«Қағидамыз - әділдік»

Қысқаша

«Қағидамыз - әділдік»

Президент әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан мен  Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин бастаған жұмыс тобы Шымкент қаласына іссапармен келді. Бұл туралы Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.  

image.png

Қонақтар алдымен Шымкент қаласының «Достық үйінде» қалалық этномәдени бірлестіктер мен этнос көшбасшыларымен кездесіп, «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Жиынды қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова жүргізді. Сапар аясында елордадан келген қонақтар Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының 33 сесиясы мен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында айтылған тұжырымдар мен берілген тапсырмалардың барысын талқылады және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайын пысықтады. 

Сондай-ақ, Ғалымжан Махан Қазақстан халқы Ассамблеясының жалпы республикада жасалып жатқан істері үкімет назарында екендігін айты. Қоғамдық келісім мен жалпыұлтық бірлікті нығайту жолында сарапшылардың жұмыстарына тоқтап, алдағы жоспарлармен таныстырды.

– Қазір еліміздегі этностарды ұйыстырып отырған Ассамблея отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде дамып келеді. Былтыр Ақсақалдар кеңесі мен этномедиация институты құрылды.

Бұл бағыттағы жұмыстарға Президентіміздің өзі оң баға беріп, одан әрі жандандыруды тапсырды. Қазір елімізде этносаралық алауыздықтың алдын алу жұмыстары тиімді жүріп жатыр. Ассамблеяның басты миссиясы барлық этностарды қазақ халқының қасына ұйыстырып, бір шаңырақ астына жинау. Қазақстан – бейбітшілікті ту еткен, 100-ден астам этнос өкілін бауырына басқан киелі мекен. Біз демократияға ден қойған құқықтық елміз. Бұл ретте еліміз 100-ден аса халықаралық конвенцияға, келісімге, декларацияға қол қойған. Яғни, қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды.  Бұл орайда, бүгінгі кездесудің бәріміз үшін маңызы жоғары деп есептеймін. Толеранттылық қағидасын ұстанып, біртұтастыққа сына қағушыларға иммунитет қалыптастыруымыз керек. Әрине бұл тұста Ассамблеяға артылар жүк ауыр. Сондықтан бұл институтты жан-жақты жаңғырту жұмыстары жалғаса бермек, — деді Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.

Сонымен қатар, қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов, корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Пан және басқа да ассамблея мүшелері Мемлекет басшысы айқындап берген жалпыға ортақ құндылықтарды халық арасында кеңінен насихаттау бойынша Шымкентте атқарылып жатқан кешенді шаралар туралы баяндап, «Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндерде көзіміз жетті» деген жүрекжарды сөздерін айтты.

Аталған жұмысшы тобы Шымкентте жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдырымен, мәслихат депутаттарымен де кездесті.

Шымкент қаласы әкімі аппаратында «Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен, мәслихатпен байланысын нығайту» тақырыбында жиын өтті.

Кездесуде Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік органдармен, мәслихаттармен өзара іс-қимылын күшейту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету, қоғамдағы сенім мәдениетін нығайту, қоғамның әлеуметтік кеселдеріне қарсы тұру мәселелері қаралды. 

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен өтетін жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды сапалы іске асыру мәселелері бойынша  Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан мен Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин сөз сөйледі.

Іс-шара барысында Ғалымжан Махан мемлекет үшін еліміздегі бейбітшілік пен келісім әрқашанда басты басымдықта болып қала беретінін, бұл ел дамуының және азаматтардың қауіпсіздігінің басты факторы екенін атап өтті. Сонымен қатар, этносына қарамастан азаматтардың құқықтық теңдігі – елдегі этносаралық тұрақтылықтың негізі, Қазақстан халқының бірлігін нығайту және қоғамда азаматтық бірегейлікті дамыту, ұлтаралық шиеленіс пен қақтығыстың алдын-алу жайына назар салды. 

Сонымен қатар, қоғамдық келісімді нығайту жолындағы бірлескен тиімді шаралар мен құқықтық мәселелер туралы қалалық мәслихат депутаты Мұратәлі Қалмұратов, Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев, Шымкент қаласы прокуратурасының өкілі Нариман  Базарбаев сөз сөйледі. 

Этносаралық қатынастарды нығайту мәселелері талқыланған жиында қоғамды ұлтараздық тудыру үшін от жағып, айдап салатындарға қатысты құқықтық тұрғыда қатаң шара қолдану бағытында ұсыныстар айтылды.