Орталыққа – он жыл

Қысқаша

Орталыққа – он жыл

Халық тәрбиесі – ғасырлар бойы сараланып, ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста дамып ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан елдің мәдени мұрасы. Бүгінде өткеннің бай рухани мұрасын өн бойына дарытқан озық өнегелі дәстүрсіз, ұрпақтар сабақтастығынсыз тарихи процесті елестету мүмкін емес. Ал бабадан мирас болған ұлттық құндылықтарымызды қорғай отырып, ұрпақ бойына сіңіру өткеннің бүгіннің алдындағы, бүгіннің ертеңнің алдындағы адами парызы.

image.png

Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып жиі дәріптеліп отырғаны абзал екенін ата-баба мұрасының маңызын терең түсіне алған әрбір азамат құптары сөзсіз.  Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Хакім Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегенін білесіздер. Ұлы Абайдың бұл сөзі ұлт ұстанымына айналды. Біз ұлттық мәдениетті дамытуымыз керек. Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз. Жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты», –  деген еді. 

Мұны неге сөз етіп отырмыз? Биыл Шымкент қаласының қақ төрінде 2014 жылдың желтоқсан айында бой көтерген Салт-дәстүр орталығына 10 жыл толып отыр. Осы атаулы күнге орай орталықтың мерейтойы  Көрме орталығында аталып өтті. «Дархан дала дәстүрі мен ойындары» тақырыбымен өткен этнофестивальге көрші қырғыз елінен, Түркістан, Қызылорда облыстарынан өнерлерін арқалаған, шашуын шашқан өнерпаздар келді. Атаулы жиынды қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің  құттықтауын жеткізді. «Атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттың рухани дүниесіне, жауһарларына көңіл бөле бастадық. Салт-дәстүрлер – қазақ халқы мәдениетінің терең тамыры мен рухани байлығының ажырамас бөлігі екенін ұғынып, барынша насихаттап, ұлықтауға үлесін қосып жүрген бірегей орталықты бүгінгі мерейтойымен құттықтаймын. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалған дәстүр сабақтастығын жалғап келе жатқан ерекше орталық алдағы уақытта да еліміз үшін, келешек ұрпақ үшін қажымай еңбек ете берсін», –  деді қала әкімінің орынбасары. 

Орталықтың негізгі атқаратын қызметі жоғарыдай айтып өткен – қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жөн-жоралғысын насихаттау, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, халықтың бойында ұлттық кодты қайта жаңғырту болып табылады.

Ал мұндай мекеме елімізде тек Шымкентте ғана бар. Бұл ретте салт-дәстүр орталығының қазақи болмысымызды сақтап қалудағы пайдасы көл-көсір. Әсіресе жаһандану дәуірінде өмір сүріп, түрлі идеологиялық қақтығыстар ортасында өсіп келе жатқан жастар үшін орталықтың берер пайдасы мол.