Қанатбек Досалиев: «Масылдықпен бәріміз жабылып күресуіміз керек»

Қысқаша

Қанатбек Досалиев: «Масылдықпен бәріміз жабылып күресуіміз керек»

Қанатбек ДОСАЛИЕВ, «Ауыл» партиясы Шымкент өңірлік филиалының төрағасы, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы:

Масылдықпен бәріміз жабылып күресуіміз керек 

image.png

– Қанатбек Балтабайұлы, шымкенттіктер дегенде отандастарымыздың көбісі өз ісіне ширақ, еңбекқор адамдарды елестетіні бар. Дегенмен, бізде де жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, оңай олжаға кенелгісі келетіндер аз емес. Тіпті тез баюды ойламаса да мемлекет тарапынан берілетін қолдау қаржыларды түк тындырмай-ақ тұтынып, көбірек көмек ала берсем дейтіндер де жеткілікті. Мұндай масылдықтан арылудың жолы қайсы?

– Әрине, жерлестеріміздің еңбексүйгіштігі мен еңбекқорлығы, тірлікке бейімділігі туралы өзге өңірлердегі отандастарымыз сүйсіне айтып отырғанда, кеудеңді мақтаныш кернейді. Дегенмен, шымкенттіктердің еңбекке ептілігін, пысықтығын теріс мағынасында қабылдап, алдап-арбауға бейім адамдар деп ойлайтындар да бар. Мұндайды сіз айтып отырғандай жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, біреуді сендіріп, оның нәпақасына ортақтасып, оңай жолмен пайда тапқысы келетіндердің әрекеттерінен мезі болғандар айтады. Еңбектенбей біреудің сыбағасына ортақтасу алдап-арбау болғанымен оның арғы жағында жалқаулық, масылдық жатыр. Біле білсеңіз, масылдыққа мемлекет тарапынан беріліп жатқан қайтарымсыз қолдау қаржылар, субсидиялар да себеп болуда. Түк тындырмай, жалған құжат жасап өткізіп, бюджеттен бөлінген қолдау қаражатқа қол жеткізгісі келетіндердің көбеюі – масылдықтың белгісі. Олардың қатарында байып кетпесе де балаларына берілетін жөргекпұлдарға иек артып, еңбектенбей-ақ мемлекет тарапынан берілетін басқа да жеңілдіктерді пайдаланып, өлместің қамымен өмір сүре беруді қалайтын жалқаулар да бар. Масылдықтың мұндай түрлері қоғамымызды артқа тартады. Керек десеңіз, ұлт болып ұйысуымызға, мемлекет болып дамуымызға кедергі келтіреді. Бұған алаңдаған Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты. «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн» деді. Нәтижесінде елімізде еңбек адамы бейнесін танымал ету, насихаттау жұмыстары қолға алынды. Бұл әрекет – масылдықтан еңбекқорлық қана құтқарады деген сөз. Міне, біз осы бағытпен Президентіміз айтқан еңбек адамын дәріптеп қана қоймай, жастарымызға, отандастарымызға кәсіп түрлерін ұсыну арқылы өзіңіз айтып отырған масылдықтан арылудың жолы еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге ұмтылып жатқан жағдайымыз бар. Яғни, шымкенттіктердің тірлікке ептілігін пайдаланып, жалқаулықтан жұмысбастылыққа бет бұрамыз. Солай сөзден іске көшсек дейміз. Ол үшін «Ауыл» партиясы «Тауарлы кредит» жобасын ұсынады.

– Қызық, сонда «Тауарлы кредит» жобасы масылдықпен күресе ме?

– Масылдықпен бәріміз жабылып күресуіміз керек. Ал, тауарлы кредит жобасы жұртты кәсіпке бейімдеп, еңбеккке баулиды, жұмыссыздықпен күреседі. Бір сөзбен айтқанда елдің әлеуетін жақсартады. Бұл жоба Президент тапсырмасымен қолға алынған «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейінгі бардарламасын» іске асыруға ауқымды қосады. Бұл туралы осыдан бір ай бұрын Ақмола облысының Зеренді ауылында өткен «Ауыл» партиясының ХХІV съезінде айтылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 116 партияласымыз жиналды. Шымкенттен 6 адам қатыстық. Съезде партияның атауы мен логотипі өзгертілді. Төрағамыз Серік Егізбаевтың бастамасымен «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» деген атауымызды қысқартып, «Ауыл» партиясы деп атауды жөн көрдік. Қазақтың қараүйі логотипіміз болып бекітілді. Партиямыздың жарғысы да заман талаптарына сай жаңартылды. Сол табиғат аясында, Көкшетау қаласына жақын Зеренді көлінің маңында елімізді дамытатын аграрлық саланы ілгерілету үшін ұтымды жобалар ұсынылды. Соның бірі – осы тауарлы кредит жобасы. Мұны мен неге айтып отырмын? Тауарлы кредит солтүстік облыстарда бұған дейін сәтті жүзеге асқан, тиімділігі дәлелденген жоба. Артықшылығы – шаруаға пайыздық өсіммен қаржы берілмейді. Мұны Шымкентте де іске асыруға толық мүмкіндік бар. Өзіңіз жақсы білесіз, үшінші мегаполисіміздің ауқымы өте үлкен, территоряисының көлемі жағынан еліміздің бас қалаларын да басып озады. Бірақ, Шымкентке республикалық қала мәртебесі берілгенде қосылған 41 ауылдың инфрақұрылымы қанша жақсарса да олар шаһар болып кеткен жоқ. Сол елдімекендерде қаламызды қамтуға болатын ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруіміз керек. Мәселен, тауық өсіруді қолға алуға болады. Біз жерлестерімізге тауарлы кредит жобасымен тауық балапандарын ұсынамыз. Бұл жерде үш жақты келісім жасалады: ауыл әкімі, кәсіпкер және тауарлы кредит беруші. Тауарлы кредит ұсынушы тауық өсіруді кәсіпке айналдырғысы келетін адамға үйретумен бірге оған жасалатын жағдайдың барлығын реттеп, жеміне дейін береді. Ол үшін банктен қарыз алудың да қажеті жоқ. Рәсімделетін құжаттағы келісім пайыздық үлеспен реттеледі. Мәселен, 100 балапан берсе, соның өсіп-өнгенінен 60 пайыз пайдасы кәсіпкерге, 40 пайызы тауарлы кредит берушіге тиесілі дегендей. Ауыл әкімі немесе тұрғын алабының жетекшісі сол балапандардың өсіп-өнуіне, шаруаның жұмыс істеуіне мүдделі болып, келісімнің жүзеге асуына атсалысады. Өйткені бұл кәсіптен түскен табыстың бір бөлшегі салық ретінде бюджетке құйылады. Ал, 100 балапанды жеке сектордағы кез келген отбасы өсіре алады. Тек ынта болуы керек. Бұл – отбасылық табыс. Балапандарға қарау, жем-шөбін, суын беру балалардың да қолынан келеді. Ұл-қызыңызға көрсетіп, оларды осылай да еңбекке баулуға, қызықтыруға болады. Бұл – сөзіміздің басында айтқан жалқаулықтан туындайтын масылдықтың алдын алуға болатын ең сенімді тәсіл, тәлім-тәрбиелік қадам. Табыстың бәрі еңбекпен келетінін көріп-біліп, өзі істеп өскен ұрпақ масылдыққа бармайды. Ал, отбасылық табыс халықтың ішкі кірісін арттырады. Балапан тауыққа айналғанда сойып сатуға, өздері азық қылып тұтынуына да болады. Солай көбейтіп 100-ден 1000-ға жеткізуге болады. Оның жұмыртқасы да пайда емес пе? Үш айда, ары кеткенде 4 айда балапаннан етті тауыққа айналса, етін сатуына болады. Оны қаласа, тауарлы кредит ұсынушыға өткізе салса да болады, өзара есеп айырысып. Сосын бұл жерде ветеринария қызметі де дамиды. Олармен де келісім жасалады. Көрдіңіз бе, бұл жан-жақты өте тиімді жоба!

– 41 ауыл деп қалдыңыз. Олардың бәріне тауық өсіруді ұсынбайтын шығарсыздар?

– Әрине, олай болмайды. Менің айтып отырғаным тауарлы кредиттің бір түрі ғана. Одан бөлек дәл осы әдіспен қаз, бал арасын, балық өсіру жобаларын ұсынуға болады. Шымкент қала болған соң қой, жылқы бақ дей алмаймыз. Сонымен қатар, Шымкентте арготуризм жобасын дамытуға болады. 

– Агротуризм? Ол қандай жоба?

– Қаламызда жеке секторда тұратындар бос жатқан үйіргелік жерлеріне бақша егіп өндірсе, ол өзіне де, тұтынушыға да пайдалы. Мысалы, құлпынай өсіруді қолға алдық делік. Оны піскенде теріп алып, базарға апарып сату керек. Оған дейін де еңбектенуге тура келеді. Сатуға шығарғанда да бірден өте қоймаса, құлпынай тез бұзылатын өнім. Осы жерде арготуризм жобасын іске қосуға болады. 41 ауылымыздың бірінде құлпынай өсірілсе, қала тұрғындарын өздері барып теріп алуға қызықтыруымыз керек. Жерлестеріміз бала-шағасымен табиғат аясына шығып, ауылда қалауынша өздері теріп, арзан бағада сатып алуына болады. Оған кәсіп иесі қолайлы жағдай жасап беруі тиіс. Осылай өзіміз барып теру арқылы арготуризмді дамытуға үлесімізді қосу бәріміздің қолымыздан келеді. Бұл да ұрпағымызды еңбекке баулу ғой. Әрі қала сыртындағы денсаулыққа пайдалы таза ауадағы демалыс. 

Партиямыздың ХХІV съезінде айтылған осындай ұтымды жобалардың қайсысын қай ауылда жүзеге асыруға болатыннан көз жеткізу үшін Шымкентке қосылған 41 елдімекенге барып, алдымен жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жұмыссыздықты азайтуға да үлес қосатын мұндай жобалар жүзеге асқанда басқа жерлестерімізді де үйрету үшін сол шаруашылықтардың басында семинар-тренингтер ұйымдастыратын боламыз. Солай еңбек адамын дәріптейміз, танымал етеміз. Егер жерлестеріміз біз ұсынған жобалармен кәсіптерін дөңгелетсе, мемлекеттен субсидия да сұрамайды. Бұл жұмыссыздықпен күресіп жүрген мемлекетімізге де пайдалы ғой.

– Ұтымды жобаларыңыз Шымкент кәсіпкерлерінің қатарын көбейтіп, елдің әл-ауқатын арттыра берсін! 

Әңгімелескен Асыл ДОС