Алишер АЙСАЕВ: Шымкент қалалық Полиция департаменті КҚІБ-ның АМІЖ аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі:
Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты бүгінде қылмыстың жаңа түрлері, яғни киберқылмыстар саны айтарлықтай өскен. Соңғы жылдары азаматтардың атына несие рәсімдеу, жалған сауда алаңдарында тауар сату секілді интернет-алаяқтық фактілері жиілеген. Шымкент қаласы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасына ақпараттық технологиялар мен цифрлық жүйелер арқылы жасалатын қылмыстардың жолын кесу, алдын алу және оларды әшкерелеу міндеті жүктелген. Осы орайда интернет желісі арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстармен күресу негізгі бағыттарының бірі болып табылатын басқарманың аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Алишер Айсаевтан бірқатар сұрақтарға жауап алған едік.
– Атауынан аңғарылып тұрғандай, интернет желісі арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстармен күресу негізгі бағыттарының бірі саналатын киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының басқа да бағыттары мен міндеттеріне тоқталып өтсеңіз?
– Басқарма кибершабуылдар, компьютерлік жүйелерге заңсыз қол жеткізу, ақпараттық деректерді ұрлау немесе оларды өзгерту сияқты күрделі қылмыстармен де айналысады. Мұндай істерде арнайы техникалық құралдар мен бағдарламалар, сонымен қатар жоғары деңгейдегі білікті мамандардың көмегі қажет болады. Біздің тағы бір маңызды бағытымыз – азаматтардың жеке деректерін қорғау. Әлеуметтік желілер мен түрлі мобильді қосымшалар арқылы пайдаланушылардың жеке ақпараты жиі қолды болып жатады. Осындай деректердің заңсыз айналымға түсуінің алдын алу біздің міндет.
Басқарма алдын алу және ақпараттық түсіндіру шараларына да ерекше көңіл бөледі. Қоғамды киберқауіптер туралы хабардар ету, интернет қауіпсіздігі туралы түсінік қалыптастыру мақсатында біз үнемі түрлі акциялар, онлайн семинарлар мен кездесулер өткіземіз. Бұл жұмыстар, әсіресе, жастар мен жасөспірімдер арасында кеңінен жүргізіледі.
Айта кету керек, киберқылмыстардың көпшілігі трансшекаралық сипатқа ие болғандықтан, біз халықаралық ұйымдармен, шетелдік құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ Қазақстандағы банк жүйесі, байланыс операторлары мен IT-компаниялармен тығыз байланыста жұмыс жүргіземіз. Бұл ынтымақтастық киберқылмыстың ізін дер кезінде анықтауға және кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуға мүмкіндік береді.
Жалпы, Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тұратын, техникалық және құқықтық жағынан жоғары деңгейде жабдықталған құрылым. Біздің басты мақсатымыз – еліміздегі цифрлық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін киберқылмыскерлерден қорғау.
– Қазіргі уақытта кең таралған киберқылмыс түрлері қандай?
– Шымкент қаласының аумағында интернет желісін қолданушыларға қатысты алаяқтық қылмыстары биылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысы бойынша жалпы 300 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелген, 110 іс өндірістен аяқталып, қылмыстың ашылу пайызы 32,4 пайызды құраған. Дегенмен, қылмыскерлер уақыт талабынан қалыс қалмай, азаматтардың ақшалай қаражатын жымқырудың түрлі жаңа әдіс-тәсілдерін қолдануда. Әсіресе, олар әлеуметтік желілердің мүмкіндігін ұтымды пайдаланып отыр. Әдетте алаяқтар, өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы алдайды.
Әйгілі медиялық тұлғалардың бейнелерін интернет хабарландыруларға орналастыру және тиімді жобалараға ақшаны салу арқылы қаражаттарын көбейтуді ұсыну арқылы да алдап соғады. Интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету барысында жоқ тауарға сату платформалары арқылы (Kolesa.kz, OLX, Krisha.kz) және «Инстаграм» әлеуметтік желісі арқылы фейк парақшалар ашып, өздерінде жоқ тауарларды арзан бағада жарнамалап, ол бойынша хабарласқан ел азаматтарынан алдын ала төлем жасау жолымен қаражаттарын иемдену жолын да жасайды. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банктер өздерінің клиенттеріне тауарды несиеге пайызсыз бөліп төлеу мүмкіндігін қолданып, оны 15-20 пайыз аралығында «обналичка» жасап беремін деген себеппен ақша қаражаттарын жымқыруда, ал біздің тұрғындар алмаған тауарлары үшін несие төлеуге мәжбүр болуда.
Алаяқ жәбірленушіге абоненттік нөмір арқылы хабарласып «Почта бөліміне зат келіп тұр», «Телефоныңызға 1414-тен хабарлама келіп тұр», «СИМ картаңыздың мерзімі өтті, қайта жаңарту қажет» деген сылтаулармен смс кодтарды алып, басқа абоненттік нөмірмен жәбірленушіге қайта хабарласып, өздерін банк және құқық қорғау орган қызметкері ретінде таныстырып жәбірленуші атынан несие рәсімдетіп, онымен қоса атында жылжымайтын мүлкі болса арзан бағада сатқызып, ақшасын аудартып алады. Жоғарыда айтылған екі тәсілмен алданған жәбірленушілердің назарын аударатын, әлеуметтік желідегі жалған «адвокат, заңгер қызметі» жарнамалары аз емес. Алаяқ жәбірленуге келтірілген шығынды немесе визуалды көбейген ақшасын алып беру қызметін ұсынып, жәбірленушіні тағы да қарызға белшесінен батыртып, ақшасын алуда. 80 пайыз интернет-алаяқтық қылмысы осы тәсілмен жасалады. Сонымен қатар, зерделеу барысында басым бөлігі 35-70 жас арасындағы тұрғындар алданатыны белгілі болды. Алданған тұлғалар көбіне зейнеткерлер, декреттегі аналар, мұғалімдер мен дәрігерлер, жұмыссыздар болып шығады.
– Азаматтар өздерін интернеттегі алаяқтардан қалай қорғауы керек? Жалпы, алаяқтарға алданып қалмас үшін азаматтардың құқықтық санасын арттыру бағытында қандай шаралар жүргізілуде?
– Қазіргі цифрлық дәуірде интернет пен мобильді технологиялар біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Электронды сауда, онлайн-банкинг, әлеуметтік желілер, цифрлық құжат айналымы – барлығы да уақыт үнемдеуге, өмірді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Алайда бұл мүмкіндіктермен қатар жаңа қауіптер, атап айтқанда интернет-алаяқтық пен киберқылмыс түрлері де күн санап артып отыр. Соңғы жылдары елімізде, соның ішінде Шымкент қаласында да интернет алаяқтарының әрекетімен байланысты құқық бұзушылықтар көбейіп келеді. Осыған байланысты біз, ішкі істер органдары, азаматтарға өз киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ақпараттық және алдын алу жұмыстарын белсенді жүргізіп келеміз.
Цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең тиімді жолы – азаматтардың құқықтық санасы мен цифрлық сауаттылығын арттыру. Интернет алаяқтарының кең тараған тәсілдері мен одан сақтану жолдарына тоқтала кетейін. Телефон арқылы жасалатын алаяқтықтан сақ болыңыз. Интернет алаяқтарының ең жиі қолданатын әдістерінің бірі – өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың жеке және қаржылық деректерін алдап алу. Егер сізге белгісіз біреу қоңырау шалып, «сіздің шотыңыз бұғатталды», «күдікті операция тіркелді», «несие рәсімделіп жатыр» деген сылтаумен жеке мәліметтеріңізді сұраса дереу әңгімені доғарыңыз. Банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы банктік картаның толық нөмірін, артқы жағындағы CVC кодты, SMS арқылы келген растау кодын сұрамайды. Мұндай жағдайда әңгімені доғарып, өз банкіңіздің ресми сенім телефонына қайта қоңырау шалып, ақпараттың рас-өтірігін анықтаған жөн.
Интернет-дүкендердегі жалған саудадан абай болыңыз. Интернет арқылы тауар сатып алғанда тым арзан баға мен шұғыл төлем жасауды талап ету – бұл да алаяқтардың айласы. Мысалы, желіде базардағы бағадан әлдеқайда төмен техника, киім немесе тұрмыстық зат ұсынылады. Бірақ сатып алушы ақшаны аударғаннан кейін сатушымен байланыс үзіледі, ал тауар ешқашан келмейді. Сондықтан, алдын ала төлем жасаудан бас тартыңыз. Сатушының парақшасын, пікірлерін мұқият зерттеңіз. Тек қолма-қол алған соң төлеуге болатын жеткізу әдістерін таңдаңыз.
«Ақшаңызды еселеп көбейтемін» деген уәделерге сенбеңіз. Желіде бейтаныс адамдар немесе аккаунттар сізге «ақшаңызды бірнеше есе көбейтіп беремін», «инвестиция құйсаңыз, жоғары пайда аласыз» деп уәде беруі мүмкін. Алайда бұл – көп жағдайда қаржы пирамидалары мен алаяқтық схемалардың бір бөлігі. Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық банктің өзінде ресми депозиттер бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме 8-9% шамасында. Ал аз уақыт ішінде ақшаңызды еселеп беремін деген ұсыныстар экономикалық тұрғыдан мүмкін емес және заңсыз әрекетке жетелейді.
Жеке деректеріңізді қорғаңыз. Интернетте жеке деректеріңізбен бөлісуге әрдайым сақ болыңыз. Әсіресе, ЖСН, төлқұжат немесе жеке куәлік суреттері, банк картасының деректері, электрондық поштаның логині мен құпиясөзі сияқты ақпараттар қатаң құпия болып саналуы тиіс. Бұл ақпараттарды тек ресми, тексерілген платформаларда ғана және қажет жағдайда ғана беруге болады. Әйтпесе, бұл мәліметтер алаяқтардың қолына түсіп, сіздің атыңыздан несие рәсімделуі немесе банк шоттарыңыз бұғатталуы мүмкін.
Қоғамдық сананы арттыру – басты міндетіміз. Құқық қорғау органдары Шымкент қаласы бойынша киберқылмыстың алдын алу мақсатында тұрақты түрде БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, мектептер мен ЖОО-ларда кездесулер өткізеді. Әлеуметтік желілерде бейнероликтер, ескертпе парақтар жариялайды. «Алаяқтарға алданбаңыз», «Сақ болыңыз – киберқылмыс!» сынды ақпараттық акциялар ұйымдастырады. Бұл шаралардың мақсаты – азаматтардың құқықтық және цифрлық мәдениетін қалыптастырып, алаяқтардың арбауына түсіп қалмауына жол бермеу.
Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына әрдайым қырағылық танытуға, күмән тудыратын кез келген жағдайда ештеңе төлемей тұрып тексеруге және жеке деректерді бөтен адамдармен бөліспеуге кеңес береміз. Егер интернеттегі алаяқтық әрекетке тап болсаңыз немесе күмәнді жағдай туындаса – бірден жақын жердегі полиция бөлімшесіне немесе 102 нөміріне хабарласыңыз. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігінің ресми сайттары мен әлеуметтік парақшаларынан да қосымша ақпарат ала аласыз. Сіздің цифрлық қауіпсіздігіңіз – сіздің жеке жауапкершілігіңіз. Сақ болыңыз, алданып қалмаңыз!
Әңгімелескен Аида ӨТЕП