Сапалы инфрақұрылым жүйесін құруды Президент осыдан екі жыл бұрын тапсырған болатын. Осыған байланысты елімізде «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты іске асырылды. Коммуналдық саланы қайта жаңғырту басталды.
Халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы: «Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажет. Бұл жұмыс, ең алдымен, энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында жүргізілуге тиіс. Қазір энергия өндіретін жаңа нысандар салу үшін берілетін несие шарттарын қолайлы деп айта алмаймыз. Сондықтан Үкімет қаржы институттары арқылы ұзақ мерзімге арналған қолжетімді несие беру жолдарын ойластыруға тиіс. Мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керек. Бұл – осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Алайда тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол беруге болмайды. Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керек. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе. Келесі жылдан бастап нақты ережелер енгізілуге тиіс. «Көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидатын басшылыққа алу қажет. Алайда тұтынушылар жеке монополистердің шырмауында жалғыз қалмауға тиіс»,– деп атап өткен болатын.
Жуырда Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті және «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Шымкент өндірістік филиалы газ тасымалдау және сату қызметтерінің инвестициялық бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысу үшін баспасөз турын өткізді. 2021-2025 жылдарға арналған бес жылдық инвестициялық бағдарлама, жалпы сомасы 4 000 708 мың теңгені құрайды. Қаржыландыру негізінен меншікті қаражат, яғни тарифтегі пайда және амортизация арқылы жүзеге асырылады. 2023 жылы бағдарламаның іске асырылуына 1 434 159,36 мың теңге бөлінген. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі мынадай жобаларды қамтиды: Түркістан облысында, Шымкент қаласында өнеркәсіптік және коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар мен көпқабатты үйлерді газбен жабдықтау үшін газ құбырларын салу. Бұл жобаның жалпы сомасы 1 204 029,23 мың теңгені құрайды, өткен жылы басталған және қазір аяқталу сатысында. Түркістан облысындағы 10 газ құбырын ауыстыру жұмыстарына 228 840,13 мың теңге жұмсалды, жұмыстар толық аяқталды және объектілер пайдалануға қабылданды. Бұл бастамалар Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы газ инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған және жергілікті тұрғындардың газбен қамтамасыз етілуін арттыруға мүмкіндік береді.
Осы жерде айта кетері, үшінші мегаполистің қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы газ техникалық инспекция бөлімінің қызметкерлері және басқа да ұйымдардың қатысуымен қала тұрғындарына газбен байланысты қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жыл басынан бері үгіт-насихат жұмыстары аясында 42 көшпелі жиын, 54 мақала мен брифинг, 19 дөңгелек үстел және 53 500 дана жадынама таратылды. Бұл ақпарат БАҚ және әлеуметтік желілерде тұрақты жариялануда.