Қала аумағында саябақтар мен демалатын орындар, туристік нысандар саны артуда. Тұңғыш Президент саябағы, Н.Назарбаев аллеясы (Арбат), желілік саябақтар, гүлзарлар, Қ.А.Яссауи мен Рәбия Сұлтан Бегім кесенелерін қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе көне қонысының тарихи орындарын қалпына келтіру жұмыстары да тоқтаусыз жүріп жатыр. Әкімшілік-іскерлік орталығында 28 гектар аумаққа дендросаябақтың, 9 гектар аумаққа жасанды көлдің құрылысы басталды.
Қаланы көгалдандыру, сулы әрі нулы шаһарға айналдыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асып, ел игілігін көре бастады. Рухани-мәдени және әкімшілік-іскерлік орталық пен жалпы қалада 100 шақырымдай арықтар қазылып, су жіберілді. Шаһардағы «Тұңғыш Президент» саябағында салынған су айдынының сыйымдылығы – 100 мың текше метрге жуық болса, тереңдігі 4 метрге жетеді. Дендросаябақта сыйымдылығы 200 мың текше метрден асатын жасанды көл туризмнің түлеуіне түрткі болмақ. Сонымен бірге олимпиадалық стандартқа сай ескек есу каналы салынып, Түркістан Азия мен шет елдердің спортшылары қатысатын ірі додаларды қабылдайды. Халықаралық дәрежедегі орталықтың көлемі – 100 гектар. Су айдынының ұзындығы 2,5 шақырым болса, ені 125 метрді құрамақ. Каналдың тереңдігі – 4 метр.