Ұстаздың еңбегі елеусіз қалмады

Қысқаша

Ұстаздың еңбегі елеусіз қалмады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамдарының қоғам үшін қаншалықты маңызды екеніне ерекше мән беріп келеді. «Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Әсіресе, ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыра түсуіміз қажет. Олар еліміздегі ең сыйлы азаматтарға айналуы керек. Осы кәсіп иелері тиісті құрмет пен сыйға ие болғанда ғана, қоғамымыз шынымен жаңарды деп айта аламыз», – деген болатын Президент.

image.png

Расында да, әр мамандықтың қиындығымен қатар адал еңбегі бағаланып, құрметке ие болуы маңызды. Мамандық таңдаудан жаңылыспау, таңдаған мамандығыңды, жасаған жұмысыңды шын ниетпен, беріліп жасау, мақсат пен міндет қойып, діттеген нәтижеге қол жеткізуді көздеу ерекше мәнге ие. Мемлекет басшысы айтқандай, еңбек адамының ерен еңбегі мен әрбір жетістігі елеусіз қалмауы тиіс. Әр үздік нәтиже мен қиын жұмыстың астарында бір адамның үздіксіз қызметі мен маңдай тері жатыр. Еңбек адамы – әлеуметтік құрылымдардың ең маңызды бөлшегі. Қай сала болмасын жасампаз тұлғалардың еңбекқорлығының арқасында өрлеу мен өркендеу салтанат құрады. Міне, осындай еңбек адамы белгілі бір мекемені ғана емес, елдің дамуына орасан үлес қоспақ. 

Әрине елімізде маңдай тері мен білген-түйгенін өз сүйген ісінің жолына сарп етіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – шымкенттік ұстаз Хатира Мырзабаева өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде 30 жылдан бері талмай еңбек етіп келеді. Бүгінде «Нұртас» зияткерлік мектебінде бастауыш сыныптар бойынша директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып отырған Хатира Ноғайбекқызы ұзақ жылдық тәжірибесіне сүйеніп, оқушыға білімнен бұрын тәрбие маңызды екенін алға тартты.

– Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген  білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген қанатты сөзі бар. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, тірегін қалыптастыру дегені. Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен саналы тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына. Әрине, біз қашанда бастауыш сынып бүлдіршіндеріне білім беруді парыз деп санасақ та, тәрбие ісін жан-жақты жетілдіріп отыру негізгі міндетіміз. Өйткені, білім мен тәрбиенің үйлесімі ғана егемен еліміздің дамуына үлес қосатын жас өрендерді өсіреді, – дейді Х.Мырзабаева. 

Хатира Ноғайбекқызының өнегелі еңбек жолы өзге әріптестеріне үлгі. Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерді білім нәрімен сусындатар ұстаздарға жетекшілік етіп, оларға бағыт берудегі еңбегі елеусіз қалмады. Шымкент қаласында жақында ғана аталып өткен Еңбек күні мерекесінде Хатира Ноғайбекқызы озаттар қатарынан көрініп, қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Әр адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Бұл орайда Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет», деген сөзі ойға оралады. Бар ғұмырын, ұрпақ тәрбиесіне арнаған еңбек адамы қашанда мақтанышымызға айнала бермек.