18 «Жайлы мектеп» салынады

Қысқаша

18 «Жайлы мектеп» салынады

Жақында оңтүстік өңіріне Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Иса келіп, Шымкент қаласындағы мәдени, әлеуметтік нысандарды аралап, қала тұрғындарымен жүздесіп, мәселелерімен танысты. Алдымен депутат  Шымкент қаласындағы кітапхана ұжымымен кездесті. Кітапхана қызметкерлері мәжілісменге сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. 

image.png

Кітапханашылардың жалақыларын көтеру,  еңбек демалыстарын 45 күнге дейін ұзарту сынды тілектерін жеткізді. Мәжіліс депутаты бұл мәселелер бойынша жазбаша  түрде  өтініш жазу керектігін айтып,  өз тарапынан тиісті  мемлекеттік органдарға депутаттық  сауал жолдайтынын  жеткізді

Мәжіліс депутаты «Асар»  шағын ауданында орналасқан №90 дарынды  балаларға арналған мамандырылған мектеп-гимназиясының ұстаздарымен  және осы білім ошағында ашылған «КАДЕТ» сыныбы шәкірттерімен  кездесті. Жоба бойынша оқушыларға құқықтық білім мен әскери-патриоттық тәрбие  беріледі. Кадет сыныбының оқушылары сабақтан тыс уақытта сапта жүру, алғашқы медициналық көмек көрсету, автоматты бұзып-жинауды үйреніп, спорттық жаттығулармен айналысады. 

«Елімізде алғаш болып «Кадет» сыныбы ашылыпты. Өте құптарлық бастама. Өзім ұсыныс жасап, осы мектепке арнайы келіп отырмын. Тұрғындармен кездесуде айтылған мәселенің бәрі ұлттық идеологияға қатысты. Мәдениет саласы өкілдерінің жалақысы, зейнетақы, жер мәселелері көтеріліп жатыр. Жалпы Шымкентте көптеген оң өзгерістер бар», - деді Қ.Иса.

Бұдан соң депутат Шымкент қаласы Көкбұлақ елдімекенінде орналасқан мәдениет үйінің құрылыс барысымен танысты. Мердігер компания басшылығы құрылыс жұмыстары  биыл тамыз айында  аяқталатынын айтып, уәде  берді. 

Сондай-ақ мәжілісмен Игілік елдімекеніндегі мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесіп, Парламент мінберінде көтеріліп жүрген мәселелерге кеңінен тоқталды. Тұрғындар № 82  мектептің ғимараты  ескі әрі осы күнге дейін балалар 3 ауысымда  оқитыны жөнінде мәселе көтерді. Бұдан бөлек Қызылжар елдімекенінде көшелерге асфальт төсеу, жаяу жүргіншілерге тротуар салу, қанғыбас иттерді жою, Бадам  өзенінен су шығару, көпқабатты  үйлердің  қасбетін жөндеу жайлары да сөз болды.  Қазыбек Иса бұл мәселелерді шешу бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бақылауға алатынын айтты.

Одан бөлек, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабеков те Абай ауданындағы Жаңа Тұрлан шағын ауданында болды. Депутат партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан 1200 орындық жаңа мектеп құрылысының барысымен танысты. Қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салу жоспарланған. Оның 12-сі биыл, қалған 6-ы 2025 жылы пайдалануға беріледі. Сайлаушылармен кездесуде депутат Данабек Исабеков құрылысты дер кезінде аяқтап, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Біз балаларымыздың білім алуы үшін заманауи және қауіпсіз жағдай жасауға ұмтыламыз. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған мектептер соңғы технологиямен жабдықталады. Оның ішінде мобильді трансформациялық үстелдер, заманауи зертханалар және жоғары жылдамдықты интернет бар. Біздің басты міндетіміз – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасау», - деді Мәжіліс депутаты. 

«Жайлы мектеп» жобасында мектептерді бастауыш және орта сыныптарға арналған жеке блоктармен, әмбебап акт залдарымен, балаларға арналған жеке шкафтармен, оқу-зертханалық жабдықтармен, жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталу көзделген. Сондай-ақ физика, химия және биология, робототехника кабинеттері мен STEM-зертханалары болады. Қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Мектеп ғимараттары террористік қауіптердің алдын алу үшін бейнебақылау және дыбыстық ескерту жүйелерімен, сондай-ақ есік пен блокты құлыптау функциясымен жабдықталады. Оқушылардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін бастауыш және жоғары сынып оқушыларына спорт залдары мен түрлі ойын алаңдары салынады. Әр мектепте өз кітапханасы, оқу залы, электронды кітапхана және әр қабатта коворкинг алаңдары болады. Айта кету керек, өткен жылы «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Шымкентте 15 мектеп салынып, 3 мектеп кеңейтілді.