Данабай Алиев, Шымкент қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі:
– Соңғы уақытта қаладағы саябақтар мен қоғамдық орындарда вандализм әрекеттері жиілеп кетті. Жасыл желектерді жұлу, орындықтарды сындыру сияқты бұзақылықтар тұрғындар арасында алаңдаушылық тудыруда. Полиция бұл мәселемен қалай күресуде? Осындай әрекеттерге баратын азаматтарға қандай жауапкершілік көзделген?
– Қоғамдық тәртіп пен қала мүлкін сақтау – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта қала аумағындағы саябақтар мен қоғамдық орындарда вандализм әрекеттерінің алдын алу бойынша бірқатар кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда жаяу патрульдеу жұмысын күшейтіп, тәулік бойы бақылау жүргізуде. Ағымдағы жылы қала аумағында вандализм әрекеті тіркелген жоқ. Бұл тұрғындардың құқықтық мәдениетінің артып келе жатқанын және полициямен бірлесе жұмыс істеу нәтижесінің көрінісі.
Айта кету керек, вандализм әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. ҚР Қылмыстық кодексінің 294-бабына сәйкес, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру немесе жою фактісі бойынша арнайы жауапкершілік жүктелген. Сонымен қатар, өткен жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілген болатын. Атап айтқанда, 434-баптың 4-бөлігімен жаңа норма бекітілді. Бұл нормаға сәйкес, ғимараттарды, өзге де құрылыс нысандарын, тұрғын үйлерді, ортақ пайдаланудағы орындарды және басқа да қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға немесе 5-тен 20 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу түріндегі жауапкершілікке әкеп соғады. 2025 жылдың басынан бері осы бап бойынша бір әкімшілік құқық бұзушылық фактісі тіркеліп, тиісті хаттама толтырылды.
Алдағы уақытта да қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау, мүлікті бүлдірудің алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Полиция қоғамдық орындарды бақылауды күшейтіп, құқық бұзушылықтың кез келген түріне жедел әрекет етеді.
– Мас күйінде көлік тізгіндейтіндер де қоғам үшін үлкен қауіп төндіреді. Қазіргі таңда Шымкент қаласында мұндай құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары қалай жүргізілуде? Статистика бойынша биыл мас жүргізушілермен байланысты жол-көлік оқиғалары жиіледі ме, азайды ма?
– Иә, мас күйінде көлік басқару қоғам үшін аса қауіпті әрекет, себебі бұл жол-көлік оқиғаларына және адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басты себептердің бірі болып табылады. Осыған орай, полиция қызметкерлері тарапынан бұл бағытта жүйелі бақылау мен қатаң шаралар қабылдануда. Биылғы жылдың басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабына сәйкес, яғни көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытты масаң күйде басқарғаны үшін 438 азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, істері сотқа жолданды. Сот шешімімен аталған азаматтар 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Ағымдағы жылы мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушілердің қатысуымен бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ. Бұл қабылданған шаралардың және рейдтік-профилактикалық жұмыстардың тиімділігінің дәлелі. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін бұзу тек жүргізушілер тарапынан ғана емес, жаяу жүргіншілердің салғырттығынан да орын алып жатады. Нақтырақ айтқанда, азаматтардың белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі жол-көлік оқиғаларына себепші болуда. Осы бағытта ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жыл басынан бері 15.587 жаяу жүргіншіге әкімшілік хаттама толтырылды.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және олардың салдарын азайту бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесінде қаза тапқандар саны өткен жылмен салыстырғанда 16,7 пайызға төмендеді. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жалғасуда. Жергілікті жерлерде арнайы рейдтік шаралар мен жедел профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Атап айтқанда, "Тасымалдаушы", "Қауіпсіз жол", "Автобус" секілді іс-шаралар жүргізілуде, олардың мақсаты – қоғамдық көлік жүргізушілерін, жаяу жүргіншілерді және жеке көлік жүргізушілерін жол ережелерін сақтауға шақыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Полиция департаменті азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, өз өмірі мен өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық – өте күрделі әрі жасырын сипат алатын мәселе. Отбасындағы агрессия, әсіресе әйелдер мен балаларға бағытталған қысымға қарсы қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қанша шағым тіркеліп, қаншасы бойынша шаралар қабылданды?
– Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және оған жол бермеу де ішкі істер органдарының басты міндеттерінің бірі болып табылады. Осы бағытта полиция қызметкерлері тарапынан бірқатар жүйелі және мақсатты шаралар атқарылып келеді. Биылғы жылдың алғашқы 6 айында полицияға отбасындағы жанжалдарға байланысты 3.900 шақырту түсті. Аталған фактілер бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы (Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекеттер) негізінде 3.316 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, істері сотқа жолданды.
Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2 998 тұлғаға қатысты қорғау нұсқаулары шығарылды. Бұл нұсқаулар құқық бұзушыға жәбірленушімен байланысуға, жақындауға және белгілі бір әрекеттер жасауға тыйым салады. Сонымен қатар, полиция ұсынысы негізінде сот арқылы 406 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді. Мұндай талаптарға, мысалы, алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салу сияқты шектеулер енгізіледі. Аталған қорғау нұсқаулары мен ерекше талаптардың орындалуын бақылау мақсатында жүйелі тексерулер жүргізілуде. Нәтижесінде, қорғау нұсқауы талаптарын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша 134 азамат әкімшілік жауапкершілікке, мінез-құлыққа қойылған ерекше талаптарды бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша 198 тұлға жауапқа тартылды.
Биыл елімізде зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы бөлім құрылды. Аталған бөлім тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылармен профилактикалық жұмыс жүргізу, сондай-ақ зардап шеккен тұлғаларға құқықтық және психологиялық көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Полиция департаменті отбасындағы зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділік» ұстанымын ұстана отырып, бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай да күшейте бермек.
– Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен әлімжеттік те қоғамда алаңдаушылық туғызуда. Мектептерде, колледждерде орын алатын әлімжеттікке полицияның араласу деңгейі қандай?
– Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен әлімжеттіктің алдын алу қоғамның тұрақтылығы мен болашағы үшін аса маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта полиция департаменті кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі таңда білім беру мекемелерінде құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мектептерге полиция қызметкерлері бекітілген. Олар оқу орындарында күнделікті бақылау жүргізіп, оқушылардың тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысуда. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында қылмыстық жауапкершілік пен оның салдары туралы түсінік беру мақсатында мектептерде тәрбие-лекциялық сабақтар ұйымдастырылып келеді. Бұл жұмыстарға полиция департаменті мен аудандық полиция басқармаларының басшылары тікелей тартылған. Арнайы жасалған кесте бойынша барлық мектептерде құқықтық тақырыптағы кездесулер мен түсіндіру сабақтары өткізіліп жатыр.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, осы жылдың алғашқы 6 айында жасөспірімдер арасындағы әлімжеттікке байланысты бірде-бір қылмыстық дерек тіркелген жоқ. Бұл, әрине, профилактикалық шаралардың тиімділігін көрсетеді. Сонымен бірге, полиция қызметкерлері жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінің (ата-аналарының) қарауынсыз жүруінің алдын алу мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда. Бұл шаралар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған. Полиция департаменті алдағы уақытта да жасөспірімдермен жүргізілетін тәрбиелік, құқықтық және профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, олардың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында белсенді жұмыс істейтін болады. Біз әрдайым заң бұзушылықтың алдын-алуға тырысып, жұмысымызды жауапкершілікпен атқара береміз.
Әңгімелескен Аида ӨТЕП