Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда халыққа арнаған жол құрылысына қатысты мәселеге арнайы тоқталды: "Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған", - деп атап өткен Президент:
- Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек,--деді.
Биыл Шымкент қаласында жол жөндеу жұмыстарына басымдық берілгені бұған дейін де айтылған. Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков осы салада атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Қала басшысы «Тассай» шағынауданындағы асфальт жамылғысының сапасын тексерді. Әкім мердігер мекеме мен аудан әкімдігіне анықталған кемшіліктерді жоюды және санитарлық жағдайды реттеуді тапсырды. Сондай-ақ, келесі жылға жергілікті маңызы бар көшелерді жөндеу жұмыстарын жоспарға қосу қажеттігін тапсырды.
Сонымен бірге, А-2 автомобиль жолын реконструкциядан өткізу барысын да тексеріп, сала басшылары мен мердігерлерге жұмыстың сапасын бақылауды күшейту және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Осы жерде айта кетері, бүгінгі таңда мегаполистің Әл-Фараби ауданында тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру, сапалы жол салу және аудандық маңызы бар ішкі орамдық көшелерді де қамту мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
Шымкент қалаклық әкімдігінің хабарлауынша, аудандағы 38 көшеге (13 шақырым) асфальт, 58 ішкі орам көшелері мен көпқабатты тұрғын үй аулаларына аяқ жол және 20 көшеге ирригациялық жүйелер салынады. 427 көпқабатты тұрғын үй аулаларындағы асфальт жолдары ретке келтіріліп, ағымдағы жөндеу жүргізілмек.
Қазір қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан биыл 38 көшеге асфальт жол төсеу жұмыстарын жүргізу жұмыстары басталып кетті. Атап айтар болсақ, Ескі қала ш/а және Сәуле ш/а 276 орамдағы ішкі көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.