Қаржылық сауаттылық – қаржы пирамидасынан сақтану жолы

Қысқаша

жарнамалаған 300-ден астам интернет-ресурсты бұғаттаған.

image.png

Шымкентте «Ansar Gold» деген атаумен зергерлік компания ретінде жасырынған кезекті қаржы пирамидасы әшкереленді. Қазақстанның қаржылық мониторинг агенттігінің мәлімдеуінше, қаскөйлер аталған компанияның атын жамылып 5 айдың ішінде айына 40-60 пайыз зергерлік бұйым саудасынан табыс әкелеміз деп адамдарды өздеріне тартқан. 

Сонымен бірге қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар салымшыларды өз салымдарының сенімді қолда екенін айтып барынша сендірген. Ақшалар толық сақталымда тұратынына уәде беріп, қандай жағдай болмасын негізгі капиталды қайтарып беретіндеріне кепіл болатындарын айтқан. Алайда қызыл сөздің астарында кәдімгі қаржы пирамидасының қитұрқы әрекеттері жасырынып жатты. Яғни зергерлік бұйымдардың саудасынан ешқандайда да пайда болған жоқ, барлық төлемдер жаңа қатысушылардың есебінен жасалып отырды. Бірақ қалай табыс түспей қалды солай қаржы пирамидасының іргетасы шайқала бастады. Екі жүздей адам алаяқтардың құрбанына айналды. Олар «Ansar Gold» жалған қаржы ұйымына 400 млн теңге қаражаттарын сеніп тапсырған. Науадай құйылған қаржыны жасырып, ақшалай шешіп алу үшін алаяқтар өздерінің жақын туыстарының көмегіне жүгінген. 

ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжанның айтуынша, күдіктілер өздерінің туыстарын дроп ретінде пайдаланған. Алаяқтық жолмен түскен қаражатты шешіп алу үшін туыстарының банктік карталарын қолданған. Осы қаржы пирамидасын ұйымдастырған азамат қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бүгінгі таңда оған тиесілі үй мен автокөлігі тәркіленіп алынды.          

Айта кету керек, бұған дейін де Шымкент қалалық прокуратурасы қаржы мониторингі агенттігінің қала бойынша департаментімен бірге «Mooni Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқан болатын. Бұл қаржы пирамидасы да өзінің қызметі барысында мыңнан аса адамды алдап үлгерген еді. Қылмыстық жолмен халықты алдаған күдіктілер түскен ақшаға тұрғын үйлер мен автокөліктер сатып алған. Оның жалпы сомасы 280 млн теңгені құрайды.

Шымкент қаласы прокуратурасы қаржы мониторингі агенттігінің қала бойынша департаментімен бірге «Mooni Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқанын хабарлады. Қаржы пирамидасына мыңнан аса адам тіркеліп үлгерген. «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктілер өздерін зергерлік бұйымдарды сатумен айналысатын компания ретінде көрсетіп, инвесторларға 5 ай ішінде салынған соманың 20-30 пайызын құрайтын ай сайынғы табысты уәде етіп, негізгі капиталдың сақталатынына кепілдік берген. Ал бірақ шын мәнінде төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың жарналарынан жасалып отырған»,– делінген тергеу органдарының хабарламасында.

Ал Шымкент қаласы прокуратурасының мәлімдеуінше, күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің «Қаржылық пирамиданы құру және басқару» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ олардың үйіне айғақтық заттарды іздеу мақсатында тінту жүргізілген. «Күдіктілер қылмысынан түскен ақшаларды жалпы құны 280 миллион теңгеге бағаланатын элиталық тұрғын үйлер мен автокөліктер сатып алуға жұмсаған. Тінту кезінде 15 миллион теңге қолма-қол ақша мен құны 28 миллион теңгені құрайтын 67 атаудан тұратын түрлі алтын бұйымдар тәркіленді»,– делінген Шымкент қаласы прокуратурасының мәлімдемесінде.

Иә, елімізде оның ішінде Шымкентте қаржы пирамидаларының саны жылдан-жылға көбейіп барады. Олар артыңнан адам кіргізсең жылдам табыс табасың деп халықты алдап, сеніміне кіріп бар ақшасын қағып алып жатыр. Сондай қылмыстық ұйымның бірі ретінде атышулы «Назира голд» қаржы пирамидасын айтуға болады. Қаншама адамды сан соқтырған алаяқ қазір бес сыбайласымен бірге қамауда. Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлының мәлімдеуінше, Нәзира Нұржан өзінің сыбайластарымен бірге өткен жылдан бері интернетке алтын сатамын деп жариялап, 4 мың адамды салған ақшаларыңның үстінен бес ай бойы 41 пайыздан пайда тауып отырасыңдар деген өтірік уәдесіне сендірген. «10 млн теңге салсаңыз, 41 пайыздан ай сайын 4.1 млн теңге пайда табасыз. Бес айда табысыңыз 20.5 млн теңгеге шығады. Алтыншы айда бастапқы салған 10 млн теңгеңізді қайтып аласыз» деп уәдені үйіп төккен. 

Құзырлы орган өкілінің айтуынша, мұндай табысты ешқандай жұмыс беруші бере алмайды. Ондай уәдеге сенетін адамдардың қысқа қайырғанда қаржылық сауаты жоқ деген сөз немесе оңай ақша табу ниетімен көзсіз тәуекелге баратындар. «Бизнесте рентабельдік деген ұғым бар. Ол кәсіпкерліктен түсетін пайданың көлемі. Қаржыгер мен экономистердің есебінше жылына 1-5% көлемінде пайда табу төменгі рентабельді, 5-20% орташа рентабельді, 20-30% жоғары рентабельді бизнес болып саналады. Ал «Назира голд» қаржы пирамидасы 200-300% аралығында пайда табасыңдар деген. Ақылға қонымсыз нәрсе ғой. Мұндай пайда болса жұрттың бәрі алтын сатумен айналысып кетпей ме. Әлеуметтік желіде өзін күдікті Назира Нұржанның қорғаушысымын деп таныстырып жүрген Тілеужан Кішкенебаев деген азамат бар. Ол экономикалық тергеп-тексеру департаментіне Назираның қорғаушысы ретінде бірде-бір рет бас сұқпаған. Тергеу ісіне де араласпаған. Себебі ол ешқандай да адвокат емес. Республикалық адвокаттар алқасының жауап хатына сәйкес Т.Кішкенебаевтың адвокаттық қызмет атқаруға лицензиясы жоқ болып шықты. Ол халық арасында шындыққа жанаспайтын әртүрлі ақпараттар таратып, салымшыларды Назираның үстінен арыз жазбауға үгіттеп жатыр. Оның Назира Нұржан серіктестерімен бірге мемлекетке 1.2 млрд теңге салық төледі деген ақпараты кірістер департаментімен ешқандай расталмады. Одан бөлек Назираның жанында жүрген адамдары алтын бұйымдар сататын кәсіпкер ретінде тіркелмегені анықталды. Назираның өзі алтын сатты. Бірақ оның бәрін тек көзбояушылық үшін жасады»,– деді Алмас Манатұлы. 

Ендігі ретте қаржы пирамидаларынан сақтану үшін халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында мегаполисте түрлі іс-шаралар қолға алынып отыр. Мәселен, жуырда қаладағы колледж бен жоғары оқу орнында осындай іс-шара өтіп «Қаржылық қауіпсіздік негіздері» тақырыбында студенттерге маңызды дәрістер оқылды. Ондағы басты мақсат – жастарды қаржылық алаяқтардан қорғау, олардың қаржылық сауаттылығын арттыру мен дер кезінде дұрыс шешім қабылдауға үйрету. Ал Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі подполковник Камилхан Исмаилов дәріс оқып, қаржылық қауіпсіздік, дроп ұғымы, алаяқтық түрлері мен қаржы пирамидаларынан сақтану жолдары жайында кеңінен ақпарат берді.

Жалпы алаяқтық мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарында. Мемлекет басшысы үнемі ел азаматтарының, әсіресе жастардың қаржылық сауатын арттыру, оларды алаяқтықтан сақтау үшін тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертіп келеді. Сондықтан ұйымдастырушылар бұл бастама жастарға үлкен көмегін тигізеді деген сенімде.  Спикерлер «XXI ғасырдағы сандық тұзақтар», «Дроптар деген кім?», «Қаржылық пирамидаға қалай алданбауға болады?», «Онлайн несие және оның қаупі» тақырыптарында дәрістер оқыды. Және оны студенттерге қарапайым мысалдар, бейнеролик, сұрақ-жауап ойындары мен интерактивті тренингтер арқылы түсіндіріп берді. 

Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми деректеріне сүйенсек, былтыр елімізде 29 қаржылық пирамида анықталып, 327 алаяқтық чат бұғатталған. Бұл чаттарға қатысушылар саны 1,5 миллионнан асса, олардың көпшілігі жастар екені мәлім болды. Ал үшінші мегаполисте алаяқтыққа қатысты істер өзге өңірмен салыстырғанда айтарлықтай көбейген.

Шымкент қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Мұхамедқасым Оспановтың айтуынша, Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен еліміздің барлық өңірінде 6-10 сәуір аралығында кең ауқымда түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде жастар арасында интернет-алаяқтықтың, оның ішінде дропперлік пен қаржы пирамидаларының кең таралуына жол берілмейді деген үміт бар. Мемлекет осылайша қаржылық қауіпсіздікке мән беріп отыр. Өз кезегінде алаяқтықтан қорғану бағытында шаһарда белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Айталық, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен 6 жоғары оқу орны мен 39 арнаулы білім беру мекемесінде студенттермен кездесулер өткізілді. Онда алаяқтар қолданатын айла-тәсілдер, қаржы пирамидаларының негізгі белгілері, сондай-ақ оларға қалай қарсы тұру керектігі жайында жан-жақты түсіндірілді. «Өкінішке қарай, қазір Шымкент қаласы республикадағы қаржылық алаяқтыққа қатысты тіркелген істер саны жағынан алдыңғы орында тұр. Сондықтан осы мәселенің алдын алу, болдырмау мақсатында жастармен белсенді түрде ақпараттық жұмыс жүргізіп отырмыз. Бұл бастама студенттер үшін өте пайдалы болмақ әрі олардың тарапынан кері байланыс болады деп сенеміз»,– деді департаменттің басқарма басшысы.

Былтыр департамент 24 қаржы пирамидасын әшкерелеп, оларды жарнамалаған 300-ден астам интернет-ресурсты бұғаттаған. Сонымен қатар, алаяқтардың қолына түспей сақталып қалған «фишинг» сипатында 1,5 миллион шамасындағы хабарлама анықталды. Сондай-ақ алаяқтық бойынша қалада биыл үш қылмыстық іс қозғалды. Бұл істерде айналымда болған қаражаттың жалпы сомасы миллиард теңгеден асып, оның 170 миллион теңгеден көбі мемлекетке қайтарылды, ал қалған қаражат пен мүлікке тыйым салынды. «Алаяқтардың басты нысанасы – жастар мен жұмыссыз азаматтар, сондай-ақ зейнеткерлер. Олар осы аталған топтағы кісілерді тез әрі оңай пайда табуға қызықтырады, жоғары пайызбен кіріске кенелуге уәде береді, сөйтіп халықтың сеніміне әбден кіріп алады. Мұндай алаяқтық схемалармен күресу үшін біз әрбір азаматтың қаржылық сауаттылығын арттырудан бастауды жөн көрдік»,– деді экономикалық қылмыстарды тергеу қызметінің өкілі М.Оспанов.

Мамандардың айтуынша, интернет алаяқтар көбінесе шетелде отырып жұмыс істейді. Сондықтан олармен күресу, алдап алған ақшаларын иелеріне қайтарып беру өте қиын. Бұдан құтылудың ең оңай жолы алаяқтармен ешқандай жақын байланысқа шықпау. Кейбіреулер өтірік қоңырау шалады. Немесе әлеуметтік желіге сілтеме арқылы өтіп танысы қатысып жатқан бір байқауға қолдау білдіріп жібер деп те құрығына байлауға тырысады. Осының бәріне алданып қалмау керек. Сондықтан қаржы саласының мамандары азаматтарды өте мұқият болуға шақырады. 

А.АБДРАХМАН

    A+
Уақыты: 2025-07-16  Айдарша: Құқық
TAG: