Заңның үстемділігі – дамудың кепілі

Қысқаша

Заңның үстемділігі – дамудың кепілі

Шымкенттегі «Qyzgaldaq saraiy» ғимаратында кәсіпкерлер мен инвесторларды қолдауда атқарылған жұмыстардың тиімділігіне қатысты алқа мәжілісі өтті.

image.png

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткен жиында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үшінші мегаполистегі бизнесті дамыту мен инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.

Алқалы жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, мемлекеттік орган басшылары мен бизнес-қоғамдастық өкілдері, компания басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Жалпы инвестиция тарту ел экономикасы үшін өте маңызды. Сол арқылы еліміз дамып, өркендейді. Инвестиция елді алға қарай дамытудың басты тетігі саналады. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір кездесуінде, Қазақстан халқына арнаған Жолдауында, экономика мәселесіне арнап сөйлеген сөздерінде инвестиция туралы міндетті түрде ой қозғайды. Бұл орайда Мемлекет басшысы шетелдік іскер топ өкілдерімен болған ресми кездесулердің бірінде былай деген еді: «Мен жаңа экономикалық бағытты ұсындым. Аталған бастама анағұрлым қуатты әрі қарқынды дамыған ел құру мақсатында құрылымдық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл – өршіл, бірақ орындалатын міндет. Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 265 миллиард долларды құрады. Біздің ендігі мақсатымыз – осы көрсеткішті 2029 жылға қарай 450 миллиард долларға жеткізу. Өткен жылы экономикалық өсім 5,1 пайызға жетті. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. Біз ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды жоспарлап отырмыз. 2022 жылы шетелден 28 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тарттық. Ал сыртқы сауда айналымы 136 миллиард долларға жетті. Қазақстан Орталық Азияда тікелей шетелдік инвестиция келетін негізгі ел болып қалуы үшін ең жоғары әлемдік стандарттарға сай жаңа инвестициялық циклды іске қостық». 

Осы орайда қаланың прокуроры Ғабит Мұқанов тәртіп пен қауіпсіздік жайында келелі әңгіме айтты. Оның сөзінше, тәртіп тек қоғамда тыныштықты сақтау үшін ғана емес, сондай-ақ инвестиция, экономикалық заңдылықтардың орындалуын қамтамасыз ету үшін де қажет. Инвесторлар қоғамы тыныш елге келеді. Сондықтан елде бейбітшіліктің болуы, заңдардың дұрыс жұмыс істеуі маңызды. Әлемге қарасақ кейбір елдерде соғыс болып жатыр. Ондай елдерден тыныштық кеткен. Мұндай мемлекеттерге инвесторлар барғысы келмейді. Себебі пайда табу үшін елдің қоғамы тыныш болуы керек. Ал қарулы қақтығыстың, түрлі тәртіпсіздіктің орын алуы елде заң мен тәртіптің жоқтығынан. Адамдар заңға, ережеге бағынса елде ешқандай да бұзақылық заңсыздық орын алмайды. Ал Қазақстан өзін құқықтық мемлекет ретінде құра алды. Соның нәтижесінде елге миллиардтаған ақша инвестиция ағылды. Ол қомақты қаржыға жаңа кәсіпорындар салынып, жаңадан жұмыс орындары ашылды. Инвестордың келгені елге құт. Өйткені ол өз қаржысымен келіп, зауыт-фабрика салып береді. Кейін бір уақыттарда елден кеткен соң сол зауыт фабрикалар өзімізде қалады. Сонымен бірге адамдар да жаңа технологияны игеріп, жаңа мамандар шоғыры қалыптасады. Ал осындай игілікті орнату үшін ең алдымен қоғамға тыныштық керек. Сол тыныштықты қамтамасыз ететін заң мен тәртіп. Одан бөлек экономика саласында түрлі заңдар бар. Мәселен, адал бәсекелестікті алсақ болады. Немесе монополияға қарсы ережелерді қарастыра аламыз. Осының бәрін сақтау кәсіпкердің міндеті. Ол сақталмаса демек экономика-қаржы саласында тәртіп пен заңдылық жоқ немесе әлсіз деген сөз. Бұл да өз кезегінде қоғамда әртүрлі келеңсіздіктер туғызуы мүмкін. Сондықтан заң мен тәртіп елдің қай саласы болмасын бәріне бірдей ортақ деген ой айтты қала прокуроры.    

– Елімізде бизнесті дамытуға, инвесторларға қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылып, қолдау көрсетіліп келеді. Жалпы, тұрақты бизнес-ахуал сенімділік арқылы орнығады. Осыған орай прокуратура органдары тарапынан кәсіпкер өзінің құқығы, заңды мүддесі қорғалғанын сезініп, оның еңбегі қаламызға және қоғамға пайда әкелуіне талпынамыз. Біздің мақсатымыз – әр инвестициялық жобаның заңды, ашық және әділ дамуына жағдай жасау. Жекеменшік мүлік әр адамның заңды құқығы. Оған ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ. Адам бизнес бастады ма, содан табыс тауып биік дәрежеге жетті ме, демек бар тапқан пайда мүлкі оның жеке иелігі болып саналады. Оған ешкім де тиісе алмайды. Ол елімізде заңмен қорғалған. Сонымен бірге әрбір адам Қазақстанда жеке кәсіп ашуға оны заң аясында жүргізіп дамытуға құқылы. Бизнес жасау барысында кәсіпкерге ешкім де кедергі келтіріп аяқтан шала алмайды. Ол заңсыз. Ондай жағдайда тәртіп бұзғандарға тиісті жаза қарастырылған, – деді қала прокуроры Ғабит Мұқанов.

Жиын барысында кәсіпкерлер мен инвесторлардың өзекті мәселелері қаралды, бітіруші түлектерді жұмыспен қамту тақырыбы қозғалды. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндірді. Ал кәсіпкерлер мен компания басшылары индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалары туралы баяндады, өнімдерін таныстырды. Индустриялық аймақтарда көптеген өнімдер өндіріледі. Олардың барлығы күнделікті тұтынуға қажетті тауарлар. Көпшілігі ішкі нарықты қамтамасыз етумен бірге, алыс-жақын шетел нарықтарына да экспортқа шығарылады. Олардың арасында шетелмен бірлескен компаниялар да бар. Шымкент қаласы экономикалық динамикасы қарқынды өсіп келе жатқан аймақтың бірі. Президент тапсырмасына сәйкес экономиканы күшейту үшін өңірге бұдан да көп инвестиция тарту жоспарланып отыр. Сонымен бірге инвесторлар құқық қорғау бойынша елімізде заң мен тәртіп қатаң екенін де ұмытпауы қажет.  

– Біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанның инвестициялық тартымды мемлекетке айналуы, – деді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова. – Осы орайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы интерактивті инвестициялық карта жасап шықты. Картаның көмегімен әр инвестициялық жобаның қалай жүзеге асырылатынын кезең-кезеңімен бақылауға болады. Әртүрлі деңгейдегі және құзыретті мемлекеттік органдар, қажет болған жағдайда картамен танысып, проблемалық мәселелер мен оларды шешу жолдарын анықтай алады. Осы орайда инвесторларды өз жобаларын әрі қарай тиімді жүзеге асыру үшін Инвестиялық картаға қосылуға шақырамын. Сонымен қатар, мемлекет пен кәсіпкерлік сектордың өзара тиімді әріптестігі нақты оң нәтижелер беруде. «Іскерлік климат» рейтингі аясында жүргізілген тоқсан сайынғы сауалнама деректері Шымкент қаласының мегаполистер арасында инвестициялық тартымдылық бойынша айтарлықтай серпіліс жасағанын көрсетті. Жергілікті атқарушы органдардың инвестициялық қызметті сүйемелдеуді күшейтуге бағытталған мақсатты жұмыстарының нәтижесінде кәсіпкерлік орта барған сайын қолайлы бола түсуде. Оған шаһардың бүгінгі инвестициялық дамуын көзбен көру арқылы білуге болады.

Жиын соңында Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов бизнестің құқықтарын қорғау ісіне қосқан үлесі үшін Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова мен бөлім басшысы Әзілхан Жаримбетовты және бірқатар кәсіпкерді марапаттап, Алғыс хат табыстады.

Жалпы айта кету керек, мемлекет те, құзырлы органдар да, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да Қазақстанның инвестициялық тартымды мемлекетке айналуы бағытында жұмыс істеп келеді. Соның ішінде мынаны мысалға келтіруге болады, соңғы жылдары Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы үшін кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бизнесті қолдау мақсатындағы 100-ге жуық тетіктердің арасында кең ауқымды бағдарламалар, қаржылай және қаржылай емес қолдау көрсету, гранттар, кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден алған несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілдік қолдау, оқыту және басқа да көптеген бағдарлама бар. Кәсіпкерлер палатасы тарапынан іскерлік бастамалары бар азаматтарға кеңес беру, кәсіпкерлерге құқықтық көмек, сервистік қолдау, мемлекеттік органдармен бірге кәсіпкерлерді оқыту, біліктілік арттыру сияқты қызметтер көрсетіледі. Сонымен қатар Палата жанынан түрлі саладағы кәсіпкерлердің салалық кеңестері құрылып, туындаған проблемалар мен түрлі сұрақтар дер кезінде талқыланып, шешімін табуға жағдай жасалған. Қажет болған жағдайда кәсіпкерлердің мәселесін орталық мемлекеттік органдарға жеткізеді. Бұл тұста жергілікті атқарушы билікпен және прокуратура, экономикалық тергеп-тексеру сияқты құзырлы органдармен бірлескен жұмыс жүйеге қойылғанын да қоса кеткен жөн. Соның нәтижесінде «Іскерлік климат» рейтингі аясында жүргізілген тоқсан сайынғы сауалнама деректері Шымкент қаласының өңірлер арасында инвестициялық тартымдылық бойынша айтарлықтай алға қадам басып келе жатқанын байқатады. Инвестицияны нақты жұмылдыру және бизнес қоғамдастықпен тығыз жұмыс істеудің нәтижесінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді, бұл – мемлекеттік органдардың инвестициялық жобаларды институционалдық сүйемелдеуді күшейтуінің оң нәтижелері. Осы инвестиция мәселесіне Мемлекет басшысы күні кеше Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да баса назар аударды. Президент, сонымен қатар, кәсіпкерліктің ел экономикасын қозғаушы күштің бірі екенін атап өтіп, заңнаманы күрделендірумен емес, оны кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне бейімдеуді, іскерлік саладағы заңнамаға терең ревизия жүргізіп, жаңартуды тапсырды. Бұл бизнесті қорғаудың тағы бір маңызды құралы болары сөзсіз. 

Жалпы, қала прокурорының және кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша, заң мен тәртіпке жауапты кез келген сала өкілдерінің көздеген басты мақсаты біреу ғана ол – кәсіпкер мемлекеттің қолдауын сезінетін және өз құқықтарын қорғауға сенімді болатын әділ, ашық және қауіпсіз бизнес-ортаны құру.

Ә.ҚОНЫСБАЙ