7 нысан Шымкенттің меншігіне қайтарылады

Қысқаша

7 нысан Шымкенттің меншігіне қайтарылады

Шымкентте соңғы жылдары қаланың көркін ашатын нысандар көбейіп келеді. Сәулеті ерекше ғимараттар, тұрғындар демалатын саябақтар мен гүлзарлар бой көтеруде. Мұндай оң өзгерістер алдағы уақытта да жалғаса береді.    

image.png

Жуырда үшінші мегеполис басшысы Ғабит Сыздықбеков шаһарды аралау барысында  «Tulip Hall» аумағындағы «Шымкент Сити» саябағының жалғасын салу жұмысын да тексерді. Жоспар бойынша қала тұрғындарының сүйікті  демалыс орнына айналғалы тұрған нысан биыл пайдалануға берілуі тиіс. Нысан аумағында алаң мен әуенді субұрқақ салынып, биіктігі 100 метр қаладағы ең үлкен ту тұғыры орнатылады. Бұл Мемлекеттік ту қаланың әр нүктесінен көрінетін болады. Ғабит Сыздықбеков тиісті сала басшыларына нысанды көгалдандыру мен абаттандыруға ерекше назар аударуды жүктеді.

Қала әкімінің сапары одан әрі №5 «Аялы алақан» арнайы қызмет көрсету орталығында жалғасты. Бұл жерде де шаһар басшысы балалар алаңын салу және аумақты абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар Абай ауданында Темірлан тас жолы бойындағы саябақ құрылысы мен «Жаңаталап» тұрғын алабындағы жаңа көпірдің құрылысын барып көрді. Мамандарға барлық жұмыстар сапалы әрі уақытылы аяқталуы қажет екенін ескертті. 

Жалпы Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында тұрғындармен тілдесіп, олардың талап-тілектеріне құлақ асуды үрдіске айналдырған. Бұл жолы әкім Әл-Фараби ауданында қаланың тұрмыс-тіршілігіне бей-жай қарамайтын қоғам белсендісі Михаил Жуковтың отбасында болды. Белсендінің азаматтық ұстанымы үшін алғысын білдірдіп, естелік сыйлық табыстады. Сондай-ақ Қамал көшесінің тұрғындарымен кездесіп, жаңа саябақ құрылысы және басқа да бірқатар өзекті мәселелерді сөз етті. Аралау соңында қала әкімі Әйтеке би көшесіндегі сауда нүктелерінің бірыңғай дизайн кодына сай қасбеттерін ретке келтіру барысын бақылап, Қалдаяқов, Жангелдин, Түркістан көшелерінің, Қонаев даңғылының санитарлық жағдайын тексерді. Кезекті аралауды саралаған қала басшысы аудан әкімдері мен жауапты мамандарға жаяу жүргіншілер жолдарын көгалдандыру және абаттандыру жұмысын ерекше бақылауға алу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Осы сапар барысында Ғабит Сыздықбеков Абай ауданындағы А-2 айналма жолының бесінші кезеңін және Өтегенов көшесінің жалғасын салу жұмысымен де танысты. Әкім мегаполистегі көлік кептелісін азайту мақсатында жүргізіліп жатқан жол құрылысын екі ауысымда ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін А-2 жолы бойындағы аумақты абаттандыру, бағдаршам және жол белгілерін орнату бойынша бірқатар міндеттер қойылды.

Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, мегаполис аумағында тозығы жеткен мәдени клубтар бұзылып, жаңа нысандар салынуда. Атап айтсақ, Абай ауданы Көкбұлақ тұрғын алабындағы «Көкбұлақ клубы», Қаратау ауданы Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы «Қайнарбұлақ клубы», Еңбекші ауданы Базарқақпа тұрғын алабындағы «Қаратөбе клубы», Қаратау ауданы Өтеміс тұрғын алабындағы «Өтеміс клубы» заманауи үлгіде бой көтерді. Сонымен бірге мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында 5 мәдениет үйі және 5 клуб ғимараты штатымен қоса аудан әкімдіктерінің теңгеріміне өткізілуде.

Сондай-ақ, биыл Тоғыс тұрғын алабында орналасқан 350 орындық «Қазығұрт» мәдениет үйі жекеменшіктен мемлекет меншігіне ақысыз негізде берілді. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Ал жуырда пайдалануға берілген жаңа Конгресс холл ғимаратына «Шымкент концерт» ұйымы (филармония) орналасты.

Осы жерде айта кетері, алты жыл бұрын Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Алайда мегаполистегі біраз нысандар Түркістан облысының иелігінде. «Осыған орай қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасы бойынша мемлекеттік активтерді пайдалану тиімділігін арттыру және жергілікті бюджеттен ғимараттарды жалға беру құнын оңтайландыру мақсатында Түркістан облысының әкімімен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бірқатар нысандарды коммуналдық меншікке өткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Екі жақты арнайы Жол картасы әзірленіп, қазіргі таңда бірінші кезең бойынша 7 нысанды мегаполистің коммуналдық меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр»,– деп хабарлады қалалық әкімдік. Оның ішінде, Республика даңғылы 41/8-дегі білім басқармасының ғимараты, Әл-Фараби алаңындағы кітапхана, үш тілде оқытатын 500 орындық Маржан Тасова атындағы №12 мамандандырылған мектеп-интернаты  және Абай ауданындағы темір жол желісі бойынша шешімдер қабылданған. Ал, Тәуке хан даңғылы, 6-шы үйдегі әкімшілік ғимаратын, Қазыбек би көшесі, 9-үйдегі Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ғимаратын қаланың меншігіне өткізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Келесі жылы Орталық саябақта орналасқан «Қоғамдық келісім» мекемесінің ғимараты қала балансына беріледі. Жергілікті мекемелерді өз ғимараттарымен қамтамасыз ету қала бюджетіне түсетін шығынды азайтып, үнемделген қаржы қаланы дамытуға жұмсалады.