Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы мәдениет және өнер қызметкерлерін құттықтау, марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз», - деген болатын. Одан бөлек, Мемлекет басшысы мәдениет пен өнер адамдары тарихи үрдістің алдыңғы шебінде жүріп, сол арқылы ұлтымыздың қарқынды дамуына ықпал ететінін атап өтті. «Сіздер өз шығармашылықтарыңыз арқылы халқымыздың бірегей болмысының жаңа қырын ашасыздар. Азаматтардың жасампаз қуатын оятасыздар. Сондықтан мемлекет шығармашылық өкілдерінің беделін арттыру үшін тиісті шараларды қабылдайды», - деді. Сонымен қатар мәдениет және архив істері қызметкерлерінің жалақысы көбейгенін айтты.
Расында да, өнер дегеніміз – адамзат баласының рухани аштығына таптырмайтын азық. Ал, сол өнер адамдарының өмір тарихы, еңбек жолы, бастан кешкен қызықтары мен қиыншылықтары туралы әңгімеге оқырманның әуес келетіні бар. Біз бүгін жақында ғана құрылу тарихының 90 емес 95 жылды құрайтынын дәлелдеп, мерейтойын тойлау үшін қызу дайындыққа кіріскен Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин театры туралы сөз қозғамақпыз. Аталған датаны театр қызметкерлері мұрағат құжаттарынан тапқан көрінеді. Бұл туралы біз ғасырға жуық тарихы бар Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері, ҚР мәдениет қайраткері Еркін Шымырқұловпен әңгімелескен едік.
– Еркін аға, әлқисса сөз сіздің өнерге, одан қалды Шымкенттегі мәдениеттің қара шаңырағы саналатын Ж.Шанин театрына қалай келгеніңізден басталса...
– Өнерге бала кезден-ақ әуес болдым. Тастан Өтебаев деген немере ағам театрда талай жыл бас режиссер қызметін атқарған еді. О баста сол ағамның бірнеше спектакльдерінде ойнағанмын. Жастайымнан ән айтып, драмалық шығармаларға, үйірмелерге қатысып өнерге құштар болып өстім. Бойымда қасиет барын ішім білетін. Уақыт өте келе өнер жолын одан әрі жалғастырамын деп шештім. Алдымен әнші боламын деп, 1976 жылы Алматыдағы Эстрадалық өнер студиясына әншілікке түстім, екі жыл сол жерде білім алған соң Қызылорда облысының филармониясында «Сырмаржаны» атты ансамбльде әнші, әрі концерт жүргізушісі болып жұмыс істеп жүрдім. Тағдырдың қалауы шығар, небәрі бір жылдан кейін әскерден шақырту келіп, ойланбай сонда аттандым. Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келгеннен кейін Шымкенттегі химия технологиялық институтына кешкі бөлімге оқуға түстім. Сонымен қатар, «Цементшілер» сарайында «Ақ маржан» дейтін ансамбльде солист болып жүрдім. Бір күні сол ансамбльдің басқарушысы, режиссер, мәдениет қайраткері Серік Елеусізов ағам: «Еркін, сен жассың ғой. Институтыңды бітірсең бітір. Бірақ сен бәрібір құрылыс инженері емес, өнер инженерісің. Өнерге оқуға түс. Тастан Өтебаев ағаң сияқты үлкен актер, режиссер бол», – деп ағалық шынайы пейілі мен кеңесін айтып, менің біржола өнерге бел байлап келуіме түрткі болды. Содан кейін 1982 жылы Алматы Мемлекеттік театр және көркемсурет институтына драма және кино актері мамандығына түсіп кеттім.
Осы оқуымды бітіргеннен кейін, яғни 1986 жылы 10 қыркүйектен бастап, бүгінге дейін Ж.Шанин театрында қызмет етіп келемін. Қарап отырсам, бұл театрдың сахнасымен бірге жасап жүргеніме де 40 жылға жуықтапты.
– Аға, ендеше 40 жыл маңдай теріңіз тамған театр тарихын сіз жақсы білсеңіз керек. Осы театр тарихынан ойып алар орны бар, өзіңіз құрмет тұтқан актер, режиссер аға буындар мен замандастарыңыз жайлы айтып өтсеңіз.
– Өнер майданына тайсалып, тосылып кіріп келе жатқанда өзімізден үлкен, тәжірибелі өз ісінің мамандарына таңдай қағып, тәлім алатынымыз рас. Менің де құрметтейтін, сыйлайтын әріптестерім көп. Олардың көбі қазір халық әртістері мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері сынды, одан да басқа марапаттардың иегерлері. Ә дегеннен мен Тастан Өтебаев, Ақсақал Қалмырзаев, Айша Абдуллина, Ошат Рақымов, Мәжит Ілиасқар, Отызбай Жұмабеков, Құпия Рахымбердиева, Айжан Жұмабекова сынды ағаларым мен апайларымның қолына түстім. Бірақ бәйгеден ат келеді, аты келген адам көңілі шат келеді деп, мен де келе сала мәдениет майданына қойып кеттім. Ыстық-суығын көріп, шыңдала түстім. Ең алғаш Тастан Өтебаев ағамыз қойған Әділбек Тауасаровтың «Арманшыл қыз» спектаклінде мектепті енді бітірген Болат деген жас жігіттің рөлін сомдап бастадым. Болат Самал есімді қызға ғашық болады. Ал Самал актриса болуды армандайтын, арманның жетегінде жүріп Болаттың сезімін елемейтін. Болаттың бірге болайық деген тілегінен қашып, жолы басқа екенін айтып Болаттың бетін қайтарады. Уақыт өте келе Болат атақты актер болады, ал Самал қанша тырысқанымен жақсы өнер иесі атану қолынан келмеді. Осы рөлді сомдап, «Жігер» фестивалінде бірінші орын алдық. Бұл жеңіс мені жігерлендіре түсті. Одан кейін қаншама рөлдерде ойнадым. Оның бәрін қазір тізіп отырудың қажеті де шамалы шығар.
Жалпы, актерді танитын да, танытатын да – режиссер. Міне, мен осы режиссерлерден жолы болған, бақытты актермін. Театрға келгелі рөлсіз отырған кезім болмапты.
– Еркін аға, жуырда ғана өзіңіз қызмет етіп жүрген Ж.Шанин театрының іргесі 90 жыл емес, 95 жыл бұрын қаланғаны туралы құнды жаңалық тараған еді. Осыған орай, алда мерейтойларыңыз тойланғалы отыр. Одан бөлек, Шымкентте Орта Азия театрларының IX фестивалі өтпек. Жалпы, аталған ақиқат қалай ашылды? Фестивль нақты қай күндері өтеді?
– Әрине, біз қаншама жылдардан бері театрымыздың іргесі 1934 жылы құрылды деген дерекке иек артып келдік қой. Бірақ театрдың ашылу тарихы одан әріректе жатқаны жайлы алып-қашпа сөз мен келген жылдардың өзінде талқыланып жататын. Ал оның құрылуына байланысты әділдікті, яғни нақты айғақ болар құжаттарды биыл театрымыздың қызметкерлері анықтады. Сол архивтен табылған құжаттарда 1927 жылы Жұмат Шаниннің театрдың дамуы туралы өзекті баяндамалар жасағаны анықталды.
Жалпы театр тарихы туралы сөз қозғалған кезде Алаш қайраткері, ақын, публицист, драматург Жүсіпбек Аймауытов еріксіз ойымызға оралады ғой. Ол 1926-1929 жылдары Шымкенттегі Сырдария округтік қазақ педагогикалық техникумында қызмет атқарды. Ол ғана емес Шымкентте драма үйірмесін ашып, театр мамандарын кәсіби деңгейде оқытып, қазақ ұлттық театрының ашылуына бірден-бір үлес қосқан атпал азамат. Демек, Аймауыттың баласы Жүсіпбектің кеше ғана ашылып отырған тарихи шындыққа тікелей қатысы бар. Сондай-ақ сол жылдары Жүсіпбектің Шымкенттегі 8-9 пьесасы сахналанған екен.
Қалай болғанда да тарих бәрін өз орнына қойды. Биыл 18 қыркүйекте театрымыздың 96-маусымын аштық. Алда 95 жылдық мерейтойымызды жоғарыда деңгейде атап өту жауапкершілігі тұр. Одан бөлек өзіңіз айтқан фестивальді де абыроймен өткізуіміз қажет. Ол 6-13 қараша күндері өтеді. Аталған шара Шымкенттің театр сүйер халқы үшін, мәдениеті үшін нағыз айтулы күндер болмақ. Ал театр тарихының қоржынына сондай бір қымбат шара қосылмақ.
Ж.Шанин театрының Шымкент қаласында ғана емес, Қазақстандағы мәдениет тарихында ойып алар орны бар деп ойлаймын. Себебі, Мұхтар Әуезов атындағы театрдан кейін алғаш ірге көтерген театрлардың бірі болып тұр ғой. Әкімнің, мәдениет басшылығының бұған ден қоюы, маңызын түсінуінің өзі үлкен жетістік деп білемін.
– Жаңа сөз арасында өзіңіз айтып қалдыңыз, биыл театрдың жаңа маусымы ашылды. Қателеспесем 96-маусым Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» пластикалық спектаклінің премьерасымен басталды. Өз басым Шымкенттен мұндай пластикалық қойылымды бірінші рет тамашаладым. Сіз маман ретінде бұл біздің өңірге жаңалық болды деп айта аласыз ба?
– Иә, Айтматовтың жүрек тебірентер ең мықты деген шығармасы ғой «Ақ кеме». Оны бәрі оқыған деп ойлаймын. Аядай ғана ауылда туған баланың аппақ арманын сахналау күрделі әрине. Спектакльдің режиссері – Гаухар Адай деген оқ бойы озық қыздарымыздың бірі. Асанәлі сыйлығының лауреаты, Грузияда өткен Нодар Думбадзе атындағы халықаралық театрлар фестивалінің «Үздік режиссері» атанғанын білеміз. Бүгінгі таңда мұндай форматта спектакльдер көптеп қойылып жатыр. Бәлкім қазіргі көрерменнің талғамы солай болғандықтан шығар.
Дегенмен, «айтпасаң сөздің атасы өледі» дейді. Менің бір айта кетерім, сахнада сөз құдіреті жоғалмау керек. Театр сахнасының көрермен жүрегін ашар негізгі кілті – сөз ғой. Сұрағыңызға келсем, Шымкентке пластикалық қойылым жаңалық емес. Кезінде Ерғали Оразымбетов ағамыз осындай пластикалық спектакльдерді қойған болатын. Алайда, мәтіндегі сүттің бетіндегі қаймақтай кілкіп тұратын құнарлы, дәнді, дәмді сөздерді, диалог, монологтарды міндетті түрде сценарийге енгізетінбіз. Ал «Ақ кемедегі» менің қарным ашқан тұс, пластика мен сюжетке ғана ден қойып, сөздің сиреп кеткені болды. Сөздің сирегені сонша, сюжетті тек «Ақ кемені» оқыған көрермен ғана түсінетін секілді. Әрине, бұл спектакль нашар қойылған деген сөз емес. Бәрі жақсы. Сахнаның безендірілуі, актерлердің ойнауы жақсы. Әсіресе, жарық беруші мен музыкалық сүйемелдеушінің еңбегін айтып өту керек.
– Жақында театрларыңызға Алматыдан жиырма шақты студент келді деп естіп едік. Олар штатта қала ма? Жалпы театрда қанша қызметкер бар?
– Иә, театрымызға дуальді оқыту жүйесі арқылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан 19 студент келген болатын. Егер жастар өздерінің көңілдері қалап, қаламыз деп шешсе, есігіміз де, штатымыз да ашық. Олардың оқулары аяқталғанға дейінгі жататын орындары мен еңбекақсын Шымкент әкімдігінің өзі шешіп берді. Ал, жалпы айтар болсақ, 52 штаттық бірлік ашылды. Әртістердің жалақысы көбейді. Қазір шығармашылық ұжымда 55 актер қызмет етіп жатыр. Жалпы қызметкер саны – 88.
– Еркін аға, уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Сезім МЕРГЕНБАЙ