Қауіпсіз қоғам – ел тыныштығының кепілі

Қысқаша

Егер қажеттілік туындаса, іс-шара санына шектеу қойылмайды.

image.png

Елімізде бірнеше жылдан бері «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы іске асып келеді. Жалпы қауіпсіздік деген бұл жай ғана дерексіз ұғым емес, ол азаматтардың өмірін қауіпсіз әрі жайлы ететін көптеген аспектілерді қамтитын күрделі түсінік деуге болады. Сондықтан осы негізді басшылыққа ала отырып осыдан төрт жыл бұрын мемлекет тарапынан «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы бекітілген болатын.

Айта кету керек, «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы – Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік ауқымды шараның бірі. Жалпы көпшілігіміз жақсы білетіндей елдің келешегі оның қауіпсіздігімен тікелей байланысты болмақ. Сондықтан жоғарыда айтып өткеніміздей қауіпсіздік бұл Қазақстанда тұрып жатқан азаматтардың өмірін қауіпсіз әрі жайлы ететін көптеген салаларды қамтитын күрделі де санқырлы түсінік. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы 2021 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданғанын еске сала кеткен жөн. Ал аталған жобаның көздеген негізгі мақсаты — халықтың өмір сапасын арттыру, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін жақсарту, құқықтық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылықты жақсарту болып табылады.

Бұл ретте бүгінгі таңда Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығында «Науқастар мектебі» жұмыс істеп келеді. Оның мақсаты – адамды есінен айырып өзіне тәуелді қылатын түрлі психотропты заттарға уланған жандарға психологиялық көмек көрсету. «Науқастар мектебі», сонымен бірге, нашақорлық пен есірткі бизнесіне, ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл кешенді жоспарын, наркологиялық және токсикологиялық көмекті жетілдіру шараларын іске асыру жөніндегі «Жол картасын» орындау мақсатында ашылып отыр. Бұл жерде науқастар психотропты заттарға тәуелді болудың басты себептерін анықтап одан құтылудың жолдарын үйренеді. Ол үшін оларға білікті психолог, психотерапевт, нарколог мамандар көмекке келеді. Дәрігерлер рецидив, ескі әдеттің қайталанбауының алдын алады. Науқастың жағдайын нашарлатпаудың әдіс-тәсілдерін көрсетеді. Мектептің мамандары науқастың өзіне емес, отбасы мүшелеріне де психологиялық жәрдем береді, ақыл-кеңестерін ұсынады. Мұндай іс-шара айына бір рет өткізілетін болады. Егер қажеттілік туындаса, іс-шара санына шектеу қойылмайды.

– «Науқастар мектебі» бүгінгі күні өзінің оң нәтижесін көрсетіп келеді. Бұл мекеменің ашылуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында есірткі бизнесіне, нашақорлыққа қарсы күресті күшейту керектігі жөнінде берген тапсырмасы түрткі болды. Әрі «Қауіпсіз ел» жобасы аясында да бұл бастаманың берер нәтижесі зор болады деп сенеміз. Мұнда ең біріншіден психикалық белсенді зат – алкогольді ішімдік, есірткі, ойынқұмарлыққа тәуелді болған жандар емделеді. Психикалық дерттің бір ерекшелігі адамның сана-сезімі бұзылады. Хирургиялық ауруда отамен науқасты емдеп тастауға болады. Психикалықта санадағы ауытқушылықтармен күреседі. Бірінші кезекте дәрігерлер науқастың өмірге деген көзқарасын өзгертуге тырысады. Қоршаған ортамен байланысын қалыпқа түсіруге әрекеттенеді. Орталықта алты мыңнан астам адам психотропты заттарға тәуелділік бойынша есепте тұр. Сананы улайтын заттарға еліткен адам толық жазылып кетпейді. Біраз уақыт ремиссияда, яғни үзілісте жүруі мүмкін. Дегенмен рухани күш-жігерімен тәуелділіктен құтылған науқастар да бар. Мектепте пациенттердің жақын туыстары да психологиялық көмек алады. Оның ертеңгі күні нашақорлық, маскүнемдік, шылымқұмарлық, лудоманияға қарсы күресте көрсеткіш нәтижесін жақсартуға септігі мол. Тек орталықта тіркеуде тұрғандар емес, емделуге намыстанып жүрген азаматтар да анонимді түрде осында келіп, дәрігерлерге қаралып кетуіне болады. Немесе психикалық белсенді затқа тәуелділікке ұрынған науқастың жақын туыс, ағайындары осы жерге әкеп жасырын түрде емдете алады. Орталықта алкогольді ішімдікпен есепке алынғандар көп. Оларға да түрлі жағдайда ем көрсетіледі. Алты мыңнан жоғары науқастың мыңнан астамы есірткі бойынша тіркеуде тұрса, қалғаны спирттік ішімдікке құмартқан жандар,– дейді писхикалық денсаулық орталығының мамандары.

Осы тұста айта кету керек, бүгінде қоғамдағы жастар арасында синтетикалық есірткі түрлері тез тарап жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде қазір синтетикалық есірткінің мыңнан астам түрі шығады. Және жыл сайын жасанды есірткілер саны көбейіп барады. Бұл орайда мегаполистің  нарколог мамандары синтетикалық есірткінің бірнеше қаупін атап өтті. Оның біріншісі, адам бір-екі қолданғаннан оған тәуелді болып қалады. Екіншіден, оның миға әсер ету жылдамдығы өте тез. Үшіншіден, жасанды есірткінің белгісін анықтау өте қиын. Бірнеше сағаттан кейін қан сынамасынан синтетикалық есірткіден ешқандай белгі табылмайды. 

Көбіміз елей бермейтін маскүнемдік пен шылымқұмарлықтың да адам денсаулығына, жалпы қоғам мен ұлт саулығына тигізер зияны орасан зор. Алкогольдің зияны туралы айтатын болсақ, оның денсаулыққа, әлеуметтік және психологиялық тұрғыдан зияны көп. Алкогольді шамадан тыс тұтыну бауыр аурулары, жүрек-қан тамырлары аурулары, психикалық ауытқулар және басқа да денсаулық проблемаларына әкеледі. Сонымен қатар, алкогольді ішімдіктерді тұтыну әлеуметтік қарым-қатынастарды бұзып, отбасылық проблемаларға, жұмыстағы қиындықтарға және басқа да әлеуметтік проблемаларға әкелуі мүмкін. Алкоголь ішімдігін тұтынған адамда бірінші кезекте бауыр мүшесінің қызметі бұзылады. Сонымен бірге басқа да органдары зақымдалады. Сол үшін мамандар мемлекеттің араққұмарлықпен, шылым шегуге қарсы күрес шараларын толық қолдайды. Бұрынғы кезбен салыстырғанда алкоголь, шылым шегумен күрес тиімді жүзеге асып жатыр. Мәселен, осы күнде барлық сауда орындарында темекі ашық түрде сатылмайды. Арнайы жасырын жәшігінде сақталып тұрады. Керек адам өзі барып сатып алады. Бұл жастардың, әсіресе, балалардың көз алдында темекі өнімдерін жарқыратып қызығушылығын арттырмау үшін қолға алынған шара деп түсіндік. Оның жастар арасында темекі өнімдерін тұтыну статистикасын азайтуға өз септігін тигізіп жатыр деген ойдамыз. Сол секілді алкогольді өнімдермен күрес шарасы да елімізде қатаңдатылған. Мәселен, 18 жасқа толмаған жеткіншектерге, балаларға арақ-шарап басқа да алкогольді ішімдіктер сатылмайды. Сондай-ақ түнгі уақытта алкогольді өнімдердің саудасына тыйым салынған. Одан бөлек арақ ішіп қоғамдық орындарда халықтың мазасын алғандарға да жаза күшейтілген. 

«Бейресми статистика бойынша Шымкент шаһарындағы жастардың 20%-ы синтетикалық есірткі тұтынады. Бұл ақпаратты сауалнама, зерттеулер жүргізген қоғам белсенділері беріп отыр. Осындай бейресми ақпаратқа сенсек, Алматы мен Астана қаласы жастарының 50%-ы, яғни тең жартысы синтетикалық есірткі қолданады екен. Ал ресми түрде жасанды есірткі пайдаланатын жастар саны аз. Нақты статистиканы анықтай алмауымыздың себебі, психикалық денсаулық орталығы кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге ата-аналарының рұқсатынсыз ешқандай сауалнамалық зерттеу жүргізе алмайды. Дегенмен жастардың келешегіне мемлекет те алаңдайды. Сондықтан Үкімет қолдауымен нашақорлықпен күреске байланысты «Жол картасы» аясында алдағы уақытта жастар арасында статистикалық зерттеу жұмыстарын бастаймыз ба деген ойдамыз»,– дейді мамандар. Айта кету керек, бүгінгі таңда психикалық денсаулық орталығында 435 науқасқа арналған орын бар. Онда жалпы наркологиялық, психиатриялық, оңалту мен жасырын емдеу бөлімшелері жұмыс істейді. Айта кеткен жөн орталық ғимаратының салынғанына көп жыл өткен. Сондықтан ол қазіргі таңда жаңғыртуды талап етеді. Бұл орайда қала әкімдігі аталған мәселені шешу үшін жаңа ғимарат кешенін салуды жоспарлап отыр. 

Жалпы «Қауіпсіз ел» жобасы аясында полиция және құқық қорғау органдарының қызметін жақсарту, олардың ашықтығын қамтамасыз ету, халық сенімін арттыру мақсатында елімізде көптеген реформалар іске асып жатыр. Аталған жоба бойынша халықтың денсаулығы мен тыныштығын күзететін барлық салаға заманауи технологиялар мен цифрландыру құралдарын енгізу көзделіп отыр. Және бұл бойынша төрт жыл ішінде Қазақстанда біраз жетістіктер болды. Соның бір айғағы осы күнде жол-көлік оқиғаларының санын азайту үшін кешенді шаралар қабылданып, жол қозғалысын бақылау мен реттеу жүйелерін жетілдіру жүріп жатыр. Осынау бастамада бірінші кезекте жол апаттарын азайтуға және жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың жатқанын айтқан жөн. Сонымен бірге жоба аясында төтенше жағдайлар жүйесін нығайту және оларға қарсы әрекет етуді жақсарту мақсатында арнайы құрылымдарды дамытуға да көңіл бөліне бастады. Мәселен, осы күнде төтенше жағдайларда жедел әрекет ету және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жаңа технологиялар сәтті енгізіліп жатыр. Өз кезегінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – жобада бейнебақылау, қоғамдық қауіпсіздік орталықтарын құру сияқты шаралар арқылы халықтың қауіпсіздігіне басымдық берілгенін қоса кеткен абзал. Мамандар аталған бұл шаралар қылмыстың алдын алуға және оның деңгейін төмендетуге ықпал ететінін айтады. Яғни «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы жалпыұлттық басымдықтарға және мемлекетті алға жылжыту мақсатында құрылған стратегиялық көрсеткіштерге негізделген деуге болады.

Негізінде елімізде «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын құруға бірнеше жағдаяттар түрткі болғанын ұмытпау керек. Осы ретте ең бірінші айтарымыз 2000 жылдардан бері Қазақстанда қоғамдық қауіпсіздік және құқықтық тәртіп мәселелеріне үлкен көңіл бөліне бастады. Соның ішінде құқық қорғау жүйесін жаңғырту, қоғамдық орындарда қауіпсіздікті арттыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күресу шаралары «Қауіпсіз ел» жобасының негізгі өзегі десек қателеспейміз. Қорыта айтқанда, бұл жоба елімізде қауіпсіздікті әрі әділетті және тұрақты қоғам құруға бағытталған маңызды бастаманың бірі. Жобаның халықтың өмір сапасын жақсартып, олардың болашаққа деген сенімін нығайтуға бағытталғаны анық.

Ә.ӨТЕБАЙ         

    A+
Уақыты: 2025-07-23  Айдарша: Құқық
TAG: