Д.Исабеков атындағы әдеби орталық ашылды

Қысқаша

Д.Исабеков атындағы әдеби орталық ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас өрендер үшін кітаппен дос болудың қаншалықты маңызды екеніне жиі тоқталып келеді. Шынында, кітап оқу бүгінгі таңда ең маңызды мәселелердің біріне айналып келе жатқаны жасырын емес. 

image.png

«Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деді Мемлекет басшысы биылғы Ұлттық құрылтай отырысында. Одан бөлек,  кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін ең алдымен кітапханаларды дамыту керек екенін де айтып өтті. «Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды», - деді Президент. Былтыр өткен Құрылтайда оқушылардың рухани дамуы үшін олардың кітап оқуынан бөлек, театр, мұражайға, тарихи орындарға жиі барып тұруы да маңызды екенін де қадап айтқан болатын. 

Расында, жас ұрпақтың бойындағы өшуге айналып бара жатқан құндылықтарды қайта жандандырудың ең негізгі көзі – руханияттан екендігі анық. Осыған байланысты, жақында Шымкент қаласында белгілі кәсіпкер, меценат Әлімхан Досыбаевтың демеушілігімен көпсалалы, сонымен қатар ұлттық негізде тәрбие беретін «Аuzhan KTL» атты көп тілді лицейдің және осы заманауи тұрғыдағы талаптарға әлемдік стандарттарға сай жан-жақты жауап беретін озық үлгідегі білім ошағында аумағы 250 шаршы метрді құрайтын, 6000 кітап қоры бар Дулат Исабеков атындағы әдеби орталықтың ашылу салтанаты өтті. Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, драматург Дулат Исабеков атындағы әдеби орталықтың ашылуы Шымкенттегі ең айтулы оқиғалардың бірі деуге болады. Аталған игі шарада әдеби орталықтың ашылуы ғана емес, жазушы Нұрлы Сапаның «Жаралы жолбарыс» атты кітабының да тұсауы кесілген. 

Осы іс-шара барысында алыс-жақыннан келген әдебиетсүйер қауым классик жазушы-драматург Дулат Исабеков, Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Иса, мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, айтулы ақын-жазушылар Нармахан Бегалыұлы, Қасымхан Бегманов, Құлбек Ергөбек, Бейсенбай Сүлейменов, Момбек Әбдіәкімұлы, Шойбек Орынбай, Дәркен Танабай және Нұрлыбек Саматұлымен кездесу өткізіп, кітап оқумен қатар әдебиеттің қазіргі бағыттары туралы ой бөлісіп, пікір алысты. Алдағы уақытта да әдебиет орталығы оқырмандарының жергілікті ақын-жазушылармен кездесу өткізіп, ой-пікірлерімен бөлісуі басты мақсаттарының бірі болып қалмақ.

Осындай игі іске мұрындық болған кәсіпкер, меценат Әлімхан Досыбаев өзінің асқаралы 60 жасын оң бастамамен атап өтуді жөн көрген екен. Мерейтойын жеке мүддесіне емес, ел мүддесіне, жас ұрпаққа арнап атап өткен меценаттың бұл бастамасына тұрғындар дән риза. Ашылу салтанатында Қазыбек Жарылқасынұлы Досыбаевтың дархандығын төрт аяғын тең басқан жыр жолдарымен жеткізген екен:

«Тегінде бар тегін, тыныш жатар ма?

Тарлансың ғой, талантыңды тасыттың.

Аунап түсіп жатқан болар

Әужан болыс атаң да,

Генералы болып шықтың кәсіптің!, – деп жеткізді ақын алғысын.

Шырайлы Шымкентке осындай тірі кітап, мүйізі қарағайдай ақын-жазушылардың аяқ басып, жас ұрпаққа өмірлік азық болар әңгімелерін айтып, тәжірибелерімен бөліскені тарихи күн болып қалары анық. Бұл да бір Мемлекет басшысы айтқан өркениеті өркендеген, ұрпағы кітапқа ынтық қоғам құрудың алғышарттары деуге болады.