3 355 жас тұрақты жұмысқа орналасты

Қысқаша

3 355 жас тұрақты жұмысқа орналасты

Жуырда Шымкент қаласында «Жастарға жұмыс» жобасы аясында республикалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткен болатын. Айта кетейік, «Жастар рухы» Жастар қанатының кезектен тыс VI съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білімге деген ұмтылыс, адал еңбек пен отансүйгіштік» деп жастар үшін ең маңызды үш басымдықты атап өткен болатын. Міне осы еңбекке деген басымдықты арттыру мақсатында «AMANAT» партиясы 2023 жылдың қаңтар айынан бастап «Жастарға жұмыс» жобасын іске асыруға кірісті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп іске қосылған жоба аты айтып тұрғандай жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған. 

image.png

Осы игі бастаманың тұсаукесерінде сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының сол кезгі атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев та жобаның мақсатына тоқталып өткен болатын. 

«Біздің мақсатымыз – жауапты, патриоттық сезімі жоғары еңбекқор және белсенді азаматтық позициясы бар мықты жастарды тәрбиелеу», - деген болатын Бейсенбаев өз сөзінде. 

Жоғарыда аталған жоба бойынша Шымкентте өткен іс-шарада қала аумағындағы 150-ге жуық мемлекеттік және жекеменшік мекемелерден 5 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылған. Айта кетейік, жобаның басты мақсаты – жастар арасындағы жұмыссыздықты азайта отырып, олардың тұрақты жұмысқа тұруына мүмкіндік жасау. Соның арқасында жастар маман ретінде біліктілігін арттырып, кәсібилігін шыңдай түседі. 

Аталған жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қатысып, жұмыс берушілерге ең бастысы еңбек құқығының бұзылмауына ерекше көңіл бөлу қажет екенін атап өтті. Соныдай-ақ, іс-шараға «AMANAT» партиясының қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыходжаев бастаған фракция мүшелері жұмыс беруші мекемелермен танысып, жәрмеңкенің барысын бақылады.

Іс-шара барысында қалалық Еңбек мобильділігі орталығының мамандары Enbek.kz электрондық еңбек биржасы ұсынған бос жұмыс орындарын халыққа таныстырды.

Республикалық жәрмеңкеге үш өңірден – Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Павлодар облысының Еңбек мобильділігі орталығының мамандары да қатысты. Олар шымкенттіктерге өңіраралық көші қон мен жұмыспен қамту жөнінде кеңестерін беріп, еңбек шарттарын түсіндірді.

«Жастарға жұмыс» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Онда ізденуші бос жұмыс орындарының бар-жоғын біліп қана қоймай, сол жерде қажетті мәлімет алып, жұмыс жағдайын нақтылай алады. Жәрмеңкеде жұмысқа орналастырудан бөлек, жастарды әлеуметтік қолдауға қатысты мемлекеттік барлық бағдарлама бойынша кеңес беріледі. Яғни, баспана алудан бастап, емделуге, жеке кәсіп бастауға және білім алуға қатысты бағыт-бағдар ұсынылады.

Жоба аясында жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын несиелендіру, тау-кен өнеркәсібінде 2 мың бос жұмыс орнын құру, жас мамандарды IT дағдысына үйрету үшін 3 мың ваучер бөлу және тағы басқа бастамалар қарастырылған.

Аталған жәрмеңкеде жұмыс берушілерден 500-ге жуық жас кеңес алып, 103 адамға жолдама берілді. Атап айтқанда, 50 адамға тұрақты, 30 қатысушы «Жастар практикасы», 18 жас «Алғашқы жұмыс» орнына, 5 адам «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасы бойынша жолдама алды. Одан бөлек, 41 адамға қысқа мерзімді кәсіптік оқу мен қайтарымсыз грант, 77 тұрғынға Солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару жөнінде кеңес берілді.

Айта кетсек, Шымкент қаласындағы бес аудандық мансап орталығына 22 702 жас жұмыс жөнінде жүгініп, оның ішінде 9 133 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Атап айтқанда, 1043 жас Enbek.kz ақпараттық жүйесіндегі кәсіпкерлік дағдылары бойынша білім алса, 1499 жас азамат «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқуға тіркелді. Сонымен қатар, 93 жасқа комиссияның шешімімен әлеуметтік осал топтарға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді.

Жыл басынан бері 3 143 жас субсидияланатын жұмыс орындарына, 3 355 жас тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

«AMANAT» партиясы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірігіп қолға алған «Жастарға жұмыс» жобасы алты негізгі бағыттан тұратынын ерекше айта кеткен жөн. Бірінші бағыт «Жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі» деп аталады. Еліміздің 17 өңірінде осындай 22 жәрмеңке өткізу жоспарланған. Жұмыс беруші ірі компаниялардың өкілдері қатысатын бұл шараларға облыстар мен ірі қалалардағы жоғары оқу орындарының 16 мың түлегін тарту мақсаты қойылған. Бұдан бөлек әр тоқсан сайын «Еnbek.kz» платформасы арқылы онлайн-жәрмеңкелер де ұйымдастыру. Оқу орындарының өзінде, кітапханаларда, коворкинг-орталықтарда, жұмыспен қамту орталықтарында да кездесулер ұйымдастырылып жатыр. 

Екінші бағыт бойынша екі мың жасты тау-кен өндірісі саласына жұмысқа орналастыру көзделген. 

Бұл жобаның тағы бір бағыты жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған. 3 мың қыз-жігіт ІТ технология саласына машықтанатын болады. Компьютерде жұмыс істеуден бастап, «Электронды үкімет» веб-порталын пайдалануды және электронды сауда жасауды үйренеді. Ақпараттық қауіпсіздік туралы білімдерін де толықтырады.