Шымкент қаласында соңғы кездері пәтер ұрлығының саны артып, бұл тұрғындардың қауіпсіздігіне деген алаңдаушылықты күшейтті. Құқық қорғау органдарының жедел іс-шаралары нәтижесінде қалада үлкен қылмыс тобы ұсталды. Олар бір ай ішінде онға жуық пәтерді тонап, құнды заттарды, соның ішінде алтын бұйымдарды қолды еткен. Жалпы шығын көлемі шамамен 20 миллион теңгені құрады.
Бұл оқиға, ең алдымен, қоғамдық қауіпсіздік мәселесінің маңыздылығын тағы да айқындады. Құқық қорғау органдарының жұмысы қылмыскерлерді ұстаумен ғана шектелмейді, олар сондай-ақ қоғамның құқықтық санасын арттыруға, адамдардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлкен мән береді. Осы орайда үшінші мегаполистегі ұрлық оқиғасы мен құқық қорғау органдары қабылдаған шаралар туралы сөз қозғамақпыз. Шымкент қаласында орын алған бірқатар пәтер ұрлығы фактісі әлбетте, құқық қорғау органдарының кәсіби әрі шұғыл әрекетінің нәтижесінде әшкереленді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында пәтер тонаумен жүйелі түрде айналысқан бес ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында олардың бір ай ішінде онға жуық тұрғын үйге заңсыз кіріп, негізінен алтын бұйымдарды қолды еткені анықталды. Сөзіміздің басында айтып өткендей, жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 20 миллион теңгеге жуықтаған.
Күдіктілердің әрекет ету әдісі де белгілі болды. Олар көп жағдайда тұрғын үйлерге терезе арқылы еніп, көзге бірден түсетін құнды заттарды, әсіресе алтын әшекейлер мен бағалы бұйымдарды алып кеткен. Қазіргі таңда полиция ұрланған заттардың бір бөлігін тауып, иелеріне қайтарып үлгерді. Алайда, бұл оқиға ел азаматтарының қауіпсіздік мәдениеті мен құқықтық санасының деңгейін қайта қарау қажеттігін көрсетіп отыр. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Исатаева: «Қылмысқа қарсы күресте әрбір ұрлық оқиғасы біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығына үлкен нұқсан келтіретінін түсінеміз. Осыған байланысты, Полиция департаменті ұрлықтың алдын алу мақсатында бірнеше айрықша шараларды қолға алды. Жедел-іздестіру топтары айтарлықтай нәтиже көрсетті. Қылмыскерлердің әрекеттері арнайы жоспармен жасалған және бұл ұрлықтардың көбінде терезе арқылы кіріп, тұрғындардың бағалы заттарын ұрлағаны анықталды. Бұл топтың әрекетіне қатысты алғашқы тексерулер барысында, қылмыскерлердің ұрлықты әдетке айналдырғаны белгілі болды. Олар негізінен күндізгі уақытта үйлерге кіріп, пәтер иелерінің жоқтығын немесе сыртта болуын бақылап отырған. Әрбір ұрлық оқиғасы алдын ала жоспарланған және олардың біреуі де кездейсоқ болмаған. Осыған орай арнайы бейнебақылау жүйелері тексеріліп, куәгерлерден жауап алынды, күдіктілер бірте-бірте анықталды. Қазіргі таңда, олар Шымкент қаласының уақытша ұстау изоляторында, әрі тергеу жұмыстары жалғасуда. Біз ұрлықтарды тек қана ашып қана қоймай, сондай-ақ барлық қылмыстарға қатысы бар басқа да күдіктілердің бар-жоғын тексеріп жатырмыз. Күдіктілердің ішінде бұрын да ұрлыққа қатысы бар азаматтар болуы мүмкін, бірақ бұл сұрақтар тергеудің соңғы нәтижесімен анықталады. Сонымен қатар, ұрланған бағалы заттардың бір бөлігі иелеріне қайтарылды. Әрбір жәбірленушінің құқын қорғауды қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылданады. Бұл оқиға қала тұрғындарына қауіпсіздік шараларын ескеру және оларды өз өмірлеріне енгізу қажеттілігін тағы бір рет еске салады. Құқық бұзушылықтар мен қылмыс әрдайым бола беретін жағдай, бірақ біз барлығымыз бірлесе отырып, олардың алдын ала аламыз. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың да міндеті болып табылады. Бұл үшін әрбіріміз өз мүлкімізді қорғау, қауіпсіздік шараларын күшейту және бір-бірімізді бақылауда ұстауымыз қажет. Құқық қорғау органдары өз кезегінде осы саладағы барлық жұмыстарды күшейтеді және тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында тұрақты түрде алдын алу шараларын жүргізеді. Қазіргі уақытта тұрғындарды бейжай қалдырмайтын қылмыстардың алдын алу үшін түрлі жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Бейнебақылау камераларының санын арттырып, полиция қызметкерлерінің жедел әрекет ету қабілетін жақсарту үшін арнайы оқыту бағдарламалары қолға алынған. Сонымен қатар, қаладағы барлық маңызды аймақтарды қауіпсіз ету мақсатында полиция патрульдерін көбейтіп, жергілікті қауіпсіздік қызметтерімен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Біздің міндетіміз – әрбір азаматтың өмірі мен мүлкін қорғау. Жалпы алғанда, Шымкент қаласында қауіпсіздік жағдайы тұрақты, және біз қала тұрғындарына өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды және құқықтық тәртіпке бағынуды еске саламыз. Құқық қорғау органдарының күштері бірлескен және үйлесімді әрекет етуі арқылы көптеген қылмыстардың алдын алуға және ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан, тұрғындардан сұрайтынымыз кез келген күдікті әрекеттерді байқасаңыздар, тез арада бізге хабарлаңыздар. Біз сіздермен бірге жұмыс істеуге дайынбыз және әрқайсыңыздың қауіпсіздігіңіз біз үшін маңызды»,– деді.
Мұндай қылмыстық оқиғалардың алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың құқықтық санасының деңгейіне тікелей байланысты. Қоғамда заңға деген құрмет, тәртіпке бағыну мәдениеті қалыптасқан жағдайда, құқық бұзушылықтар да азая түседі. Бұл тұрғыда азаматтардың өз мүлкін қорғау үшін қауіпсіздік шараларын уақытылы қолға алуы аса маңызды. Құқықтық сана – бұл тек заңдарды білу ғана емес, сонымен қатар оларды құрметтеу, құқық пен міндетті айыра білу және ең бастысы, құқық бұзушылықтың салдарын ұғыну. Қоғамда мұндай сана қалыптасқан кезде қылмыстың алдын алу тиімдірек болмақ.
Полиция департаменті азаматтарға пәтер ұрлығы секілді қылмыстардан сақтану үшін маңызды қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салады. Атап айтқанда, терезелер мен есіктердің мықтап жабық екеніне көз жеткізу, қауіпсіздік дабылдарын, бейнебақылау камераларын орнату, қауіпсіздік агенттіктерімен келісімшартқа отыру, үйден ұзақ уақытқа кеткен жағдайда көршілермен, туыстармен байланыста болу. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, бөтеннің мүлкін ұрлау – қылмыстық жауапкершілікке тартылатын ауыр құқық бұзушылық болып табылады. Мұндай әрекеттер тек материалдық шығын келтіріп қана қоймай, азаматтардың тыныштығына, қауіпсіздік сезіміне де қатты нұқсан келтіреді.
Қазіргі таңда ұсталған күдіктілерге қатысты тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Олардың бұрын да осындай қылмыстарға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен қосымша эпизодтар тексерілуде. Шымкентте орын алған бұл оқиға қоғамдағы құқықтық сана мен азаматтық жауапкершіліктің маңызын тағы бір рет айқын көрсетті. Қылмыспен күресте тек полиция емес, бүкіл қоғам белсенді болуы қажет. Әр азамат өз құқығы мен мүлкін қорғауда белсенділік танытып, заң мен тәртіпке құрметпен қараса, қауіпсіздік деңгейі де жоғары болады. Заңға мойынсұну мен тәртіп сақтау тек мемлекеттік құрылымдардың емес, барша азаматтың ортақ міндеті. Тек осындай көзқарас арқылы біз қылмыссыз, әділетті және тұрақты қоғам құра аламыз. Құқықтық сананың жоғары болуы мен қауіпсіздік мәдениетінің қалыптасуы қылмыс деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Қоғамда тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін әркім өз міндетін адал орындап, заңды құрметтеп, қауіпсіздікке жауапты болуы тиіс. Тек осындай ортақ түсіністік пен жауапкершілік арқылы қалада және елімізде қылмыс деңгейін төмендетіп, тыныш әрі қауіпсіз өмір сүруге мүмкіндік аламыз. Шымкентте орын алған пәтер ұрлығы оқиғасы қоғамдағы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік шараларының қажеттілігін тағы бір рет айқындады. Құқық қорғау органдарының осы қылмысты ашудағы белсенділігі мен кәсібилігі, әрине, мақтауға тұрарлық, бірақ бұл жағдай бізге құқықтық тәртіптің сақталуы тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігіне де тікелей байланысты екенін көрсетеді.
Қоғамда тұрақты тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін заңға деген құрмет, қауіпсіздік шараларын сақтаудың дағдылары және құқықтық сананың жоғары болуы қажет. Азаматтар тек өз мүлкін қорғап қана қоймай, қоғамның әл-ауқаты мен тыныштығына үлес қосуы тиіс. Қоғамдық қауіпсіздіктің жоғары деңгейі тұрақты дамудың, қоғамның әлеуметтік әл-ауқатының және азаматтардың бейбіт өмір сүруінің кепілі. Сондықтан да, әрбір азамат заңды құрметтеп, қауіпсіздік шараларын сақтап, өз құқықтары мен міндеттерін түсініп, оны іске асыруы керек. Қоғамда тәртіп пен заңдылықтың сақталуы халықтың тыныш әрі қауіпсіз өмір сүруі үшін маңызды шарт болып табылады.
Аида ӨТЕП