Мейірім – жан шуағы

Қысқаша

Мейірім – жан шуағы

Мүгедектігі бар адамдардың денсаулығын қалпына келтіру, олардың өмірдегі, қоғамдағы жеке азаматтық тұлғасына құрметпен қарау, әлеуметтік мәртебесін ескере отырып, мәселесін шешу Шымкентте де назардан тыс қалған емес. 

image.png

Елімізде қазан айының екінші жексенбісі мүгедектігі бар адамдардың күні атап өтіледі. Бұл күн – әр адамның түрлі ерекшеліктеріне қарамастан өзін құнды және қажет екенін сезінетін инклюзивті қоғам құрудың маңыздылығын атап өтудің тағы бір салмақты себебі. Тәуелсіздік алғалы республикамызда ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау және өмір сүру сапасын арттыру саясаты жүйелі түрде іске асырылып келеді. 

Айтулы күнге орай, Шымкент қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен «Мейірім – жан шуағы» атты мерекелік іс-шара өтті. Мерекеге келген қонақтар алдымен  қаладағы ерекше жандардың қолымен жасалған түрлі бұйымдардан жасақталған көрмені тамашалады. Мұнан соң мерекелік кештің екінші бөлімі – концерттік бағдарламаға ұласты. Концерттік кеште 300-ге жуық мүгедектігі бар азаматтар, «Шымкент концерт» ұйымы өнерпаздарының әсем әні мен мың бұралған бишілердің өнерін тамашалады. Ал, «Шымкент цирк» мекемесінің сайқымазақтары мерекенің одан әрі көңілді өтуіне өз үлестерін қосты. Кеш соңында мүгедектігі бар жандарға демеушілердің есебінен сыйлықтар үлестірілді.

Айта кетейік, мүгедектігі бар адамдардың арасында дарынды суретшілер, табысты бизнесмендер, қоғам қайраткерлері жетерлік. Олар инновациялық технологиялар жасап, шабыт сыйлайтын кітаптар жазып, әлеуметтік жобалар жасауда, яғни қоғам дамуына баға жетпес үлес қосып келеді.