Мегаполистің инфрақұрылымы дамып келеді

Қысқаша

Мегаполистің инфрақұрылымы дамып келеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі Жолдауында  денсаулық кепілі – дене шынықтыру екендігін алға тартып, жұртшылықтың  және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін, жергілікті әкімдердің спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиістігін атап өткен болатын. Шымкенте осыған қатысты спорттық инфрақұрылым дамып келеді.  Үшінші мегаполисте сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес интернет пен жолдың сапасы да жақсарып, биыл президенттің бастамасымен салынып жатқан «Жайлы мектептердің» 6-ауы пайдалануға беріледі. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.   

image.png

Қазіргі таңда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің басшылығымен азаматтардың салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен жүйелі айналысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Мегаполис басшысының тапсырмасы бойынша Нұрсәт шағынауданындағы саябаққа 830 метрден асатын жаңа жүгіру жолы төселді. Арнайы резеңке жабын белсенді өмір салтын ұстанатын тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз.

Жоба халықтың қолжетімді және заманауи спорт инфрақұрылымына сұранысы негізінде жергілікті бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылды. Аудан тұрғындарының саябақта серуендеп қана қоймай, салауатты өмір салтына сай таңертең және кешке жүгіруіне де мүмкіндік жасалды. 

Айта кетейік, Президент Жолдауында қамтылған стратегиялық міндеттер мен Шымкент қаласы әкімдігінің бастамалары спорт инфрақұрылымын дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруда қолайлы жағдай жасауға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Шымкент қаласында сондай-ақ,  жол сапасын жақсарту және тұрғындардың көлік қатынастарын жеңілдету мақсатында 300 көшеде жөндеу жұмыстары қарқынды түрде іске асуда. Қазіргі уақытта қала аумағындағы көшелердің шұңқырлары жамалып, күтіп ұстау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша, бригадалар бірінші кезекте көліктердің қауіпсіздігіне әсер ететін орталық магистрал және ішкі орам көшелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, жол қозғалысына қолайлы болу үшін жоспарланған 400 қалқымалы қақпақшаның жартысынан астамы орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар Еңбекші ауданында 60-тан астам көшеде атқарылды. Қаратау ауданындағы Қайтпас және Бозарық елдімекендерінде, Абай ауданындағы Достық, Самал-2,3 елдімекендерінде және Әл-Фараби ауданының Сәуле елдімекенінде жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Тұран ауданының Қазығұрт елдімекенінде 20-дан астам көше жөндеуден өтті. Бұл көшелердің қатарында Оңдасынов, Жандарбеков, Мақталы, Отырар, Ақжар, Мамина-Сибиряка, Алтын сақа, Үсенов, Қожанова және басқа да көшелер бар.

Алдағы уақытта жергілікті тұрғындардың өтініштері бойынша жөндеу жұмыстары жалғасатын болады. Бұл шаралар қаланың инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталған.

Жол  жөндеу жұмыстары қаланың көлік инфрақұрылымын жаңартып, тұрғындарға ыңғайлы және қауіпсіз жол қатынасын қамтамасыз етуге зор үлес қосады. Жолдардың сапасын арттыру және инфрақұрылымды жақсарту қаланың дамуына үлкен әсер етеді, әрі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырады. Жол жөндеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, қала тұрғындарының сұраныстары мен қажеттіліктеріне сәйкес жүзеге асырылатын болады.

Шымкентте халықтың сапалы интернетпен қамту шаралары да белсенді жүргізілуде. Қалалық цифрландыру басқармасының қолдауымен және жеке инвестор FISHNET компаниясының қатысуымен Самал-2, Наурыз шағынаудандары талшықты оптикалық интернет желісімен қамтылды.

Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов Наурыз шағынауданы тұрғындарымен кездесіп, жоғары жылдамдықты интернеттің сапасын тексерді және атқарылып жатқан жұмыстардың барысын түсіндірді. Жоспарға сәйкес, Самал-2, Наурыз және Асар-2 шағынаудандары кең жолақты, талшықты оптика желісімен қамтамасыз етілуде. Жұмыстарды жүзеге асырушы– FISHNET компаниясы.

2024 жылдың соңына дейін 20 елді мекенді интернет желісімен қамту жоспарланып отыр. Жалпы, Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің басым бөлігіне жоспар бойынша орындалды. 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекенді толық қамту көзделуде.

FISHNET компаниясының өкілі Нұржан Алматовтың айтуынша, интернет орнату тегін жүзеге асырылады, ал тұрғындар тарифті өздері таңдай алады. Қазіргі уақытта Наурыз шағынауданында 150 абонент жаңа желіге қосылған.

Өткен жылы 20 елді мекенге оптикалық желіні тарту бойынша жеке инвесторлармен меморандумға қол қойылған болатын. Келісімге сәйкес, 2023-2025 жылдары аралығында тұрғын алаптардың тізімі және мерзімдері анықталды.

Бұл бастама Шымкент қаласының цифрлық инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындарға сапалы интернет қызметтерін ұсынуға бағытталған. Қала басшылығы мен инвесторлар қаланың цифрландыру жұмыстарын жалғастыра отырып, тұрғындарға заманауи және қолжетімді интернет қызметін ұсынуға ұмтылуда.

Сондай-ақ, Шымкент қалалық әкімдігі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында мегаполисте 2025 жылға дейін 28 мың орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарланғанын мәлім етті. 2023 жылы 17 300 орындық 12 ғимаратты салуға республикалық бюджеттен тиісті қаражат қаралған.  Бүгінгі таңда қаладағы 275 мектепте 259 173 оқушы білім алуда (мемлекеттік - 150 мектеп, 206 286 оқушы, жекеменшік – 125 мектеп, 52 887 оқушы).

2024-2025 жылдарға жоспарланған 6 мектеп қатарына:

1. Достық шағын ауданында 2000 орындық мектеп;

2. Бозарық-3 шағын ауданында 2000 орындық мектеп;

3. Асар-2 шағын ауданында 1 500 орындық мектеп;

4. Шым-Сити шағын ауданында 2 000 орындық мектеп;

5. Ш.Қалдаяқов көшесі бойында 1 500 орындық мектеп;

6. Пахтакор шағын ауданында 2 000 орындық мектеп;

Жобада жайлы мектептің ерекшеліктері бекітілген. Бастауыш және жоғарғы сыныптарға арналған ғимараттың жеке блоктарының болуы, пәндік кабинеттердің толық жиынтығы, еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар, жабдықталған спорт зал мен асханалар және арнайы талаптарға сай қауіпсіздік жүйелері қамтылған. Мектеп ғимараттары террористік қауіптердің алдын алу үшін бейнебақылау және дыбыстық ескерту жүйелерімен, сондай-ақ есік пен блокты құлыптау функциясымен жабдықталады. Оқушылардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін бастауыш және жоғары сынып оқушыларына спорт залдары мен түрлі ойын алаңдары салынады. Әр мектепте өз кітапханасы, оқу залы, электронды кітапхана және әр қабатта коворкинг алаңдары болады. Техникалық жарақтандыру үлесі қарапайым мектептермен салыстырғанда 4 есеге артады. Ал ауданы 15-20 пайызға кең болады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті орта (пандустар, кең есіктер, бөлек дәретхана, лифтілер), озық қауіпсіздік әрі бақылау-өткізу жүйелері қарастырылған.