Жасыратыны жоқ дүниежүзінде ерекше ауруға шалдыққан бүлдіршіндердің саны күннен-күнге көбейіп келеді. Сәйкесінше мұндай ерекше балалар Қазақстанда да аз емес.
Қоғамдығы орны айрықша ереше балалар өзін еркін, әрі қауіпсіз сезіне алуы қажет. Сол себепті де, оларға қолайлы орта қалыптастырып, медициналық көмек, инклюзивті білім беру, алаңсыз ойнауы үшін арнайы орталықтар мен алаңшалар салудың маңызы зор. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ерекше қажеттігі бар балаларға тиісінше деңгейде қолдау көрсетіліп жатыр деуге болады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мүмкіндігі шектеулі балалар санының артып бара жатқанын, оларға қызмет көрсететін мамандандырылған ұйымдардың жұмысына қатысты нормалардың ескіргенін айтқан болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар балалар үшін білімнің қолжетімді және инклюзивті болуы, оларға тиісті жағдайдың барлығы жасалуы қажеттігін, соның ішінде арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаудың аясын кеңейтуді нықтап тапсырды.
Президент тапсырмасына сәйкес, Шымкентте «Аялы алақан» №5 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында демеушілердің есебінен ерекше балаларға арналған ойын алаңшасы қайта жаңғырып, жақында қолданысқа берілді. Одан бөлек, осындай қуанышты күнге орай, орталық ауласында қаламыздағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан қызмет алатын мүгедектігі бар азаматтардың қолымен жасалған қолөнер бұйымдарынан көрме жасақталды.
Айта кетейік, «Аялы алақан» №5 әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қазір 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауруына шалдыққан 118 бала жартылай стационарда қызмет алып жатыр. Мекеме алдындағы ерекше балаларға арналған ойын алаңшасы қала әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, жөнделіп, шатыр жабылды. Ерекше балалардың арманын орындаған демеуші – «Югстройсервис-Н» ЖШС-ы директоры Арман Бекенов. Ойын алаңшасының ашылу салтанатына қатысқан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева жомарт жанға алғыс айтып, ризашылығын білдірді. «Орталықта қызмет алып отырған әр ерекше баланың бойындағы кішкентай оң өзгеріс – біз үшін үлкен жеңіс. Балаларымыздың орталық ауласында алаңсыз балалық шағын өткізуіне қамқорлық жасаған Арман Данабекұлына рақмет айтамыз. Тәуелсіз еліміздің өркендеп, кемелденуі жолындағы атқарған қайырлы істері, осындай ерекше күтімді қажет ететін балаларға жасаған қамқорлығына мың алғыс», – деді басқарма басшысы.
Салтанатты іс-шарада қаладағы мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, күмбірлеген күйімен балаларға мерекелік қуаныш сыйлады. Балғындарға анимациялық кейіпкерлер түрлі ойындар ұйымдастырып, мерекенің шырайын ашты. Мұнан кейін орталықтан қызмет алушы ерекше балалар «Sofiya Sweet» тәттілер орталығы жайған дастарханнан дәм татты.
Сөз соңында айта кетейік, қоғам мүшелеріне ерекше балаларды аямай, мүсіркемей, келемеждемей қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қарауды үйрену керек. Себебі, бүгінде оларды жәрдемақыға ғана күн көре алатын, үнемі сыртқы ортаның жәрдеміне мұқтаж адам ретінде қарайтындар көп. Негізінде олай емес. Олар қоғамға емес, қоғам оларға қарай бейімделуі керек. «Бала тағдыры – ел тағдыры». Сәбидің өмірге келген сәтінен бастап, тәлім-тәрбиені бойына сіңіріп, ерекше балаларды әлеуметтік өмірге ерте бастан дайындау маңызды.