54 отбасы Солтүстікке қоныс аударды

Қысқаша

54 отбасы Солтүстікке қоныс аударды

Еліміздегі еңбек күштерін реттеп, теңестіру үшін Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының қолға алынғанына біршама жылдардың жүзі болды. Бұл маңызды мәселені Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқвев та өз назарына алған еді. 

image.png

«Ел ішіндегі миграциялық үдерісті реттеу ісінің тиімділігін реттеп арттыру қажет. Әсіресе, бұл еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруге қатысты», - деген болатын Мемлекет басшысы. 

Осы маңызды мәселені алға қойған Шымкент қаласында биылғы жарты жылдықтың қорытындысымен 54 отбасындағы 179 адам солтүстік өңірлерге өз еркімен қоныс аударды. Олардың 67-сі тұрақты жұмысқа орналасып, 8-і кәсіпкерлікпен айналысып жатыр. 

Атап айтқанда – 20 отбасы Павлодар облысына, 29 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына, 1 отбасы Абай облысына және 4 отбасы Шығыс Қазақстан өңіріне жайғасты. 

Қоныс аударған 179 адамның 94-і еңбекке қабілетті. Қазіргі сәтте оның 67-сі тұрақты жұмыспен қамтылып, 8 адам кәсіпкерлікпен айналысуда, 14 адам үй шаруасында болса, қалған 8 қоныс аударушыны жұмыспен қамту шараларына тарту жұмыстары жүргізілуде. 

Азаматтардың солтүстік өңірлерге көшуі үшін 70 АЕК көлемінде материалдық көмек қаралған. Бұл отбасының әрбір мүшесіне 258 440 теңгені құрайды. Көшіп барғаннан кейін коммуналдық төлемдер мен баспана сатып алғанға дейінгі жалдамалы пәтердің құны мемлекеттен өтеледі.

Жалдамалы пәтердің құны бір адам үшін 20 АЕК, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса – 25 АЕК, ал бесеуден жоғары – 30 АЕК мөлшерінде төленеді. Ауылдық жерде отбасы мүшелерінің санына қарай 15-21 АЕК аралығында қаржы қаралған.

Ал, егер солтүстік өңіріне барғаныңызда бір үй көңіліңізден шығып, бірақ қолыңызда қаражат болмаса, 12 ай бойы үйді жалдауға берілетін ақшаның бір жылдық жиынтығын бірден алып, баспана сатып ала аласыз. Солтүстік өңірлерде баспана бағасы төмен екенін де ескерген жөн.

Былтыр Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев солтүстікке оңтүстік тұрғындарын көшіру емес, оларды сонда ұстап қалу қиындық тудырып жатқанын айтқан болатын.

«Адамдарды көшіру емес, көшіп барғандарды сол мекенде ұстап қалу қиын. Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар. Солтүстік Қазақстанда жұмыс көзі аз, өмір сүру деңгейі төмен, берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді. Берілген жоспарды орындау үшін сан қуып жүргенде сапа ұмыт қалғандай. Солтүстікке көшуге ынталы азаматтар көп», - деді Мәжіліс депутаты. 

Ал теріскейге көшіп барғандарға қандай көмек берілетіні жөнінде Ұлытау облысының «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Айдар Қойшыбаев та түсіндірген еді. 

«Облыста халық саны аз, жұмыс көп. Бар болғаны 280 мың ғана адам бар. Оның 80 мыңы облыс орталығында тұрады. Біздің өңірде мал шаруашылығы қарқынды дамыған. Егер көпбалалы отбасылар көшіп келетін болса, мемлекеттен берілетін көмектен бөлек, ірі қара және ұсақ мал беріп олардың жем-шөбін 5 жыл бойы қамтамасыз етеміз. Мәселен, былтыр келген отбасыларға 5 ірі қарадан және 10 уақ мал, кейбіреулеріне 3 жылқыдан берілді. Қазір жұмыс жасап, кәсіптерін дамытып отыр. Ұлытау облысы Сыр өңірімен іргелес жатыр. Екі аралықтағы 400 шақырымдық жол жөнделуде. Алдағы уақытта қатынауға да ыңғайлы. Туған-туыс, ағайынмен де араласып тұра бересіздер», - деді ол.

Айта кетейік, Шымкент қаласында қоныс аударуға қатысты ақпаратты тұрғылықты мекен жай бойынша әр ауданның мансаптық орталықтарынан алуға болады. Қаратау ауданы бойынша мансаптық орталығы – Бәйтереков №89; Еңбекші ауданы бойынша мансап орталығы – Астана шағынауданы 106; Абай ауданы бойынша мансаптық орталығы – Арғынбеков 243/3; Әл-Фараби ауданы бойынша мансаптық орталығы – А.Байтурсынов, 201 үй Тұран ауданы бойынша мансаптық орталығы – Қазыбек би көшесі 50 үй.