Мемлекет тарапынан Түркістанды туризм орталығына айналдыру міндеті жүктелгені белгілі. Бұл бағытта да жүйелі жұмыс атқарылған. Оған инвесторлар мен жеке кәсіпкерлер үлес қосты. Қалада «Керуен сарай» кешені салынып, қазіргі таңда Қазақстанның барлық өңірлерінен туристер келіп жатыр. Бір күнде 7 мың адам келген оқиға дерек те тіркелді. Халықаралық стандартқа сай «Rixos Turkistan», «Hampton by Hilton Turkistan», «Нұр Әлем» және өзге де қонақ үйлер ашылды. Халықаралық талапқа сай әуежай пайдалануға берілді. Әуежай арқылы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен қатар Ыстамбұлға тұрақты рейстер ашылған. Алдағы уақытта бағыттар саны көбеймек.
Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес, облыста 7700 га аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, 2020 жылы 2400 га аумаққа 1 миллионнан астам көшет отырғызылған. Түркістан қаласын абаттандыру үшін бөлінген 32 секторда 33 мың түп ағаш егілген. Бүгінде «Жасыл белдеу» жобасының жалпы аумағы 2 есе ұлғайып, 13500 гектарға жетті. Әрине отырғызылған көшеттердің бәрі жайқалып кетті деу қате болады. Мамандардың өзі көшеттің жерсіну көрсеткіші өзге өңірлерде 70 пайызды құраса, Түркістан аумағындағы деңгейі 50%-дан аспайтынын айтады. Дегенмен көгалдандыру, жасыл алқапты көбейту жұмыстары жалғасады. Жергілікті атқамінерлер осылай деп отыр. Осы жүйелі жұмыстар арқылы таяу жылдары біз саябағы жайқалған, сәулеті алыстан байқалған, жанға жайлы, тұрғындары бақытты Түркістанды көреміз деген сенім мол.