Тазалық – ішкі мәдениеттің көрінісі

Қысқаша

Тазалық – ішкі мәдениеттің көрінісі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Шымкент тұрғындары белсене қатысуда. 

image.png

Өткен аптада мегаполисте Дүниежүзілік тазалық күнінде Шымкент қаласы Тұран ауданына қарасты Құрсай шағын ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды. 

Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша,  тазалық шарасына қала тұрғындары, ерікті жастар және «Жасыл ел» жасағының мүшелері қатысты. Олар А 2 айналма жолының бойын тазалап, аумақты ретке келтірді. Тазалық іс-шарасына қатысушылар Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы еліміздің экологиялық мәдениетін көтеруге, табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғауға оң ықпал ететінін айтып, барша азаматтарды осынау игілікті іске белсенді түрде атсалысуға шақырады. 

– Тазалық кісінің ішкі мәдениетінің, адамгершілігінің көрінісі деуге болады. Біз өзіміздің, өз үйіміздің ғана емес, тұрып жатқан жеріміздің, қаламыздың, туған жеріміздің таза болуына да баса мән беруге дағдылануымыз керек. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған «Таза Қазақстан» бағдарламасына жастардың белсенді түрде қатысып жатқанын көріп қуанып отырмын, – дейді Тұран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Сатыбалды. 

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық іс-шаралары бір күнмен шектелмей, бүкіл қаламыз бойынша тұрақты түрде жалғасып келеді. Мысалы, республикалық экологиялық бағдарлама аясындағы іс-шаралар Шымкент қаласы Еңбекші ауданында да жалғасын тапты.  Атап айтқанда, «Орманшы» тұрғын алабында шағын «Таза жағалау» атты іс-шара ұйымдастырылды. Шымкент қаласының белсенді жастары, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының мүшелері мен тұрғындар шағын аудан аумағындағы аулаларды тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстан тазартып, қоршау, орындықтарды сырлап шықты. Аталған іс-шарадан кейін аулалардың өңі өзгеріп, айнала мұнтаздай таза болып шыға келді. 

– Елімізде тыныштық пен тұрақтылық сақталып, халқымыздың әл-ауқаты да жақсарып келеді. Ендігі жерде біздің қоғамның экологиялық мәдениеті де өсуі тиіс. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы, міне, осы мақсатты көздейді. Сол себепті өзімнің сүйікті қаламды таза ұстауға атсалысу – азаматтық борышым деп білемін, – дейді Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зұлпыхар Жәйшібеков. 

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеріп, жас ұрпақты қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйретуді көздейді.