Бай болу үшін кәсіп керек

Қысқаша

Бай болу үшін кәсіп керек

Елімізде кәсіпкерлік саласы өте нәзік салалардың бірі. Жасыратыны жоқ, о баста кәсібін дөңгелетіп ала жөнелгендер көп ұзамай түрлі кедергілерге ұшырап, шағын кәсіптерін көбінесе шатқаяқтатып алады. Яғни, бұл сала гүлге үнемі су құйып, күтім жасағандай үлкен қолдауды, демеуді қажет етеді деген сөз. Содан болар соңғы жылдары мемлекетіміз шағын бизнестің бағын ашатын түрлі жобаларға баса назар аударып келеді. Осы бір игі бастаманың арқасында әлеуметтік сала да бірыңғайға түсе бастаған сияқты. Мемлекет басшысынан бастап мән беріп отырған шағын бизнеске Шымкент қаласында да жағдайлар жасалып жатыр. Бүгінде Шымкентте өз кәсібін осы қайтарымсыз гранттар арқылы бастап, табысын тасқындатқан кәсіпкерлердің қарасы мол.

image.png

Мәселен, шымкенттік Динара Бабақулова бір жылдан бері асыл тұқымды бройлер балапандарын инкубаторда  өсіріп, етін саудалаумен айналысып келеді. Уақытында Динараның ұсынған бизнес-жобасы комиссияның шешімімен мақұлданып,  қайтарымсыз қаржыға ие болған болатын. Ол аталған кәсіпті ашу идеясының қалай келгенін, неден бастағанын, қайтарымсыз қаржыны қайда жұмсағанын айтты.

«Кәсіпті зерттеуге, үйренуге 70 жұмыртқаға арналған инкубатордың көмегі көп болды. Шаруашылықта тәжірибе жинаған соң кәсібімнің ауқымын кеңейтуді көздеп, қайтарымсыз грантқа өтінім жолдадым. Мақұлданған қаржыға сыйымдылығы 2200 жұмыртқаға арналған құрылғыны сатып алдық. 21 күннен кейін жаңа құрылғыға салынған жұмыртқадан алғашқы балапандар жарып шықты. Жартысын балапан күйінде сатып, қалғанын бірер ай көлемінде бағып, тамақтану орындарына саудалап отырмын», - дейді грант иегері Динара Мелісқызы. 

«Қалауын тапсаң қар жанар» дегендей, істің ебін таба білген іскер әйел жұмыртқа жарып шыққан күннен бастап, салмақ жинағанша ветеринарлармен кеңесіп уақытылы балапандарға қажетті екпе, дәрумендерін салдырып отырады екен.  Грант иегері бүгінгі таңда тез өсіп жетілетін, еті жұмсақ әрі дәмді бройлер тауықтарына сұраныс өте жоғары екенін айтады. Алдағы уақытта шаруашылықты кеңейтіп, мемлекеттік қолдаулар аясында ауқымды құс фермасын ашуды жоспарлауда.  

Айта кетейік, биыл Шымкентте 426 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Маусым айында комиссияның шешімімен 214 тұрғынға қайтарымсыз қаржы мақұлданды.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің даналық сөзінде «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген. Осыдан қаншама жыл бұрын айтылса да, бұл сөздің әлі сәні кеткен жоқ.

Қайтарымсыз грант – бұл жұмыссыз жүрген, алайда тың идеясы бар, кәсіп ашқысы келетін адам үшін ең тиімді жоба. Қарап тұрсақ, әлемнің  түкпір-түкпірі көзді-ашып жұмғанша даму сатысымен өрмелеп барады. Олардың идеясы да өте көп және қолдаушылары да көп. Тың идеясымен кәсіп бастап, әп-сәтте әлем нарығын жаулап алады. Сондықтан шет елдің өніміне тәуелді болмас үшін,  әр адам жұмыс істеп, кәсіп ашса, бізде әлем елдерінен қалыс қалмай, дамыған елдер қатарына қосыларымыз анық. Әрине, барлық адам бірдей емес, десек те арамызда «Жұмысы жоқ, кәсіпті қалай бастаймын? Қаражатты қайдан аламын?» деп түрлі сылтаумен кері шегінетіндер де табылады. Ендеше жұмыссыз адамдарға мемлекеттен қайтарымсыз грант арқылы бизнес бастауға мүмкіндіктер қарастырылғаны үнемі ойыңызда жүрсін дегіміз келеді.