«Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін. Өздеріңіз сияқты саналы ұл-қыздары бар Қазақстан өркениет көшінің басында болары сөзсіз»,--деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жстарға арнаған үндеуінде. Президенттің жастар тәрбиесіне қатысты берген тапсырмаларына байланысты бүгінде Шымкентте көптеген нысандар пайдалануға берілді. Солардың қатарына енді біраз жылдан бері Жастар орталығына айналдырамыз деген Фосфоршылар сарайы қосылып, жас ұрпақтың саулығы мен рухани дамуына қызмет ететін болады.
1975 жылы салынған Шымкенттегі әйгілі Фосфоршылар сарайының алдағы тағдыры белгілі болды. Белгілі болғанда бұл мәдениет сарайы ары қарай пайдалануға жарамсыз деген тиісті мекеме қорытындысына сай бұзылатын нысан қатарына жатқызылды. Бұл туралы арнайы брифингте Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Әйгерім Жұмағұлова айтып берді.
«Фосфоршылар сарайы өткен жылдың қараша айында коммуналдық қызмет орталығының меншігіне берілген болатын. Содан кейін оны қайта жаңғырту туралы шешім қабылданды. Ол жөнінде кезінде айтылған еді. Сол уақытта бұл іспен «Сәби» қайырымдылық қоры айналысады деген де ақпар жарияланған. Әрі қарай әлгі аталған қор ғимараттың беріктігін тексеру үшін сараптама тағайындайды. Сол сараптаманың шешімі енді шықты. Сараптама қорытындысы бойынша мәдениет сарайын сүріп тастау туралы шешім қабылданады. Себебі бұл нысанның қараусыз қалғанына он жылдай болды. Және де бұл ғимаратқа қоршау орнатылмады, ешқандай бақылау болмады. Соның кесірінен тонауға түсті. Тіпті негізгі ұстын бетонблоктардың ішіндегі арматурасына шейін тоналып кетті. Осының салдарынан бұл ғимаратты қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Соған байланысты сүру туралы шешім қабылданды. Бірақ та сыртқы келбеті сақтала отырып жаңадан сейсмикалық жағынан қауіпсіз мәдениет кешені бой көтеретін болады. Және де құрылыс жұмыстары осы алда келе жатқан қыркүйек айында басталып кетеді. Нысанның құрылысымен толықтай «Сәби» қайырымдылық қоры айналысады. Бюджеттен ешқандай ақша жаратылмайды. Жаңа жастар кешенінің құрылысы 1-2 жылда бітеді деген үміттеміз. Сондай-ақ кешенде бұрынғы мәдениет сарайында болған барлық қызметтер сақталады. Яғни балаларға, жасөспірімдерге, ересектерге арналған миды, дене физикасын, қолөнер шеберлігін дамытатын түрлі үйірме, секциялар жұмыс істейтін болады. Одан өзге Фосфоршылар сарайының айналасында саябақ, гүлзарлар пайда болады. Тек ағаштар егіліп қоймай, балалар ойнайтын, жасөспірімдер жаттығатын спорттық алаңшалар, субұрқақтар салынады. Бәрі де сол бұрынғы қалпына енеді. Соның нәтижесінде қалада тағы бір ауқымды демалыс орны бой көтереді» деді Ә.Жұмағұлова.
Осы жиынға қатысқан Шымкент қаласының 90 жастағы тұрғыны, Шымкент қаласының Құрметті азаматы, қала әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Өркен Әбдіреев ақсақал да осы мәселені талай жылдан бері көтеріп келе жатқанын баяндады. Осы проблемамен әкімдіктің талай есігін қағып, талай рет табалдырығын тоздырған. Қаншама рет бұқаралық ақпарат құралдарында сұхбат беріп, мақала жазған. Соның ішінде республикалық «Рейтинг» газеті де бар. Бұл басылым арқылы билік назарын осы мәселеге аударуға тырысқан. Фосфоршылар сарайы жабылғанына 15 шақты жыл өтсе, сол аралықтан осы күнге дейін қария газет, телевидениеге тыныштық бермей ауық-ауық қараусыз қалған мәдениет ошағының мәселесін қозғаған.
Қария бұл мәселе жаңа әкімнің күшімен шешілгенін айтады. Оның мәлімдеуінше әкіммен өткен бір жиналыста микрофонды алып, «Шымкентке жаны ашитын адам бар ма? Фосфоршылар сарайы қараусыз қалып тозып кетті» деп айтқан да теріс бұрылып кетіп қалған. Әкім бұл мәселеге бей-жай қарамай жиыннан кейін атамыздың қолынан ұстап, «көке, сағат екіде сарайға барыңыз, мен де барамын» депті. Сағат екіге жетпей қария сол жақта тұрған. Әкім де келеді. Қасында орынбасарлары, сала басшылары бар. Қария әкімге «Шымкент республикада ең дамыған қала болу керек. Халқы еңбекқор, жері кең, табиғаты жақсы. Адамдары инабатты, мұсылмангершілігі сақталған» дейді. Сол жолы әкім қарияға «Бәрі жақсы болады. Сарайды, оның айналасын бұрынғы қалпына келтіреміз» деп уәдесін береді. Екі күннен кейін Фосфоршылар сарайында сенбілік өтті. Оған мыңдаған адам қатысты. Техникалар дамыл таппай тонналап қоқыстарды шығарды. Бір жанында осыншама адам тоятындай қазан-қазан дәмдер пісіріледі.
Сондай-ақ Өркен ақсақал өз сұхбатында салынатын жаңа сарайдың сыртқы келбеті қазақы ой-өрнек нақышымен безендірілсе екен деген тілегін жеткізген болатын. Төрт бұрышты қаңқаны тұрғыза салуға болмайтынын, әдемі дизайнда болу керектігін айтты. Қазақы стильде болудың сырын түсіндірген қария біз ұлттық ерекшелігімізді сақтау керектігімізді мәлімдеді.
«Біздің оңтүстік өлкесінің топырағынан Өзбекәлі Жәнібековтей біртуар перзент шыққан. Оның ең үлкен екі еңбегін айтуға болады. 56 жыл Ресейде жатқан тайқазанды елге әкелген Өзбекәлі Жәнібеков. Екінші еңбегі Қазақстан орталық партия комитетінің идеология жағын басқарған секретарь болып істеді. Сол уақытта қазақтың жаңа жылы Наурыз деп Колбинге қолды қойдырып құжатты бекітіп берген адам. Ондай еңбекті ешкім істеген жоқ. Сондықтан біз оны сыйлауымыз керек. Ендеше жаңадан салынатын ғимаратқа Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Жастар кешені деп қойсақ жастарға тәрбиесі мол болар еді. Ол кісі Қазақстанның барлық жерін аралап шыққан адам. Ондай тұлға болмаған. Мен осы ұсынысты тастадым. Бірақ оны кейін көреміз деген жауап алдым басшылықтан. Екінші ұсынысым -- қаладағы теміржол вокзалының алдындағы дүңгіршектерді, монумент-сағатты алып тастап орнына Жұмабек Тәшеневтің ескерткішін қою керек дедім. Тәшенев деген кім? Қазақстанның жерін бөліске салуға ұмтылған Хрушевке қарсы шыққан адам. Жердің бүтіндігін сақтап қалған осы Жұмабек Тәшенев. Қазақстан жері талан-тараж болайын деп тұрған шақта КСРО-ның бас көсеміне қаймықпай қарсы шығу да үлкен ерлік. Сол уақытта Жұмабек Тәшенев өзін де, абыройын да ойлаған жоқ. Бар ойы қазақтың жерін бүтін күйінде сақтап қалуды ғана көкседі. Сол жолда бар мансабын, қызметін, дардай атағын құрбан етті. Кейін Хрущев ойы іске аспай қалған соң оны Шымкентке елеусіз қызметке ауыстырып жібереді. Бірақ ер тұлға оған арланбайды да. Ол үшін қазақтың жері бүтін күйінге сақталып қалуы маңызды еді. Сондықтан қала жұртшылығы осынау үлкен жобаға қолдау білдіруіміз керек. Шымкент қаласы көркейе берсін. Жаңа сарайға, саябаққа келіп демалатын жағдайға жетейік бәріміз» деп ақ батасын берді қария сөз соңында.
Соңғы 5 жылда Шымкентте ескі құрылыс нысандарының 7 қирау фактісі тіркелген. Қираудың соңғы фактісі Фосфоршылар мәдениет үйінде 2023 жылдың желтоқсан айында орын алған. Үш жас жігіт ішіне кірген кезде құрылыс сыр берген. Екеуі қашып үлгеріп, біреуі сол жерде қайтыс болған. Сондықтан қазіргі тұрған қалпында бұл қауіпті. Бұл туралы Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы айтып берді.
«Мұның алдында ғимараттың сенімділігі мен беріктігін тексеру жүргізілген болатын. Тексеру қорытындысында күрделі жөндеу жүргізуге ешқандай мүмкін емес деген шешім қабылданды. Ол шешімді шығарған мамандандырылған арнайы мекеме болатын. Енді аталған ғимаратты толығымен бұзып, тарихи келбетін сақтай отырып дәл осы орынға жаңа мәдениет сарайын салу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде маңайдағы қала тұрғындарына жақсы болды, екіншіден оқыс оқиғалардың қайталанбайтынына кепіл болды» дейді Е. Отарғалымұлы.
Департамент өкілінің мәлімдеуінше мегаполисте апатты деп танылған 107 нысан бар. Барлығы да бақылауда. Құзырлы органдар тарапынан оларды нығайту, қалпына келтіру жұмыстары жоспарға сәйкес қарастырылған. Шымкент сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Сондықтан құрылыс нысандарының сейсмикалық беріктігі өте маңызды. 2024-2028 жылдарға арналған бағдарламаға сәйкес жер қыртысын зерттеу, үлкен ғимараттардың жер сілкінісіне беріктігін сақтау бойынша жұмыстар белгіленген. Апатты ғимараттар мамандандырылған мекеменің қорытындысына сәйкес есепке алынады. Фосфоршылар сарайына да солар зерттеу жүргізген болатын. Соның нәтижесінде жоғарыда айтқанымыздай, бұл ғимарат апатты деп танылып, күрделі жөндеуге жатпайды деген шешім қабылданған.
Еркін Отарғалымұлының айтуынша 1975 жылы салынған Фосфоршылар сарайы соңғы он жылда мүлдем қараусыз қалғандықтан үйсіз қаңғыбастардың, түрлі қызық іздеген балалар мен жасөспірімдердің паналайтын мекеніне айналған. Жабайы ит мысық та осы маңда. Ал жалпы кез келген ғимараттың белгілі бір мерзімге арналған пайдалану уақыты бар. Егер оны күтіп ұстаса, ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырса, ғимараттың пайдалану мерзімі де ұзара береді. Алайда Фосфоршылар сарайына мұндай жөндеу жұмыстары жүргізілмей, керісінше негізгі ұстаушы темірбетон блоктарына зақым келгендіктен ол қайта жаңғыртуға да пайдалануға да мүлдем жарамай тұр.