«Азаматтардың, халықтың барлық өтініш-тілектерін жедел түрде әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, барлығымзға ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаясси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.
Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында.
Мемлекет басшысының «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес» Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполисті аралап, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдауды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Жуырда Ғабит Сыздықбеков шаһарды кезекті рет аралап, білім нысандарының құрылысымен танысты. Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, бүгінде қалада Президенттің тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» салу қолға алынған. Ғабит Сыздықбеков Абай ауданында салынып жатқан осындай білім нысанының құрылысын аралап шықты. Қала басшысы құрылысты жүргізіп жатқан мердігер ұйым өкілдеріне жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Әкім одан әрі «Самал-3» шағынауданының тұрғындарымен кездесті. Шаһар басшысы тұрғындармен бірге орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылу, жолды асфальттау, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаяу жүргіншілер жолын бейімдеу және бағдаршам орнату сынды бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
Сонымен бірге, әкім Әл-Фараби ауданында да болып, ондағы Тәуке хан даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жөндеу жұмыстарымен де танысты. Өз кезегінде жауапты мамандарға барлық жұмысты сапалы орындап, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Қала әкімі Жібек Жолы мен Сайрам көшелерінің қиылысындағы саябақтың қазіргі санитарлық жағдайын да тексеріп, саябаққа қарсы беттегі жаңа қоғамдық орын салуға арналған жер телімін қарады. Бұл жөнінде Ғабит Сыздықбеков:
«Тұрғындарға арналған тағы бір демалыс орнын осы жылдың соңына дейін абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты салалық басқарма басшыларына қажетті жұмыстарды талқылау міндетін жүктедім»-деді.
Елімізде жыл сайын қыркүйектің алғашқы жексенбісі мұнай-газ саласы қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Осыған байланысты қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында Шымкент қаласындағы «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ өндірістік филиалын аралап, жұмыстарымен танысты. Кездесу барысында атаулы дата қарсаңында кәсіпорын ұжымын кәсіби мерекесімен құттықтады.
Одан әрі, Еңбекші ауданындағы Жасдаурен шағынауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар әкіммен бірге коммуникациялық желілерді тарту, саябақ, балалар мен спорт алаңын салу, көшелерді кеңейту және қоғамдық көлік маршруттарының бағытын өзгерту мәселелерін талқылады.
Бұдан бөлек, Алатау көшесінің тұрғындарымен де жүздесті. Азаматтар бақылау камераларын орнату, жарықтандыру және полицияның қосымша бекетін орналастыру, балалар ойын алаңы мен «Алатау» саябағына демалатын орын салу сынды өзекті мәселелерді көтерді.
Нәтижесінде, қала әкімі кезекті аралау қорытындысы бойынша сала басшыларына және аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда гүлзар мен балаларға арналған ойын және спорт алаңы құрылысын қарастырып, алдағы жылдың жұмыс жоспарына енгізу міндетін қойды.