Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек.
Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», – деп еңбек пен еңбек адамының мемлекет үшін мызғымас маңызына ерекше тоқталып өткен болатын.
Осы аталған басымдықты іске асыру мақсатында Үкіметтің қаулысымен «Қоғамда еңбек құндылығы идеологиясын ілгерілетудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілген еді. Содан бастап бүгінге дейін қоғамымыздың барлық салалаларында тиісті іс-шаралар атқарылып жатыр. Одан бөлек, аталған іс-шаралар жоспары аясында, қыркүйектің соңғы жексенбісі – «Еңбек күні» болып бекітілген болатын. Осыған орай Шымкент қаласында да біршама шаруалар атқарылды. Биыл Еңбек күні мерекесінде әртүрлі салада қызмет етіп жүрген үздік мамандарға мемлекет деңгейінде құрмет көрсетілді.
Еңбек күнін атап өтудегі негізгі мақсат –өнімді еңбек ету ықпалын күшейту. Осыған орай Шымкентте Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен «Еңбек күні» мерекесі аясында «Адал еңбек – адам көркі» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Арбат алаңында өткен жәрмеңкеге қала аумағындағы мемлекеттік және жекеменшік 100-ден астам жұмыс берушіден 4 534 бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде 2764 орын тұрақты, 1 770 орын «Жастар практикасы» бағдарламасына арналған. Аталған іс-шара барысында қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қатысып, өндіріс орындары мен білім беру салаларындағы еңбек озаттарын марапаттады. Ал Еңбек мобильділігі орталығының мамандары http://xn--nbek-u4d.kz/ электрондық порталы ұсынған жұмыс орындарын халыққа таныстырды.
Айта кетейік, биыл Шымкентте 30 207 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып, осыған дейін 23 691 адам қатысты. Жоспар 78,4% орындалды. Атап айтқанда 2 426 адам http://xn--nbek-u4d.kz/ порталы талап етілген дағдыға онлайн оқыса, 3 228 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік білімін жетілдіріп, 428 адамға комиссияның шешімімен қайтарымсыз грант бекітілді. Субсидияланатын жұмыс орындарына 6 639 адам жолданса, қаладағы тұрақты бос жұмыс орындарына 10 970 адам орналастырылды.
Жәрмеңке арқылы 335 адам тұрақты жұмыс орнына, 106 жас «Жастар практикасы» бағдарламасымен жолдама алса, 139 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды. Одан бөлек, 65 тұрғынға қайтарымсыз грант беріліп, 18 адам өңіраралық көші-қон жөнінде мамандардан кеңес алды.
Мемлекет басшысының жоғарыда аталған Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекеттің басты міндеті екені айтылған болатын. Ендеше, мемлекет өз міндеттерін мүлтіксіз орындау үшін, азаматтардың өз мамандығын жетік меңгеруімен қатар, екі қолды бос қоймауы да маңызды рөл ойнайды.