқыс алаңшасын орнату және орталық көшелерге 200 дана қоқыс жәшіктерін орнатуға – 66,3 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде», - деді Г.Нұрбекқызы.