Жол қозғалысы қағидаларын бұзу жайттарының және жол-көлік оқиғаларының алдын алу, көлік жүргізушілері арасында тәртіпті арттыру, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын күшейту мақсатында полицейлер мегаполис аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын қолға алды.
Осы орайда Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов жеке құрамның гарнизондық таратуын өткізді. Полиция полковнигі қызметкерлердің назарын заңдылықтың қатаң сақталуына аударды, қызметке түсетін тәртіп сақшыларының дайындығын тексерді. Атап өтетіні, полицейлермен мегаполис жолдарын тәулік бойы патрульдеу жұмыстары ұйымдастырылған. Мұндағы басты мақсат – қозғалыс қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарды болдырмау. Аталған бағыттағы жұмыстар тұрақты негізде жүргізіледі. Полиция жолда мұқият болуға және қозғалыс ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Айта кеткен жөн қазіргі таңда автокөлік қоғамда өзіндік орны бар мүлікке айналып, жол қозғалысының ажырамас бір бөлігін құрайтыны аян. Бұл үдеріс б Шымкентте де байқалады. Осы орайда көліктің түрлері мен санының артуы салдарынан жол-көлік оқиғасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтардың көрсеткіші өсіп, онда зардап шеккендер де азаяр емес. Бұл жол-көлік оқиғаларының қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығы мен өміріне тигізетін зардабы ауыр екенін ұмытпау керек. Сондықтан жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезек күттірмей шешу қажет болған мәселе екендігін көрсетеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының баяндамасы бойынша жыл сайын 1.3 млн адам жол-көлік оқиғасынан қайтыс болса, күніне үш мың адам көз жұмады, ал 20 млн адам жол апатынан жараланады. Дамыған елдерде соңғы жылдары жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер көрсеткіші орта есеппен 15%-ға артты. Сондай-ақ автокөлік қозғалысындағы адам өлімі көрсеткіші өзен-теңіз көлігімен салыстырғанда – 12 есе, темір жол көлігінен – 3, әуе көлігінен 1.5 есе жоғары.
Жол-көлік оқиғасы бойынша жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан Республикасында да статистикалық көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Республикадағы жыл сайын автокөлік санының артуы мен жол жүрісінің жиілей түсуі қоғамға бірқатар өзінің теріс әсерін тигізгенін көріп отырмыз. Ел қалаларының инфрақұрылымы мен көліктердің жолдағы қозғалысы «автокөлік санының күрт өсуіне» арналмалған, сол себепті мемлекет тарапынан жол-көлік қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі мен олардың салдарынан орын алатын жол-көлік оқиғасынан сақтану дерлік мүмкін емес дейді мамандар. Жолдардың қарқынды қозғалысқа арналып салынбауы жол-көлік оқиғасын жасауға түрткі болады. Барлық жол-көлік оқиғаларында негізгі орында жүргізушінің әрекеті немесе әрекетсіздігі басты себепкер. Көлік құралын басқаратын тұлғаның кез келген апатты жағдайға ұшырауына оның белгілі бір жол-көлік оқиға сәтіндегі психологиялық жәй-күйі кінәлі. Статистикаға сәйкес көбінесе жол-көлік оқиғасын тудыратын мән-жайлар: белгіленген жылдамдықты көтеру, мас күйінде көлікті басқару, басып озу ережесін бұзып қарама-қарсы жолға шығып кету, жол қиылысы ережесін сақтамай жол кезегін бұзу, ақауы бар көлікті басқару, ара-қашықтықты сақтамау, реттеу дабылына бағынбау, жол жүрісі белгілеріне бағынбау, адамдарды тасымалдау ережесін бұзу, жаяу жүргіншілер ережесін бұзу және тағы басқа себептер жатады. Жоғарыда аталғандарды қорытындылай келе, жол-көлік оқиғаларының әлеуметтік, психологиялық салдары болатынын байқаймыз. Жалпы апаттардың орын алуына біріншіден, жүргізушінің өзі кінәлі болады. Немесе басқа жүргізушінің кінәсінен апат туындайды. Сонымен бірге жүргізушінің көлік басқарып келе жатқандағы көңіл күйіне де көп нәрсе байланысты. жол патрульдік қызмет өкілдері жол жүрісі ережелерінің дұрыс сақталмауы, табиғат жағдайлары немесе көлік шығарушы зауыт өнімінің ақауы кейде жол-көлік оқиғасының орын алуына түрткі болуы мүмкін екенін айтады.
Өз кезегінде апат орын алған кезде ең бірінші жол-көлік оқиғасын жасаған құқық бұзушыны анықтау мақсатында жүргізушілерден алкотестер арқылы ішімдік ішкендігі анықталатынын қоса кеткен жөн. Негізінде, тек қана алкотестер арқылы емес, оның қасына наркологиялық-психотроптық есірткіге тексеріс қоса өткізу қажет екенін еске салады мамандар. Себебі, тек қана алкогольдік қоспалар ішкен азаматтар емес, олармен қоса наркологиялық-психотроптық есірткілерді пайдаланып көлік құралын басқарып жол-көлік оқиғасын тудырып жатқан жүргізушілер де аз емес. Осыған орай, жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда, жүргізушілерден алкотестер арқылы ішімдік ішкенін анықтаумен қатар наркологиялық-психотроптық есірткілерге тексеріс өткізу қажет болады.
Шымкент қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, маусым айының басында қалада есірткіге қарсы республикалық «Қарасора-2025» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Ауқымды операция барысында 1 айда есірткінің заңсыз айналымымен байланысты жалпы 61 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Тіркелгендердің 12-і есірткі заттарын өткізу, 13-і есірткі өсімдіктерін егіп-өсіру және 2-еуі есірткіні жарнамалау қылмыстары, ал 34-і есірткіге қатысты қылмыстық теріс қылықтар. Қабылданған шаралар нәтижесінде бір айдың ішінде заңсыз айналымнан 29 килограмнан астам есірткі заттары тәркіленіп алынды. Оның 17 килограмға жуығы – сора есірткі өсімдігі, 8 килограмдайы – синтетикалық есіркілер, 5 килограмға шамалас – марихуана есірткісі. Маусым айында полиция қызметкерлерімен аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткілерді «жасырып кету» әдісімен айналысқан Түркістан облысының 23 жастағы тұрғыны ұсталды. Тексеру барысында, оның Бозарық мөлтек ауданындағы көшелердің бірінде шамамен 100 метр сайын қатарынан 6 дана алдын ала өткізуге дайындалып бөлшектелген синтетикалық есірткі орамаларын жасырғаны белгілі болды. Жалпы 842 грамм есірткі тәркіленіп, күдікті қамауға алынды. Осы секілді, полиция қызметкерлерімен іс-шара кезінде қалада байланыссыз жолмен синтетикалық есірткілерді таратумен айналысқан 21 жастағы қыз ұсталып, тексеру барысында ол жасырған 5 жерден есірткі орамалары тәркіленіп алынды. Жалпы 50 грамм есірткі тәркіленіп, азаматша қамауға алынды. Бүгінде полицейлермен операцияның белсенді кезеңіне, яғни есірткі өсімдіктерінің өсуі мен жетілуі мерзіміне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл кезде есірткі жинау мен дайындау қаупі артады. Жедел топтар осындай аумақтарға мониторинг жүргізіп, арнайы рейдтік іс-шаралар өткізуде. Іс-шара басталғаннан бері тұрғындардың есірткі өсімдіктерін өз үйінде, бау-бақшасында және саяжай жағдайында баптап өсірудің, оларды кептірілген түрінде сақтаудың бірнеше дерегі анықталып, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тарытылуда. Өткен айда полицейлермен Сайрам тұрғын үй алабының 39 жастағы тұрғынның үйін қарау барысында заңсыз егіп-өсірген 15 түп «сора» есірткі өсімдігі және жалпы салмағы 1 кг 733 грамм «көкнәр» есірткі өсімдігінің кептірілген басы табылды. Қазіргі таңда оған қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Осы орайда, Полиция департаменті қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құрамында есірткі заттары бар, тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік, сонымен қатар есірткі құралдары мен жабайы өсетін сораның тізбесіне енгізілген өсімдіктерді жоюға шаралар қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Қалалық полиция департаменті өңірде «заң мен тәртіп» қағидасын қамтамасыз ету, есірткінің заңсыз айналымымен байланысты құқық бұзушылықтардың жолын кесу бағытында жұмыстарды үздіксіз әрі белсенді жалғастырады.
Сонымен бірге қалалық полиция тарапынан интернет-алаяқтарға қарсы жаңа тәсіл қолға алынды. Оны полицейлердің бастамасы деуге болады. Жүргізілген талдаудың нәтижесіне сәйкес, интернет-алаяқтықтың құрбаны болу қаупі ең алдымен егде жастағы азаматтар арасында жоғары. Осыған орай, полиция департаментінің қызметкерлері арнайы профилактикалық шараны қолға алды. Бұл мақсатта қала әкімдігінен егде жастағы тұрғындардың ресми тізімі алынып, қазіргі таңда полицейлер олардың үйлеріне барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Тәртіп сақшылары әр зейнеткермен жеке кездесіп, интернет немесе телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрлері, олардың тәсілдері, сақтану жолдары туралы нақты мысалдар келтіре отырып түсіндіріп, қауіпсіздік ережелерін, яғни бейтаныс нөмірлерден түскен қоңырауларға сенбеу, жеке деректерді ешкімге жария етпеу жөнінде ақпарат береді. Сондай-ақ, олар тұрғындарға өз байланыс нөмірлерін қалдырып, күмәнді жағдай орын алған кезде бірден хабарласуға болатынын ескертуде. Атқарылған түсіндіру жұмыстары өз нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, жақында бір зейнеткер күмән тудырған қоңырау алған бойда, оған түсіндіру жүргізген полицейге хабарласып, шотындағы қаражатын алаяқтардан сақтап қалды. Атап өтейік, Шымкент қаласында жыл басынан бері 300-ге жуық интернет-алаяқтық жайты тіркеліп, келтірілген шығын көлемі 900 миллион теңгені құраған.
Интернет алаяқтық қоғам дертіне айналды. Цифрлық технология дамығалы алаяқтарда неше түрлі қитұрқы әрекеттерді ойлап табуда. Соның көмегімен талай адамды алдап кетіп жатыр. Олардың ішінде, әсіресе, қариялар көп. Өйткені қарт адамдар жаңа технологияны білмейді, гаджеттермен жұмыс істей алмайды. Сондықтан сырт адамдардың сөзіне сенгіш келеді. Ал олардың сенімін алдаған алаяқтар талайын интернет, телефон арқылы зар илетіп жүр. Ендеше интернет алаяқтардан қорғанар жалғыз жол – қаржылық сауаттылық. Полиция департаменті мамандарының айтуынша, бөтен нөмірмен қоңырау шалған адамға жеке деректерді айтуға болмайды. Оның соңы үлкен өкініштерге әкеп соқтыруы мүмкін. Адамдар соның салдарынан бар-жиған терген қаражатынан айырылып немесе олардың үстінен алаяқтар несие рәсімдеп жіберуде. Осының бәрі қаржылық сауатсыздықтың салдарынан болған оқиғалар. Осылардың алдын алу үшін полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында тың бастама көтеріп, қарияларды интернет алаяқтардан сақтап қалудың бар амалын жасап жатыр.
Ә.ҚОНЫСБАЙ