5276 қару иесі тексеріліп, 128 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталды
Қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі. Әсіресе, атыс қаруы мен оқ-дәрілердің айналымын бақылауда ұстау – қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстың алдын алуда ерекше маңызға ие. Соңғы жылдары заңсыз қару сақтау және оны қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін елімізде бірқатар кешенді шаралар қолға алынып келеді. Соның бірі жыл сайын республикалық деңгейде өткізілетін «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы.
Биылғы шілде айының алғашқы онкүндігінде бұл бастама Шымкент қаласында да жүзеге асырылды. Ауқымды іс-шара барысында полиция қызметкерлері мыңдаған қару иелерін тексеріп, заң талаптарының сақталуына бақылау жүргізді. Қару сақтау мәдениеті, азаматтардың жауапкершілігі және құқықтық сауаттылығы осы шара барысында кеңінен қамтылып, тиісті нәтижелер тіркелді. Іс-шараны Шымкент қаласы Полиция департаменті ұйымдастырды. Негізгі мақсат атыс қаруын қолдану арқылы жасалуы мүмкін қылмыстардың алдын алу, заңсыз айналымдағы қару-жарақ пен оқ-дәрілерді анықтап, оларды тәркілеу, сондай-ақ азаматтық қару иелерінің қаруды сақтау ережелерін қалай орындайтынын тексеру болды.
Полиция қызметкерлері қала аумағындағы барлық ықтимал мекенжайларды қамтуға тырысты. Рейдтер барысында тұрғылықты мекенжайлар ғана емес, сондай-ақ аңшылық алқаптар мен шалғайдағы шаруа қожалықтары да қамтылды. Іс-шара барысында жалпы саны 5276 қару иесі тексерілді. Нәтижесінде 128 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталды. Оның ішінде қаруды заңсыз сақтау, алып жүру немесе тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 3 азамат, ал тіркеу ережесін бұзғаны үшін 20 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері 9 суық қаруды тәркіледі, қазіргі уақытта олар бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл жағдайлар азаматтар арасында заңды қару иелену мәдениеті мен тәртіпті сақтау деңгейінің әлі де болса жеткіліксіз екенін көрсетсе керек. Алайда, полиция қызметкерлері осының алдын алып, құқық бұзушылықты болдырмауға жанын салып жұмыс істеп, бірқатар іс-шаралар да ұйымдастырып та келеді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әлібек Молдабеков аталған шараның маңыздылығын айрықша атап өтті. Ол бізге берген сұхбатында: «Қазіргі таңда елімізде атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алу басты басымдықтардың бірі. Біздің мақсат – қару иелерінің заңға сай әрекет етуін бақылап, қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыру. Қару иесі тек құқықтық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да үлкен жауапкершілік арқалайды. Бұл ретте біздің бөлім тексеру жұмыстарымен шектеліп қалмай, қару иелеріне түсіндіру, ескерту жұмыстарын да тұрақты түрде жүргізіп келеді»,– деді.
Бұл іс-шара «Заң және тәртіп» қағидатының нақты, айқын көрінісі. Қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатердің алдын алу, азаматтардың құқықтық санасын көтеру және заң талаптарын бұзуға жол бермеу құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі. Әлбетте, бұл қағида еліміздегі құқықтық тәртіптің берік негізі.
Сонымен қатар, іс-шара барысында заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсырған азаматтардың қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатыны кеңінен түсіндірілді. Бұл Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында қарастырылған құқықтық кепілдік. Шара кезінде бірнеше азамат өздерінде заңсыз сақтаулы тұрған оқ-дәрілерді полиция бөлімшелеріне ерікті түрде өткізіп, жауапкершіліктен босатылды.
– Бүгінгі таңда қару ұстау жай ғана рұқсат қағазы немесе тіркеу құжаты болса ұстай берсін деген сөз емес. Бұл үлкен жауапкершілік. Қару иесі өз мүлкін ғана емес, айналасындағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін де ойлауы тиіс. Өкінішке қарай, тексеріс кезінде көп жағдайда қару сақтау тәртібі өрескел бұзылып жатқанын көреміз. Қарулар тиісті сейфтерде емес, балалар немесе бөгде адамдар оңай қол жеткізе алатын жерлерде сақталып жатады. Мұндай салғырттық ауыр қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін. Сондықтан біз тек құқықтық тұрғыдан ғана емес, адами және моральдық тұрғыдан да түсіндіру жұмыстарын жүргізуге баса назар аударамыз. Бұл іс-шара кезінде тұрғындармен жеке сөйлесіп, оларға қауіпсіздік ережелерін қару қолдану кезіндегі заң талаптарын түсіндірдік. Көптеген азаматтар біздің ескертуімізді түсіністікпен қабылдап, өздеріндегі кемшіліктерді жоюға уәде берді. Кейбіреулері ерікті түрде қаруларын тапсырып, заңсыз әрекетке бармаудың жолын таңдады. Мұндай мысалдар біз үшін маңызды, себебі бұл қоғамның құқықтық мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Тағы бір маңызды нәрсе, бұл іс-шара арқылы біз азаматтардың полицияға деген сенімін арттыруды көздедік. Себебі, біз қару айналымы саласындағы бақылауды күшейтумен қатар, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруды, қоғаммен ашық әрі серіктестік негізде жұмыс істеуді мақсат етеміз. Тек осындай өзара түсіністік пен бірлескен жауапкершілік арқылы ғана біз қауіпсіз, тұрақты қоғам құра аламыз. «Қару» іс-шарасы осындай мақсаттарды көздеген нақты қадамдардың бірі, – деді полиция полковнигі Әлібек Молдабеков.
Иә, қоғам тыныштығын сақтау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша азаматтардың ортақ борышы. Бұл орайда, полиция қызметкерлері тұрғындарды қару сақтау мен қолдану ережелерін қатаң сақтауға, сондай-ақ күмәнді немесе заңсыз қару-жарақ туралы деректер болса, тиісті органдарға хабарлауға шақырады. Бірлесе жұмыс істеу, құқық бұзушылықтың алдын-алуға жұмыла кірісу арқылы елдің тыныштығын қамтамасыз етуге үндейді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, алдағы уақытта да мұндай профилактикалық іс-шаралар жалғасын таба бермек. Бұл тек қауіпсіздікті сақтау үшін ғана емес, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда тереңдету үшін де маңызды. Шымкент қаласының Полиция департаменті қару айналымы саласындағы заң бұзушылықтарға нөлдік төзімділік танытып, заң алдында барлығының тең болуын қамтамасыз етуге күш салады.
Жалпы алғанда, Шымкент қаласында өткізілген «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы қару айналымын бақылау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында нақты нәтижелер көрсетті. Мыңдаған қару иесі тексеріліп, ондаған заң бұзушылық анықталды, бірқатар суық қару тәркіленді. Ең бастысы, бұл жұмыс тек жазалау шараларымен шектеліп қалмай, азаматтармен ашық диалог орнату, түсіндіру және алдын алу бағытына негізделді. Полиция қызметкерлері қару ұстау үлкен жауапкершілік екенін, ол тек құқық емес, сонымен қатар қауіпсіздікті сақтау міндеті екенін әрбір қару иесіне жеткізуге тырысты. Аталған шара елімізде қалыптасып келе жатқан құқықтық мәдениеттің маңызды бір бөлігі. «Заң және тәртіп» қағидаты тек полиция тарапынан ғана емес, бүкіл қоғам тарапынан ұстанылатын негізгі құндылыққа айналуы тиіс. Азаматтардың өз құқықтарын білумен қатар, міндеттерін де сезінуі құқықтық мемлекет құрудағы маңызды қадам. Ал, қару иеленуде бұл талаптар екі есе күшейеді. Себебі, бір адамның салғырттығы үлкен қауіпті жағдайға алып келуі мүмкін.
Іс-шара барысында қаруды заңсыз сақтағанымен, оны ерікті түрде тапсырған азаматтар да кездесті. Бұл азаматтық сана-сезімнің көрінісі. Заң аясында жасалған әрбір дұрыс шешім қылмыстың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға жол ашады. Сонымен қатар, полиция департаментінің азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатуға қатысты ұстанымы, яғни ерікті түрде тапсырылған заңсыз қару-жарақ пен оқ-дәрілерге қатысты жеңілдіктер туралы ақпараттандыруы да айтарлықтай нәтижесін берді.
Шымкент қаласы Полиция департаменті алдағы уақытта да осындай алдын алу және бақылау шараларын жүйелі түрде жалғастырмақ. Себебі бұл бағыт уақытша науқан емес, ұзақ мерзімді қауіпсіздіктің негізі. Қоғамдағы әрбір адамның қауіпсіздігі мен бейбіт өмірі тек құқық қорғау органдарының емес, барша жұрттың ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпаған жөн. Құқықтық тәртіптің сақталуы тек жазалаудың емес, алдын алудың нәтижесі. Ал мұндай іс-шаралар – қоғам мен билік арасындағы сенім мен әріптестікті арттыруға бағытталған нақты әрі тиімді құрал, жүйелі жұмыс екені анық.
Аида ӨТЕП