Жастар мерекесі 10 күн тойланды

Қысқаша

Жастар мерекесі 10 күн тойланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашақта қандай ел болары өскелең ұрпақтың қолында екенін айтқан болатын. Президенттің айтуынша, елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформа қоғамдық сананың түбегейлі өзгерісіне ұласуы керек. 

image.png

«Мен бұған дейін Адал азамат ұғымын ұсындым. Осы орайда жастарымызға арнайы үндеу жолдағым келеді. Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен, сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жалғастыратын да – сіздер», - Мемлекет басшысы. 

Бүгінде еліміздегі әрбір үшінші тұрғын «жастар» санатына жатады екен. Қазақстанда «жастар» санаты кеңейіп, қазір 14 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар «жастар» болып саналады. Осылайша жастар ел халқының 30 пайызға жуық үлесін алып отыр.

Жастар – елдің белсенді буын өкілдері. Қарап тұрсаңыз, жастар өмірдің қозғаушы күші іспетті. «Ел болам десең бесігіңді түзе» дегендей болашағын ойлаған мемлекет бүгінгі жастардың жағдайын тасада қалдырмаса керек.

12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Бұл мерекеде жыл сайын Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен жер жерде түрлі іс-шаралар қолға алынады. Осылайша әлем халықтарының жастары бұл күні ерекше атап өтуді жөн көреді. Бұл мерекені Шымкент жастары да дүркіретіп атап өтті. 

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова өткен айдың соңында «Жастармен бірге!» жастар күні шеңберінде өтетін онкүндік жоспарын баяндап, брифинг өткізген болатын. 

3-12 тамыз аралығында өткен әр күн нақты атаумен бекітілген. Осы ретте мереке аясында түрлі ағартушылық іс-шаралар, көрмелер мен флешмобтар ұйымдастырылды. Жастар қоғамның барлық саласынан көрініп, белсенділіктерін көрсетті.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында экологиялық мәдениетті дамыту, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру мақсатында «Jasyl Marathon'24» экоплоггинг ұйымдастырылып, қаламыздағы Қошқар-Ата мен Бадам өзендерінің бойларында, тарихи-мәдени объектілер мен ескерткіштердің аумақтарына тазалық жұмыстары жүргізілді. Жалпы, қаламыздағы барлық сенбіліктерге, тазалық науқандарына қала жастары белсенді қатысуда. Экологиялық жағдайды жақсартуға және жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартуға бағытталған бүкіл республикалық «Жасыл ел» жастар жасағы құрылып, басрлық науқандарға белсенді қатысып жүр. Сонымен қатар, «Денсаулық – зор байлық» күні аясында денсаулыққа жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жастар денсаулық орталықтарында ашық есік күні ұйымдастырылып, офтальмолог, эндокринолог, кардиолог, хирург/травматолог, гинеколог, окулист, невропотолог және стоматолог сынды бірнеше дәрігерлерден тегін кеңес алып, тексеруден өтетін болады. Сонымен қатар «Өзгеге өмір сыйла» деген ұранмен қан тапсыру жоспарланып, 60-қа жуық қаланың ерікті жастары қан тапсыруға өтініш білдірген. Жастар келешегіміздің негізі ретінде білімділігімен, жасампаз еңбегімен, күш-жігерімен өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктерін иеленуі қажет. Алдағы уақытта жастардың ғылым-білімге негізделген жобалары қолдау тауып, игі бастамалары өз жалғасын табатынына сенімдіміз», - дейді Айгерім Абдуохапқызы.

Он күндік тақырыптары ауқымды екен. Қала жастарының арасында білім құндылықтарын, зияткерлікті дамыту, ғылымды зерделеу ету мақсатында OTYRAR ТК-да "ОЙғаБАЙ Show" зияткерлік-ойын-сауық бағдарламасы да осы он күндік аясында өткізілді.

«Мейірімділік мекені» күні аясында қайырымдылықты қолдау, өзара көмек және әлеуметтік жауапкершілік идеяларын ілгерілету мақсатында Қарттар үйінде 7-тамыз күні концерттік бағдарлама өтті.

Ал, 8-тамыз – «Адал Азамат» күні аясында жастардың коммуникациялық дағдыларын дамыту, инновациялық әлеуетті қолдау мақсатында «Қазақстан жастары» қоғамдық пікірін өлшеу қорытындыларын таныстыру форматындағы сараптамалық пікірталас, жастарға мотивациялық кездесулер болып өтті.

Іс-шаралар тізімінде жастардың басты мәселесі жұмыссыздық та тасада қалмапты. 

9-тамыз күні «Еңбек бәрін де жеңбек» күні аясында "Enbek Fest' 24" жастар бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

10-тамыз «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атауымен ұлттық тарих пен мәдениетті насихаттау, ұлттық сананы нығайту мақсатында әлеуметтік желілерде челлендждер өткізілді. Сондай-ақ, нашақорлықтың, лудоманияның және вандализмнің таралуының алдын алу мақсатында «Qorqan’24» жастардың ақпараттық рейді өтті.

Бұдан бөлек «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Орталық саябақта, жастар арасында «Just quiz» интеллектуалды сайысы өтті. 

Сайыстың мақсаты – қала жастарының зияткерлік қабілеттері мен білімін шыңдау, ой-өрісін дамыту, әдет-ғұрып, ғылым, өнер, әдеби мұраларды насихаттау, ұжыммен жұмыс жасау дағдыларын арттыру, сондай-ақ, ана тілімізді, ұлттық құндылықтарымызды арттыру, зияткер ортаға үлес қосу, жастардың танымын арттыруға, ізденуге, алған ақпаратты қысқа уақыт ішінде сараптан өткізуге, қисынды ойлауға баулу болатын. Ұйымдастырушылар дегеніне жетті десек болады. Сайыс өте қызықты, тартысты өтті. Дегенмен, жаз мезгілі болғандықтан жастарды жинау оңайға соқпады дейді ұйымдастырушылар. 

«Зияткерлік сайыста бәсекеге түсетін әрбір команда өз ортасында топ жарған білімді жастар. Сәттілік серіктеріңіз болғай! Алдағы уақытта осындай жастардың басын қосатын көшбасшы, интеллектуалды ойындарға қатысуына ықпалдасып, үлгі болыңыздар. Жастардың таным-көзқарас көкжиегін кеңейтетін іс-шаралар легі толыса берсін», - деді Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының басшысы Марат Спатаев.

«Just quiz» интеллектуалды сайыста жастар 4 топқа бөлініп, түрлі логикалық сұрақтарға жауап беріп, сондай-ақ қызықты кезеңдерде бақ сынасты. Әр кезеңде топтар ұпай жинап, соңында қорытынды ұпай саны жарияланып, жеңімпаз топтар арнайы алғыс хаттар мен сыйлықпен марапатталды. Он күндік 12-тамыз күні «Жастармен бірге!» open air форматында концерттік кешпен аяқталды.

Қорытындылай келе, аталмыш іс-шаралар тізбегі жастардың әлеуетін толық іске асыру, сондай-ақ жастарға жол көрсету, қоғамдық-мәдени іс-шараларға белсенді атсалысуын насихаттау мақсатында сондай-ақ қала жастарына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында өткізілгенін айта кетейік.