1 қыркүйектен бері елімізде sanaq.gov.kz сайтында онлайн режимде халық санағы өтуде. Бір айда Түркістан облысы бойынша 865 824 тұрғын өз дерегін тіркеп үлгерген. Нәтижесінде, өңір электронды санақ бойынша республикада көш бастап тұр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов брифингте мәлімдеді.
Облыс әкімінің орынбасары бүгін үй-үйді аралап офлайн санақ жүргізу басталғанын айтты.
«Санақтың екінші, дәстүрлі әдісі сұхбатшылармен жаппай аралау арқылы онлайн режимде санақтан өтпеген тұрғындар арасында 1-30 қазан аралығында өткізілмек. Бұл кезеңде 350 нұсқаушы-бақылаушы және 2385 сұхбатшы жұмысқа тартылады. Үйлерді аралауға шығатын интервьюерде планшеті мен санақ куәлігі бар бейджигі, санақ логотипі бар шарф, көк сөмкесі болады».
Халықты толық есепке алуды және халық санағын жүргізу кезінде деректер сапасының анықтығын тексеруді қамтамасыз ету мақсатында 1-10 қараша аралығында бақылау іс-шаралары жүргізіледі.
Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бағлан Абайбекұлының айтуынша, санақ аяқталған соң статистика органдары базадағы деректерді өңдейді. Ұлттық халық санағының қорытындысы 2022-2023 жылдары жарияланады.
Ұлттық санаққа қатысты жұмыстар күнделікті жалғасуда.