Әлеуметтік көмек алушылар азайды

Қысқаша

Әлеуметтік көмек алушылар азайды

Бүгінгі таңда қарқынды даму жолына түскен Шымкент қаласының барлық саласында дерлік оң өзгерістер бар. Дегенмен бұл салалардың ішіндегі ең күрделісі әлеуметтік саладағы реформалар екені анық. Өйткені, біріншіден, әлеуметтік мәселе адамзаттың күнделікті өмірі мен тұрмыс-тіршілігіне байланысты болғандықтан үнемі күн тәртібінен түспейді. Екіншіден, әлеуметтік сала мен оның мамандары әрдайым ел назарында болып, сынға жиі ілігіп отырады. 

image.png

Осы аталған проблемаларды халықпен ашық диалог арқылы қаузау мақсатында Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева «Отырар» телеарнасының «Халық пен билік» бағдарламасына сұхбат берді. Эфирде басқарма басшысы халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, ардагерлер мен зейнеткерлерді шипажаймен қамту жөніндегі жұмыстарына тоқталып өтті. 

«Әлеуметтік саланың басты мақсаты – халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әл-ауқатын арттыру. Мемлекет басшысы өңірлерде 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орындарын құруды тапсырған болатын. Осы ретте, биыл 56,9 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру көзделіп, жарты жылдың қорытындысымен 22,9 мың адам қатысып, жоспар 40,3% орындалды»,- деді басқарма басшысы. 

Елімізде әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін бірнеше қолдау түрлері бар екені  белгілі. Айта кетейік, әлеуметтік көмектер көрсетудегі негізгі ұстаным – шынайы мұқтаж адамдарға қол ұшын созу. Ендеше әлжуаз топтарға әлеуметтік қолдау қалай көрсетіледі? Ең алдымен әрине, ақшалақ көмек көрсетуге болады. Сосын оларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша атқарылатын шаралар мен мүгедектерді әлеуметтік оңалтуды қамтитын әлеуметтік бейімдеу шаралары. Және де табысы аз отбасылардың балаларына арнаулы көмек көрсету.

Басқарма басшысы Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан шаралардың бірі – әлеуметтік осал топтарға ұсынылатын қайтарымсыз гранттарға да тоқталып өтті.  

«Биыл әлеуметтік осал топтардың бизнес-жобасын қолдау мақсатында адамға 426 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Алғашқы лек бойынша комиссияның қорытындысымен 214 үміткерге грант бекітіліп, 211 адаммен келісім-шарт жасалды, 3 адам қайтарымсыз қаржы алудан өз еркімен бас тартты. 2-лек үшін 15-26 шілде аралығында өтінімдер қабылданады», - дейді Жанат Өмірсейітқызы. 

Жалпы Шымкент қаласында халықтың әлжуаз тобына мейлінше көмек көрсету жылдан-жылға өсіп келеді. Нәтижесінде: «Соңғы жылдары жұмыспен қамту шараларын күшейту арқылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31%-ға азайып, 7 457 отбасыны құрады», - дейді басқарма басшысы. 

Одан бөлек, Шымкентте былтыр ашылған «Ізетті зейнеткер» орталығының да жұмысына тоқталып өтті.

«Зейнеткерлер мен ардагерлер шипажайларда тегін емделуі үшін жыл сайын Шымкент қалалық мәслихаттың шешімімен 5000 жолдама қаралады. Қаламызда «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені ашылғаннан кейін жыл сайын зейнеткерлерді 7000 жолдамамен қамту мүмкіндігі туды. Бүгінге дейін келісім шарт-жасасқан 4 шипажай мен «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешеніне 2662 зейнеткер жолданды», - деді Жана Өтебеаева. 

Айта кетейік, аталған сауықтыру кешені 2023 жылдың қарашасында өз жұмысын бастаған. Мұнда зейнетке шыққан азаматтар басқарманың жолдамасы арқылы сауықтыру емін алады. Орталық жалпы 70 адамға арналып салынған. Жыл басынан бері 1000-ға жуық зейнеткер аталған орталықтың қызметіне жүгінген. Бүгінде Шымкентте 26 мыңнан астам зейнеткер шипажай кезегінде тұр. Кезек реті geo-shym.kz порталы арқылы автоматтандырылған. Яғни, зейнеткер осы портал арқылы кезекке тіркеліп, реттілігін өзі бақылай алады.

Зейнеткерлер орталыққа келген сәттен бастап, алдымен дәрігердің қабылдауынан өтеді. Мұнан кейін, жасы мен денсаулығына қарай емдік шаралар тағайындалады.

Дәрігерлердің ұсынуынан кейін электромагнитті терапия, сумен емдеу, ЕДШ, дәрілік шөптердің тұнбалары демалушыларға ұсынылады. Ал, физиотерапия бөлмесінде электрофорез, вибромассаж, миостимулятор, ингалятор, массаждық орындық пен аяқ массажеры және өзге де емдік шаралар жасалады.

«Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында қызмет ету – біз үшін қашан да мерейі зор парыз, асқақ абырой. Тұрғындарымыздың мәселесін заң шеңберінде шешуге әрқашан дайынбыз», - дейді басқарма басшысы Жанат Өмірсейітқызы. 

Эфир барысында қала тұрғындары басқарма басшысына өздерін толғандырған сұрақтарын жолдап, екі жақты әңгіме қызу өрбіді.