Ағымдағы жылдың маусым айындағы мәлімет бойынша Шымкентте туристерді қабылдайтын 125 бизнес нысан тіркелген. Оның ішінде бес жұлдызды 2 қонақ үй бар. Сондай-ақ, қалада 1 904 қоғамдық тамақтану орны тіркелген. Оның ішінде 185 бар, 313 кофехананың болуы саяхатшылар үшін өте қолайлы.
Қонақжай Шымкент қаласына биыл бірінші жартыжылдықта 158 224 турист келіпті. Оның ішінде 152 801 резидент, ал, 5 423 резидент емес саяхатшылар. Шымкентке келетін туристердің басым көпшілігі Ресей, Өзбекстан, Түркия және Қырғызстанның азаматтары. Сол себепті қазіргі таңда мамандар қалада туристік өнімдерді әзірлеу кезінде, ең алдымен, осы туристік топтардың мүдделерін ескеруде.
Туризмнің дамуына ерекше ықпал ететін фактордың бірі – қонақжайлық. Сондықтан бүгінде туризм және қонақжайлылық саласында білікті мамандарды даярлау өзекті мәселе болып отыр. Туризм саласына қатысты мамандар Шымқаламызда даярланып келеді. Ол – Индустрия және тамақтандыру сервисі колледжі. Мұнда өткен оқу жылында даяшы, аспазшы, кондитер, гид-экскурсовод мамандықтары бойынша 379 түлек оқу бітірген.
Ал, қалада толыққанды туризм индустриясын қалыптастыру үшін портьер мен даяшыдан бастап, қонақүйдің басшысы мен менеджеріне дейін өз қаламызда даярлануы тиіс деген сала мамандары бүгінде осы мәселенің шешімін табуға кірісіп кетті. Мамандардың ойынша бұл мәселе клиенттерге қызмет көрсетудің сапасына тікелей әсер ететін болғандықтан болашақ мамандардың барлығы бірыңғай жүйе, бірегей стандарт бойынша оқытылу керек.