Серіктестік студенттерге жатақхана салып берді

Қысқаша

Серіктестік студенттерге жатақхана салып берді

Мемлекет басшысы «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орнату тәсілін барынша енгізу керек», – деген болатын. 

Screenshot_24.jpg

Осы орайда «SUNRISE CY» ЖШС-ы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылдың 5 наурызында үш жақты Білім және ғылым министрлігі, Қаржы орталығы АҚ арасында түзілген келісімшарт негізінде, білім алушыларды жатақханамен қамту мақсатында 550 орынға лайықталған жаңа студенттер үйі есігін айқара ашты.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері жаңа оқу жылында соңғы үлгідегі жатақханаға орналасты. Жатақхананың ашылуына университеттің профессор-оқытушылар құрамы, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері және студент-жастар қатысты. Игі бастамада сөз алған ардагер Жеңісбай Сұлтанов, Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев жас ұрпаққа ізгі ниетін білдіріп, студенттер үйінің ашылуымен құттықтап, жаңа ғимараттың лентасын салтанатты түрде қиды.

Бұл жатақхананың ерекшелігі – қонақ үй үлгісінде салынған, бір бөлмеде 2-3 студенттен тұрады. Әр бөлме тұрмыстық техника, жиһаздармен жабдықталып, жуынатын бөлме, әжетхана қарастырылған. Студенттерге арналған  оқу залы, демалыс аймағында  кинотеатр  және  тағы  басқа да қажетті заттар бар. Ең маңыздысы жатақхана оқу орнына өте жақын орналасқан. Тек студенттер ғана емес, жатақхана магистранттар және докторанттарға да арналған.  Бұл туралы университеттің Басқарма төрағасы – ректор міндетін уақытша атқарушы Қайрат Нұрманбетов салтанатты шарадағы өз сөзінде де айтып өтті. 

– Жаңа жатақханамыз қонақ үй үлгісінде бой көтерді. Заман сұранысына сай ғимараттың әр бөлмесінде жуынатын орындар қарастырылған. Сонымен қатар білім алушылар үшін арнайы жиһаздар мен ауа баптағыш (кондиционер) орнатылған. Жаңа білімгерлер үйінде студенттеріміз бос уақытын тиімді өткізетін болады. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Тағы бір ерекшелігі ғимарат жоғары оқу орнына жақын, небәрі 100 метр ара қашықтықта орналасқан. Студенттердің сабаққа барып келуіне өте қолайлы. Жалпы, биылғы оқу жылында студенттерден 2565 өтінім түсіп, олардың барлығы жатақханамен толық қамтылды. Сондай-ақ университетімізде жатақхана бойынша ешқандай қиындық туындамайды, – деді Қ.Нұрманбетов.

Серіктестік директоры Бексұлтан Қуанышбекұлының айтуынша, жобаға 1,7 млрд теңге қаржы жұмсалған. «Алты және төрт қабатты жатақханада білім алушыларға барлық жағдай жасалған. Әр қабатта заманауи жабдықталған асхана және кір жуатын бөлмелер бар», – деп атап өтті Бексұлтан Қуанышбекұлы.

Айта кетейік, М.Әуезов атындағы университетте білім алушыларға арналған 8 жатақхана болса, жаңа Студенттік үй мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға берілген төртінші жатақхана болып саналады. Сондай-ақ университетке қарасты студенттік жатақханалар жаңа оқу жылына дайын. Барлық білімгерлер үйі интернет желісіне қосылған және компьютерлік сыныптар мен кітапханалар қарқынды жұмыс істеуде. Студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында барлық жатақхананың акт залында түрлі бағытта танымдық іс-шаралар, мерекелік кештер, дөңгелек үстелдер, зиялы қауым және қоғам қайраткерлерімен кездесулер, түрлі байқаулар мен спорттық шаралар үздіксіз ұйымдастырылады.