Қазақстан халқына Жолдауында Президент әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет екенін, сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатқанын айтқан болатын.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек табысы аз азаматтарға кешенді көмек көрсетуді көздейді. Мұндай көмек аз қамтылған отбасыларға ақшалай төлем негізінде жүзеге асырылады. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. Әлеуметтік қолдау бағытында Шымкент қаласында да бірқатар жұмыстар атқарылған болатын. Алайда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ж.Өтебаеваның айтуынша, жұмыс істеуден бас тартқандарға аталған әлеуметтік көмек көрсетілмейді екен.
– АӘК-ке өтінім берген отбасылар арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады. Отбасындағы жұмысқа жарамды азаматтарға жұмыспен қамту шаралары, яғни оқытуға, субсидияланатын жұмыс орындарына, грант беруге және тұрақты жұмыс орындарына жолдама беріледі. Жұмыстан бас тартқан отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды, – деді басқарма басшысы.
Биыл 7 айдың қорытындысымен 7 797 отбасындағы 40 419 адамға атаулы әлеуметтік төлем жасалды. Қаладағы халықты жұмыспен қамту шараларының нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29,7 пайызға азайып отыр. Мәселен, 2023 жылдың 7 айында 11 089 отбасындағы 56 199 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған болатын. Атаулы әлеуметтік көмектің тағы бірі – алты жасқа дейінгі балаларға 1,5 айлық есептік көрсеткіш (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем төленеді. Ал, 1-6 жас аралығындағы балаларға 1,5 АЕК көлеміндегі (5 538 теңге) көмек есепті кезеңде 6900 отбасындағы 13 494 бала үшін төленіп жатыр. Көмектің бұл түрін алушы отбасы саны да кеміген. Яғни, 2023 жылы 9 782 отбасындағы 18 608 балаға төленіп, осы жылмен салыстырғанда 27,5 пайызға төмендеген.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 11 411 азамат жұмысқа жарамды болса, 6 716 азаматтың жұмысы бар. АӘК-ке өтініш берген отбасылардан жұмысқа жарамды 279 тұрғын нәтижелі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Атап айтқанда, 190 адам тұрақты жұмыс орындарына, 41-і қоғамдық жұмыстарға, 8 адам жастар практикасына, 16 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды және 24 адамның кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетілді.
Айта кетейік, атаулы әлеуметтік көмектің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.