Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазір жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұр.
Соған қарамастан Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр. Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр. Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет», – деді.
Биылғы Жолдау да Президенттің бұған дейінгі Жолдауларынан және сайлауалды бағдарламасынан бастау алған реформаларды одан әрі дамытуға арналып отыр. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында ел дамуы үшін маңызды 9 стратегиялық бағыт айқындалды. Олардың қатарында ақша-несие және салық саясаты арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті арттыру, ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру және қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру сияқты маңызды тақырыптар көтерілген.
Аталған Жолдауға байланысты Шымкент қаласы бойынша Халықтық штаб мүшелерінің қатысуымен «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау» жөніндегі аймақтық кеңес отырысы өтті. Жиынды кеңес төрайымы, Шымкент қаласы бойынша Халықтық штабтың мүшесі Баян Жандосова жүргізді. Қалалық филиал атқарушы хатшысының орынбасары, штаб жетекшісінің орынбасары Ербол Байқонысов, кеңес мүшелері, партия қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Халықтық штаб мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын насихаттады. Сондай-ақ, «Amanat» партиясының Шымкент қаласы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының 2024 жылға бекітілген тармақтарын іске асыру мақсатында дайындалған «Жол картасының» 8 айда орындалуы туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаеваның есебі тыңдалды. Ал Ербол Байқонысов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы жүктеген міндеттердің орындалуын, мән-маңызын халыққа жеткізу өзекті мәселе екенін атап өтті. «AMANAT» партиясы Жолдауда айтылған бағыттар бойынша кеңінен түсіндіру жұмыстарын бірінші күннен бастап кетті. Осы орайда баршаңызды белсенді жұмыс істеуге шақырамын», – деді Ербол Рәбілұлы.
Жолдаудағы «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек» деген алтыншы тарауда қозғалған мәселелер де өзектілігімен құнды. Бұл ретте, «Мемлекеттік қолдау, шын мәнінде, мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», – деген Президент сөзінің мәні тереңде. Ата заңымыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп тайға таңба басылғандай анық жазылған. Сондықтан да Президенттің биылғы Жолдауында әлеуметтік көмек көрсетуге аса мән беруін игі бастамалардың біріне жатқызуға болады.
Сондай-ақ, жиынға қатысушылар Жолдауда халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру, қоғамда тәртіп идеологиясын терең орнықтыру да жан-жақты сөз болғанын айтты. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған мәселелердің болашақта толық жүзеге асатынына кәміл сенім білдірді. Түйіндеп айтсақ, жиынға қатысушылардың сөзінен Президент Жолдауында қоғамдағы өзекті мәселелер жан-жақты қозғалумен қатар, еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдары тарапынан атқарылатын келелі міндеттер нақты белгіленіп, оларды шешу жолдары айқындалғанын бағамдадық.