Қоқыс мегаполистердің ең басты проблемаларының бірі саналады. Өркениетті елдерде күн сайын тонна-тонна тұрмыстық қалдықтар өңделіп, қайта кәдеге жаратылады. Осы тәсіл Шымкентте де қолға алынған. Уақтысында Шымкентте тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорынды өзіміздің жеке кәсіпкерлер де, шетелдік инвесторлар да салмақ болған. Бірақ сол жобалардың қаншалықты сәтті шыққанынан көпшілік хабарсыз.
Шымкентте қоқыс өңдеу мәселесіне байланысты тың жоба қолға алынып жатыр. Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қытайлық «Shaanxi Construction Engineering» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде шетелдік инвесторлар Шымкент қаласында электр энергиясын өндіруге арналған ірі қоқыс өңдеу кешенін салу жобасын жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.
Естеріңізде болса, биыл қала әкімі бастаған делегация аспан асты елінің Сиань қаласына барып, бірқатар келісімдер жасап келді. Шымкент пен Сиань қалалары арасындағы бауырлас қатынастар аясында жасалған сапар барысында делегация Сианьдағы қоқыс өңдеу кәсіпорнының жұмысымен танысқан болатын. Осындай зауытты Шымкентте де салу жөнінде уағдаластық да жасалған. Жоғарыдағы кездесу осы келісімнің аясында іске асып отыр.
Шымкентте қоқыс өңдейтін зауыттың құны 150 миллион АҚШ долларын құрайды. Мұндай кешен әзірге елімізде салынбаған. Оның басты ерекшелігі – зауытта қоқыстарды жағу арқылы энергия өндіріледі, түтін газдарын тазарту және шлактардан құрылыс материалдарын өндіру сияқты функцияларды жүзеге асырады. Жоба іске асқан жағдайда жылына 365 мың тонна тұрмыстық қалдықтар қайта өңделеді. Ал электр қуатының жылдық өндіріс көлемі шамамен 147 миллион кВт/сағатты құрайды. Сонымен бірге жоба мегаполистің экологиялық жағдайын жақсартып, қала бюджетіне қосымша түсім әкелуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Кездесу барысында қала әкімі кәсіпкерлерге қаламызға қызығушылық танытқандары үшін алғыс білдіріп, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүзеге асырылып жатқан жобалары және инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайлар туралы ақпарат берді.
«Shaanxi Construction Engineering» компаниясы Қытайда мұндай жобаларды жүзеге асыру бойынша тәжірибесі бар және қазіргі таңда қалдықтардан электр энергиясын өндіруге мамандануда. Кездесу соңында Ғабит Сыздықбеков әріптестеріне инвесторлардың ұсынысын мұқият қарастырып, жобаны жүзеге асыру үшін «Жол картасын» әзірлеуді тапсырды.